Шындықты ту еткен тұлға

12

0

Биыл еңбек ардагері, қоғам қайраткері Шайхислам Серікбайұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Қызылорданың аға және орта буын өкілдері бұл есімді жақсы таниды. Замандастарының айтуынша, ол қандай жағдай болса да тайсалмайтын, шындықты ашық айтудан тартынбайтын еді. Лауазымы жоғары тұлғалардың алдында да ойын жасырмай, пікірін тікелей білдіретін. Осы мінезінен болар, кейбір шенеуніктер оның ортасынан қашқақтайтын.

Ш.Серікбайұлы теміржолшы ма­ман­ды­ғын облыстық «Путь Ленина» газе­тін­де атқарған журналистік қызме­тімен шебер ұштастырды, бірнеше кі­тап жазды. Құрметті теміржолшы, бел­гілі жазушы, журналист әрі қоғам қай­раткері ретінде тек облысқа ғана емес, одан тыс жерлерге де кеңінен та­ныл­ған тұлға.

Жуырда И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары кол­леджінде 100 жыл­дық мерейтойға арналған «Қоғам шын­ды­ғын қаламмен жазған қайрат­кер» атты әдеби-та­нымдық кеш өтті. Шараны №12 қа­лалық кітапхана мен политех­ника­лық колледж ұжымы бірлесіп ұйым­дастырды. Оған теміржол сала­сының ардагері Сисенбай Шермаханов, Қызылорда теміржол бөлімшесі арда­герлер кеңесінің төрағасы Марат Тай­жанов, облыс журналистикасының ар­дагерлері, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, Шайхислам Серік­байұлының туған-туыстары, әріп­тес­­тері, шәкірттері, сондай-ақ оқу ор­ны­ның ұстаздары мен студенттері қа­тысты.

Мерейтойлық кеш театрланды­рыл­ған қойылыммен басталды. Жиналған қа­уым алдында сөз сөйлегендер кітап ке­йіпкерінің еңбек жолы мен сала да­муына қосқан үлесі туралы айтып бер­ді.

Шайхислам Серікбайұлы 1926 жы­­­лы Қазалы ауданының Қожабақы ауы­лында шаруа отбасында дүниеге келген. Ол ел ішін аштық пен түрлі ауру жайлаған, ең алдымен балаларға зардабы тиген қиын уақыт еді. Сәбилер жұқпалы аурулар кесірінен шетінеп кететін.

Серікбайдың отбасында да алты баладан тек Шайхислам тірі қалды. Бірақ ата-анасы оны ерекшелеп ерке­летпейтін. Содан болар жастайынан ең­бекке араласып, бала кезінен жұмысқа бейімделді.

Ақсақал кейінгі жылдары аш-жа­ла­ңаш өткен балалық шағын, тұр­мыс­тың ауырлығын, білім ала алма­ғанын жиі еске алатын.

Ойын ойнап, алаңсыз жүруіне мүм­кіндік болмаған, әкесі ерте дүние­ден өткендіктен, ересектермен қатар еңбек еткен.

Кейін жас жігіт фабрика-зауыт учи­лищесін тәмамдап, кешкі мектепті Жа­ңақазалыда оқып бітірді. Паровоз депосында машинистің көмекшісі бо­лып еңбек жолын бастады.

Ол өзіне тәлімгер болған орта жас­тағы машинисті ерекше ықыласпен ес­ке алатын. Жас жұмысшыларға әке­лік қамқорлықпен қарайтын адам еді. Бірде паровоз жүк тиелген құрам­ға соғылудан бірер минут бұрын маши­нист депо ғимаратынан сыртқа шығып кеткен. Сол кездейсоқтық оның өмірін сақтап қалды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда ел­дегі ер-азаматтардың басым бөлігі май­данға аттанды. Ал тылда қарттар, әйел­дер мен балалар ғана қалды.

Балалар ерте есейді, зауыттар мен фабрикалардағы станоктардың басына тұрды, күн-түн демей еңбек етті. Әр адамның санасында «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деген ұран орнықты.

Майданға қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік қажет болды. Халық бар күш-жігерін аямай еңбек етті. Соғыс жыл­­дарының ауыртпалығы балалар­дың да тағдырына қатты әсер етті. Олар ерте есейіп, өмірге басқаша көз­қараспен қарай бастады.

Сол кезде адамдар бар нәрсені үнемдеуге мәжбүр болды. Тіпті азық-түлік те карточкамен берілді. Оның өзінде нан тек жұмыс іс­тейтін адам­дарға ғана тиесілі болатын. Әрине, бұл өсіп келе жатқан жас ағзаға жеткіліксіз еді. Бірақ соған қарамастан адамдар барға қанағат етуге мәжбүр болды.

