Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі:
– Әрине, әр құрылтайдың өзіндік ерекшелігі бар. Қоғамда қордаланған мәселелер күн тәртібіне шығады, екінші, құрылтай мүшелерінің халықпен кездесуі, солардың ой-ұсынысы, аманаты деген бар. Әр саланың басшылары, тұлғалары өз ойларын ортаға салады. Меніңше бұл құрылтайда цифрландыру, технология мәселесіне басымдық беріледі деп ойлаймын.
Мен өз тарапымнан оқитын ұлт деңгейіне біз БАҚ-ты қалай жақындастыра аламыз, осы бағытта сөйлегім келеді. Мысалы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі газет шығарса, газет бүгінде құндылық ретінде әрі қарай жылжуы керек пе әлде өткен күннің дүниесі болып қалуы керек пе? Міне осындай ойым бар. Екінші, жалпы біз жаңа ішкі мазмұнды түзеу керек деп айттық. Мәселен, беріліп жатқан білім, беріліп жатқан тарихи дүниелерде қандай сабақтастық бар? Осы жағына мән беруіміз керек деп ойлаймын. Одан бөлек, ономастика мәселесіне қайта-қайта ораламыз. Осыған дейінгі құрылтайда да қозғалып, оңтайлы шешім шығарылды. Бірақ қордаланып қалған мәселелер бар. Адам пенде болғасын белгілі бір ауытқу болады, өзінің ағайын-туысын тықпалауы мүмкін, яғни менің аймағымның азаматы, менің танысым деген секілді. Президент бұл тұрғыда тарихи тұлғалар нақты болуы керек және орны бар азаматтар насихатталуы қажет деп айтты.
Ақпарат халыққа қалай жетуі керек, шынайы ақпараттың құны неде? Ақпарат қашан да құнын жоймайды. Оқыған ұлт деңгейіне көтерілу үшін осыған мән беруге тиіспіз. 2 ақпан – Ұлттық баспасөз күні келе жатыр. Сол күннің, басқа да атаулы күндер аясында біз халыққа қандай ақпаратты және құндылық ретінде қандай дүниелерді белгілей алдық, басымдығымыз не дегенге жауап береміз деп ойлаймын.
Одан кейінгі мәселе – жасанды интеллект заманындағы мәдениет және сауаттылық. Қазір көшірімпаздық секілді басқа әлемдік тенденциялар бар, осының бәрінің айырымын қазақстандық мазмұнда қалай жасай аламыз деген ойды ортаға салмақпын.






