Соңғы хат

222

0

Фото: автордан

Майданда ерлікпен қаза тапқан жа­уынгерлердің бірі – Әлменов Әб­діқалық Ыбырайұлы.

Ол 1923 жылы қазіргі Сыр­дария ауданы Асқар Тоқ­мағамбетов ауылын­да дүниеге келген. 1940 жылы Қызыл­ор­дадағы педагогикалық учи­лищені бі­тіріп, еңбек жолын Жалағаш ауданы «Аламесек» ауылындағы 1 Май жеті­жыл­дық мектебінде мұғалім болып бастайды. Жас педагог сол жылдары комсомол мү­шесі де болған.

1942 жылдың қаңтарында Қар­мақ­шы аудандық әскери комиссариаты ар­қылы әскер қатарына шақырылып, май­данға аттанды. Алдымен Таш­кент қаласына екі айлық әс­кери да­йын­дыққа жіберіліп, сол жерде сержант шенін алады. Тамыз айында майданға жөнелтілді.

Сол жылдың тамызында ата-анасына соңғы хатын жолдапты. Онда: «Майданға аттанып бара жатырмыз, Сталинград шайқасында бөлімше командирімін» деп жазған. Бұл – оның туған-туыстарына жеткен соңғы хабары еді. 1942 жылдың желтоқсанында отбасына «ұрыс даласында қаза тапты» деген қара қағаз келген.

Анасы баласын тірі келеді деп үмітін үзбей, өмірінің соңына дейін жолын тосып өткен. Соңғы хаты мен қара қағазын жастығының астына жас­тап жатқан деседі. Ал әкесі Ыбырай түсінде үйінің дарбазасының алдына Сталин келіп тұрғанын көріп, бұл бір белгі болар деп, баласының тірі екеніне сеніп өткен.

Інісі Әбілқасым ағасының есімі ұмыт болмасын деп, тұңғышын  Әбдіқа­лық Махмұт Әбдіқалықұлы деп атаған. Бұл өткенге құрмет пен сарытап болған сағыныштың белгісі еді.

Әбдіқалық Ыбырайұлы­ның есімі Асқар Тоқмағам­бетов ауылындағы ес­керткіш-тақтаға жазылып, «Боз­дақ­тар» кітабына енген.

Ол елі мен ұрпақтарының жадында мәңгі сақталып, отан­сүйгіштігі мен ерлігі ер­теңге үлгі болып қала бермек.

Гүлжан ИБРАЕВА,

Ж.Нұрманов атындағы

№198 орта мектептің мұғалімі,

тарих магистрі.