– Мен үшін ең қымбат күн – 9 ма­мыр, – деп еске алатын Шайхислам Се­рікбайұлы. – Сол күні мен түнгі ауы­сымда жұмыс істеп жүрген едім. Радиодан фашистік Германияның тізе бүккені, соғыстың аяқталғаны туралы хабар берілді. Адамдардың қуаныштан «ура» деп айқайлап, бір-бірін құшақтап, көздеріне жас алған сәті әлі күнге дейін көз алдымда.

Соғыстан кейін ол Ташкент темір­жол техникумына түсіп, оқуын аяқта­ған соң туған жері Қазалыға оралды. Алайда теміржол саласында ұзақ жұ­мыс істей алмады. Комсомол жолда­масымен бірнеше жыл мемлекеттік қа­уіпсіздік органдарында қызмет ат­қарды.

Бала кезінен кітап оқуды жақсы кө­ретін. Қолына түскен газет пен кі­тапқа бар зейінін салатын. Бірте-бірте әдебиетпен айналысуды армандап, өзі де жазып көре бастады.

Ақыры С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журна­лис­тика факультетіне оқуға түсті. Елі­міздің басты оқу орнындағы танымал ғалымдар жас жігіттің тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті.

Университетті тәмамдаған соң об­лыстық «Путь Ленина» газетіне қыз­мет­ке шақырылды. Бес жыл бойы Арал және Қазалы аудандарында меншікті тілші болып жұмыс істеді.

Кейін қайтадан теміржол саласына оралып, Қызылорда бөлімшесінде кадр бөлімін басқарды. Дегенмен жур­на­листикадан қол үзген жоқ. Облыстық газетке ғана емес, «Правда» және «Гу­док» сияқты орталық басылымдарға да мақалаларын жариялап тұрды.

Шайхислам Серікбайұлының қала­мынан әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани мәселелерді көтерген мазмұнды материалдар туды.

Бала кезінен-ақ қазақтың батыр­лары, билері мен тарихта аты қалған тұлғалары туралы аңыз-әңгімелерді қы­зыға тыңдап, кітаптарды сүйіп оқы­ды. Кейін есейген шағында Жалаңтөс баһадүр, Әйтеке би, Ғани Мұратбаев, Сәбит Мұқанов және басқа да белгілі тұлғалар туралы бірнеше кітап жаз­ды. Бұл кітаптар қазақ және орыс тіл­дерінде жарық көріп, бүгінгі күнге де­­йін оқырман қызығушылығына ие бо­лып келеді.

Ақсақал әңгімешіл еді, туған өл­ке­нің тарихы мен бүгінгі тынысы ту­ралы, Сәбит Мұқановпен, ғарышкер Гер­ман Титовпен және басқа да та­ны­мал адамдармен кездесулері жайлы сағаттап әңгіме шертетін.

Әр адамның өзіне тән ерекшелігі болады. Шайхислам аға адам ешкімге немесе жағдайға тәуелді болмай, ру­хани тұрғыдан еркін болуы тиіс дей­тін. Сондықтан да қоғамдағы үлкен мә­селелерден ешқашан шет қалмайтын. Мәселен, «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты өзінің нақты пікірін білдіріп жүрді. Кез келген адамды, қажет болса, лауазымына қарамай сынға алатын.

Ақсақалдың басты арманы адамдар­дың өзара татулық пен келісімде өмір сүруі еді. Өмірге әрдайым оптимизммен қарады.Табиғатқа да, адамға да зиян келтірмеу ұстанымынан айнымады.

Шайхислам аға жұбайымен бірге үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бала­ла­рының барлығы әкесінің атына лайық азамат болып ержетті.

Бүгінде олардың бәрі зейнет де­малысында. Кенже ұлы Әділхан Шым­кент қалалық сотының төрағасы болып қызмет атқарады. Үлкен ұлы Асылхан Шайхислам­ұлының айтуынша, әкесі олардың жа­дында өзіне де, балаларына да талап­шыл адам ретінде сақталған.

– Әкеміздің көңіл-күйі болмаса, кө­зіне көрінбеуге тырысатынбыз, – деп еске алады ол. – Бірақ өте ұқыпты, та­залықты ерекше жақсы көретін адам еді. Әр жексенбі сайын мені және інімді алдымен шаштаразға, содан кейін мон­шаға алып баратын. Бүгінде біз өзіміз де ата-ана болдық, немерелеріміз өсіп келеді. Соған қарамастан әкемізді әлі де сағынамыз.

Шайхислам Серікбайұлының дү­ниеден өткеніне биыл 10 жыл толды. Оны еске алған адам­дар: «Ондай адам бүгінгі күні сирек кез­деседі» дейді. Халық жадында ең ал­дымен адалдықты қадірлеген, шын­дық­ты қорғап, оны батыл айтудан жас­қан­баған тұлға ре­тінде мәңгі сақ­талып қалды.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»