Спортшылар арасында діни теріс ағымдардың таралуына жол берілмейді – министрлік

204

0

ҚР Туризм және спорт министрлігі спортшылар арасында теріс ағымдардың таралуына жол бермеу жұмысын күшейтеді.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев спортшыларға теріс ағымдар жайында теологтар түсіндіретінін айтты.

– Профилактика ретінде оларға түсіндіреміз. Бұл ретте, спортшының діндегі радикалды ағымдарына бармауына назар аударып, тиісті жұмысты атқарамыз. Тиісті жол картасы аясында бұл жұмысқа теологтарды тартып жатырмыз, яғни осындай іс-шараларды федерацияларға енгіземіз, – деді С.Жарасбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, радикалды көзқарастағы спортшылар жайында мәліметтер тиісті ведомстволарға хабарланады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын мақұлдады.

Бұл құжатта аккредиттелген спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде шаралар қабылдау міндетін белгілеу ескерілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<