Бүгін Қызылорда облыс әкімдігінде «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы талқыланған көлемдегі мәжіліс өтті, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Оған арқау болған халықпен кездесуде Арал тұрғындары көтерген мәселені Парламент мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов өзінің әлеуметтік парақшасында Парламент қабырғасында үнемі көтеріп жүргенін айтты.
«Өткен жылғы халықпен кездесуден кейін министрмен Мәжілісте кішігірім кездесу болып, ел алдында бірге халықпен кездесейік деген келісімге келген болатынбыз. Министр Сыр еліне арнайы ат басын бұрғаны үшін ықыласымды білдіремін.
Осы тұста, Парламент спикері Ерлан Жақанұлына алғысымды білдіремін. Себебі, аталған министрлікке пленарлық отырыстың бірінде бұл өткір мәселе екенін айтып, салалық министрге халықпен, әкімдікпен және менімен талқылау қажеттігін айтып, тапсырма берген болатын», – деді ол.
Депутат сондай-ақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселені өзінің ерекше бақылауында ұстап, күн тәртібінен түсірмегенін атап өтті. Алдағы уақытта аймақ басшысымен кездесіп тағы талқыланатынын айтты.
Өткен жиналысқа ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аталған министрліктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы саласының басшылары, ардагерлер қатысты.
Бахыт Жаханов аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталып өтті.
Әкімдіктің ақпаратына сәйкес «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті бар. Соның 2-уі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған.
Екінші компоненттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген, 13-ін Халықаралық «Аралды құтқару қорының» атқарушы дирекциясы, 13-ін жергілікті әкімдіктер, 4 жобаны Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығының Арал филиалы, 3 жобаны Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 6 жобаны әртүрлі ұйымдар, жеке тұлғалар ұсынған.
Жобалар іске асқан жағдайда 1927 адам тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланған.
Ал, «Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық ауылы аумағындағы суармалы алқаптарда 11 ұңғыманы бұрғылау» жобасы 2022 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржыға іске асырылды. Тағы 3 жоба қолға алынған.
«Мен өз тарапымнан министрге депутаттық сауалым төңірегінде егжей-тегжейлі ақпарат беріп, түсіндірдім. Бүгін министрмен бірге Арал ауданына жолға шықтық. Ертең «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника-экономикалық негіздемесі талқыланатын мәжіліс өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді депутат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<