Мақала тақырыбының «Абзал адам» аталуына қысқаша тоқталсақ, «абзал» сөзі арабшадан аударғанда «артық» деген мағынаны береді екен. Алланың алдында жұмырбасты пенденің бәрі бірдей болғанымен де, әр адам өз өмірінде өзгеге ұқсамауға ұмтылатыны белгілі. Әсіресе, таланттылар бір-бірін қайталамауға тырысады екен.
Біздің Бәкеңнің де өмірі өзгеше өрілген. Оның адами, кәсіби және интеллектуалдық артықшылығы өте көп. Мойындалған. Халқы, замандастары, шәкірттері мен отбасы, әулеті мойындаған. Бұл ретте академик Бақберген Сәрсенұлына баға берейін деп отырғаным жоқ, тек қана ол кісінің аға, ғалым, туыс, қайраткер ретінде тәнті еткен кісілік келбетінің бірер қырын ғана атап көрсеткім келеді.
«Бақберген деп ат қойғасын, шынында бақ берген шығар» дейді өзі. Бұл бақтың Бәкеңнің басына берік орнауын әркім әрқалай түсінетін болар, меніңше, бұған оның достыққа деген беріктігі жол ашты ма екен деп ойлаймын. Мәселен, 2015 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Өмірім – өрісім» атты кітабында «… Достық – ұғым. Оны уақытпен де, кеңістікпен де, жарықпен де, жылдамдықпен де өлшей алмайсың. Шын достық – адамның болмысымен біте қайнасып кететін қасиет. Бала кезгі достар – сенің өмірбаяныңның бір тарауы, жүрегіңде жұлдыздай жарқырап тұрса, жаның рахаттанады, уақыттың табымен көмескілене бастаса, жыртып тастай алмайсың. Оң-солыңды таныған кезде табысқан достар – ол өзара тұрақты таңдаудың жемісі. Қызығыңа қуанады, қасіретіңді бөліседі, ұлы жолда иықтасып қатар жүреді, ортаңды толтырады. Сенімен мақтанады, сенімен мақталады» дейді. Бұл – бәрімізге таныс байлам. Дағдылы түсінік. Ал Бәкеңнің достық туралы ерекше көзқарасын көрсету үшін сол кітаптан тағы да үзінді келтірейік. Ол айтады: «Адамдардың бірін-бірі көрмей тұрып-ақ достасуы мүмкін. Бұған мен Қуаныш Сұлтановпен, Әділ Ахметовпен достығымызды мысал етер едім. Біздер тағдырлас болдық. Өмір сүрген ортамыз, рухани үндестігіміз, қоғамның тынысын сезінудегі түйсік-танымымыз, арман-мақсатымыз, қабілет-қарымымыз, бітім-болмысымыз ұқсас екен. Осы ұқсас қасиеттер, біздер кездеспестен бұрын, уақыт кеңістігінде ақша бұлттардай тұтасып кеткен сияқты. Сондықтан да жылдар өте танысып-біліскенімізде бір-бірімізді бұрыннан білетін шын достардай сезіндік. Сол сезім басымыз жерге жеткенше суымасын деп тіледік». Бір-бірін көрмей тұрып-ақ достасудың мүмкін екенін Бәкең өз өмір тәжірибесі арқылы дәлелдеп тұр. Демек, ол кісі тағдырымен де дос болған. Сондықтан оған тағдыр-талайы бақ берген, сыйлаған. Әрине, бұл – менің субъективті көзқарасым.
Абзал ағамыздың өмір жолына қысқаша шолу жасасақ, ол 1980 жылдардың орта тұсындағы қайта құру саясаты барысында сайланбалы жолмен жоғары оқу орындарының басшылық құрамына әуелі проректор, кейіннен ректор болып бекіді. 1990 жылдардың бас кезінде енді Тәуелсіздік алып, еліміз дербес саясат ұстануға ұмтылған тарихи уақытта білім беру саласының үлкен құрылымдық дағдарысқа түскені белгілі. Сол тұста ректорға институтты дамытпақ түгілі, ұстап қалудың өзі көп күшке түсті десек, артық емес. Мінеки, осындай қиын-қыстау жылдары Бақберген Сәрсенұлы ел алдында іскерлігімен ерекшеленіп, қайраткерлігімен танылды. Біршама ауқымды жұмыс нәтижесінде институт дамудың даңғыл жолына түсті. Бәкең педагогикалық институттың ғылыми әлеуетін одан әрі күшейтіп, облыста бірінші болып университеттік білім берудің негізін қалады.
