Сиыр етіне сұраныс неге артты?

276

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіретін етке кейінгі кезде сырт елден сұраныс артқан. Соның салдарынан сиыр етінің бағасы республиканың барлық өңірінде  қымбаттауда. Өнім кей жерде 4000 теңгеге шарықтапты. Бұл, әрине, қарапайым жұртшылықтың қалтасына әжептәуір салмақ. Бағаның құбылуына не себеп?  Сиыр етіне сұраныс неге артты? Осы сауал төңірегінде зерттеген едік.

Статистикалық дерек бойынша әр адам бір айда 6 келі сиыр, 2 келі жылқы мен 1 келі қой етін жейді. Ал кейінгі кезде тұтынушылар сиыр еті бағасының өскеніне қарамастан,  қалтасындағы соңғы тиынын сатушыға санап беруде. Тойып ет жемесе, көңілі тыншымайтын жұрт амал жоқ алатынын айтады. «Ет дегенде бет бар ма?» деп қып-қызыл ақша тұрса да, сатып алуға даяр. Әсіресе Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды мен Ақтөбе, Түркістанда баға ырық бермей тұр. Алматы мен Аста­нада көш бастап тұр. Ал біздің өңірде жағдай қандай?

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, жыл басынан бері сиыр етінің бағасы 7,1%-ға немесе келісі 2539 теңгеден 2718-ге көтерілген. Бұл республика бойынша 8,4%-ға артқанын білдіреді, яғни  2799 теңгеге жеткен.

Сиыр етінің қымбаттауы негізінен сыртқы сұраныстың артуынан орын алған. Сонымен қатар, өндіруші кә­сіпкерлер өнімін неғұрлым тиімді ба­ғаға өткізуге қызығушылық біл­діруде. Себебі, нарықтық экономика жағ­дайында мал азығы, жанар-жағар- май бағасы, өзге де шығындар әсер етуде. Оның үстіне алыпсатарлықпен айналысатындар делдалдық қызмет көрсетіп, екі ортада халықтың қалтасын қағуда. Облыста өткен жылмен салыс­тырғанда мүйізді ірі қара мал 250-280 мыңнан  400-450 мың теңгеге қымбаттаған. Ал баспақ 100-110 мың­нан 200-250 мың теңгеге көтерілген.

Біз осы орайда «KZOEТ» мал шаруа­шылығының қожайыны Бекболат Рсалиевпен хабарласып, сөйлескен едік. Оның айтуынша, мұндай бағаның шарықтауы бұрын болмаған.

– Қыс мезгілінде малды оңтүстіктен ал­дырамыз. Ол жақта күн жылы және мал бағуға бейімделген өзбектер бар. Қазір Түркістан мен Шымкентке бүкіл республика қарап тұр. Әр үй 500-1000-дап мал бордақылайды. Баққан малын базарға шығарып саудалайды. Ол жер аукцион секілді. Кім қымбат береді, сол алады. Апта сайын солай әркім өз дүкеніне фурамен жөнелтеді. Биыл Өзбекстанға шекара ашылып, ет сол жаққа кетіп жатыр. Күн сайын 20-50 теңге қосып баға көтерілуде. Біз келісіне 50 теңгеден қосып сатамыз. Қазір сиыр етінің келісін 2800 теңгеден сатып отырмыз. Мұны біз тоқтата алмаймыз. Бұрынғы уақытта мұндай болмаған еді. Жылда тендерге қатысатынбыз. Әркіммен бақталасып мекемелерге ет өткізетін едік. Қазір тендерге қатыспаймыз. Ол жерде баға 1700-2000 теңге болып тұр. Ал қазір баға бір айдың ішінде мың теңгеге өсіп кетті. Бұл әлі де артатын секілді. Бағаны тұрақтандыруға біздің күшіміз жетпейді. Өйткені тек облыста орын алып тұрған жағдай емес, бүкіл республикадағы ахуал солай, – дейді ол.

«Ақсуат» ауылдық округіне қарасты Ж.Махамбетов ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Майгүл Ешова 10 жылдан бері ата­кәсіппен айналысады. Бүгінде қорасында үш бұзаулы сиыры және жайылымдық жерде тағы бірнеше ірі қарасы бар. Жолдасы Жаңабек Әуезов екеуі бала-шағасымен осы тірлікті үлгертіп, сүтін де, етін де сатып кәсіп етуде.

– Өзім жұмыс істемеймін. Бірақ ата­кә­сіптің арқасында төрт баламызды да оқытып, қатарынан кем қылмадық. Әрине, мал бағып, оны көбейту оңай емес. Ол да кейде адам секілді ауырады. Ем шарасын дер кезінде жасау керек. Бұзаулағанда тіпті екі есе күтімді қажет етеді. Күніне 4-5 пресс шөп және жемі бар. Қазір оның да бағасы қымбат. Дегенмен бейнетіне шыдасаң, өзін-өзі ақтайтын кә­сіп. Дүкеннен сүт, қатық, сарымай сатып алмаймыз. Өз өнімімізді тұтынамыз. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, есік алдындағы шағын дүкенімде тек ағарған сатсам деймін. Сиыр етінің қымбаттағаны қарапайым халыққа қиын соғып жатыр. Дегенмен бұл біздің еңбегіміздің ақталғаны шығар, – дейді Майгүл апа.

Иә, расында ішсең сусын, жесең тамақ болатын төрт түлік қай кезде де берекелі. Өкініштісі, қазір ауылдың өзінде мал бақпайтын, оның бейнетінен қашатындар қатары көбейген. Бұрын әр үйдің қорасында жоқ дегенде 2-3 ірі қара мен қой-ешкі болатын. Күбіге піскен айран мен қолдың майы, ағарғанның түр-түрі дастарқаннан табылатын. Бүгін соның бәрін қымбат бағаға сатып алудамыз. Мәселен, сүттің литрі 400-500, қатық 550, қолдың майы 4500, құрт 4000-5000 теңге аралығында.

Қазір республика аумағынан ірі қара малдың аналық басын әкетуге 6 ай мер­зімге тыйым салынған және Қазақстан аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне бұқашықтарды экспорттауға сандық шектеу енгізілген. Асыл­тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған.

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімін сақтау және қажетті кезеңдерде нарыққа жеткізуді ұйымдастырып келеді. Корпорацияның баспасөз маманы Бекбол Қаратайұлының айтуынша, «Айналым схемасы» бойынша биылға 14 кәсіпкерге келісім-шарт негізінде 1 млрд 650 млн теңгеге займ берілген. Оның ішінде ет бағытында «Қылыш» шаруа қожалығына 25 млн теңге займ беріліп, осы арқылы қаладағы 35 әлеуметтік дүкенге сиыр еті жеткізіліп 2000 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ «БерекеТорг» ЖШС 300 млн теңге займ арқылы қаладағы Қараманов, Құлтекенов көшесі мен «Шұғыла» шағын ауданында орналасқан «Ажар Сити» сауда үйінде осы бағамен саудалануда.

Мұнымен қоса, ет бағытында жұмыс жасайтын «KZOЕТ» дүкендер желісімен жұмыс жасау жөнінде келіссөз жүргізілуде. Шаруа қожалығы корпорациядан 70 млн теңге займ алып, 7 нүктесі арқылы белгіленген бағада ет сатуға ұсынысын жолдаған. Қазіргі таңда құжаттары дайындалып, комиссияға шешім шығаруға жолдануда.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<