Солтүстік бос жұмыс орындарын ұсынды

228

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. Бағдарламаның игілігін көріп, солтүстікке тұрақтап қалғандар да баршылық. Жылдағы дәстүр бойынша өңірге солтүстіктен арнайы мамандар келіп бос жұмыс орындарын ұсынуда. Олар Өңірлік коммуникациялар орталығында жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг берді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақовтің айтуынша, биыл солтүстікке көшуге 9653 адамға өңірлік квота белгіленсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 170 адамға артық.

Биыл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлы­тау, Қарағанды облыстарына квота қарастырылған. Бағдарлама 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жалпы жұмыс күші аз өңірлерге 2020 жылдан бері аймақтан 708 отбасы қоныс аударды.  Кейінгі 5 жылдың ішінде Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың қатары көбеюде, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Былтыр Солтүстік өңірлерге 122 отбасы (құрамында 431 адам) қоныс аударды, – дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысы «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Аман Төрегелдин Сыр өңірінен қоныс аударған 238 қоныс аударушының үйі, жері барын айтады. Бүгінде олар жақсы өмір сүруде.

– Биыл 1404 бос жұмыс орнын ұсынып отыр­мыз. Оның ішінде медицина және фармацевтика саласында 98 бос орын, білім беру 197,  ауыл шаруашылығы бойынша 106, энергетика саласында 76, құрылыс саласы 57, өндіріске 129, біліктілікті қажет етпейтін 95, көлік және логистика саласында 79 бос жұмыс орны бар. Көшуге материалдық көмек бағдарламаға қатысушыға және отбасы мүшелеріне жаңа тұрғылықты жерге келген соң төленеді. Әрбір мүшесіне биыл 70 АЕК, яғни 275 240 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі, – деді орталық директоры.

Шығыс Қазақстан облысының «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Арайлым Есімбекова өңірде металлургия, химия өнеркәсібі дамығанын тілге тиек етті.

– Жуырда Түркістан облысында болдық. Ол жақтан бізге 32 отбасы көшіп келді. Біз 1960 бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Бізге әсіресе педагогтер, дәрігерлер жетіспейді. Жаңадан ашылған төрт ауданға мемлекеттік қызметшілер керек. Шекаралас аудандарға құқық қорғау органдарының  мамандары да өте қажет, – дейді.

Жалпы Солтүстік өңірлерге қоныстандыру жобасын жүзеге асыру үшін облыста жыл сайын дәстүрлі түрде осы өңірлердің әкімдігі мен жұмыс берушілерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, халық көп шоғырланған орындарда, шалғай орналасқан елді мекендерді аралап ақпараттық-түсіндірме жұмысы жүргізіліп келеді.

21 мамыр күні сағат 10-00 – де Қызылорда қаласы «Нұрсәт» теннис орталығында бос жұмыс орындарының, колледждердің және мемлекеттік қайтарымсыз алған грант алушылардың жәрмеңкесі өткізіледі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»