1997 жылы Қызылорда қаласының әкімі бола жүріп, арнаулы экономикалық аймақтың төрағасы қызметін қоса атқарды. Бұл құрылымның сол кезеңдерде облысты экономикалық дағдарыстан шығаруға көп көмегі тигені белгілі.
Бәкең 1999 жылдың күзінде ҚР Парламенті Сенатының екінші шақырылымының депутаты болып сайланды. Одан кейін тағы да 2005 жылы Сенаттың үшінші, төртінші шақырылымдарының депутаты болып сайланып, Экономика, қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болды.
Осы тұрғыдан қарағанда, Бәкең – қайраткер, мемлекет және қоғам қайраткері. Мемлекет қайраткері атану дара тұлғалардың басына ғана қонатын бақ пен жауапкершілік. Министрдің бәрі де мемлекет қайраткері бола бермейді. Сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары да солай. Мемлекет қайраткері деген – өте жоғары ұғым. Бақберген Сәрсенұлы сол санатқа енген тұлға. Біздің оның қайраткерлігіне баға бергеніміз жеткіліксіз, ең бастысы, әділетсіз. Бағаны сондай деңгейде еңбек жасаған қайраткер тұлға берсе орынды. Мысалы, Бәкеңнің досы, сол жылдары ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Қуаныш Сұлтанов: «…Сенат құрамы – мемлекетшіл, интеллектуалдық ерекше ұжым. Мұнда негізінен, өмірден мол тәжірибе жинақтаған, еліміздің әр саласында, өңірлерде маңызды-маңызды деген аса жауапты қызметтер атқарған, білімі, парасаты мол адамдар жинақталған. Заң шығарушы процестің өзі айрықша білімділікті талап етеді. Әрбір сенатордың айтары да, ұсынары да жеткілікті. Олар ойларын да ортаға ойланып салады. Басты ұстанымдары – халықтың сұранысы, мемлекеттің, қоғамның мүддесі. Осындай ұжымға, оның шыңдала, нығая түсуіне біздің Бәкең де – айрықша үлес қосып келе жатқан көрнекті сенатор…» деп жоғары баға береді. Бұған қоса, оның адамгершілік қасиеттеріне де ерекше тоқталып, «…Бақберген Сәрсенұлы – мінезге бай, дарқан көңіл, жомарт пейіл, білетіні мен сыры мол, сыйластыққа мұқият, тұлғалы азамат. Паңдық пен менмендіктен аулақ, адамшылық пен қадірлестікке бейім. Өнерге жанашыр, сөз құдіретін тылсым жүрегімен түсіне алатын сезімтал. Ізденімпаздығы жаңашылдыққа ұласып, ой-өрісін, дүниетанымын тереңдетуге ынталы. Достыққа адал, ортада көңілді. Қоғам осы біздің Бәкеңдей азаматтармен марқая түседі, сапасы мен санасы да өседі» деп сөзін түйіндейді. Ұзақ жыл жоғары лауазымды қызметтер атқарған Қ.Сұлтановтан артық ағамыздың қайраткерлігіне баға беру мүмкін емес деп ойлаймын.
Естеліктерінің бірінде «Елден сайланған әрбір Парламент депутатының ең басты екі міндеті бар деп ойлаймын. Бірі – елге қажет заңдар қабылдау болса, енді бірі – республикалық бюджеттен өз облысына нақты дәлелдеуді келтіре отырып, әріптестеріңнің көзін жеткізіп, қолдатып өз облысыңа тиісті несібесін алып беру» деп өзі айтады. Міне, Бәкең туған елінің алдында сол міндетін абыроймен орындай білді.
Ең бастысы, Бәкең – өмірдің мәнін тапқан жан. Жалпы алғанда, тағдырының мәні неде деген сұрақ туындайды. Бұны түсіну үшін Шәкәрім атамыздың мына бір сөзін келтірейін:
«…Жаралыс басы қозғалыс,
Қозғауға керек қолғабыс.
Жан де мейлің, бір Мән де,
Сол Қуатпен бол таныс,
Әлемді сол Мән жаратқан.
Қозғалмаса көшпейді,
Көшпеген нәрсе өспейді.
Өспеген нәрсе өзгермес,
Түрден ол түрге түспейді,
Қозғалыс түрлеп жаратқан».
Философияда мұны Мәннің материяға айналуы деп түсіндіреді.
Бақберген ағамыздың мен байқаған, өзімді тәнті еткен тағы бір қыры – еңбекқорлығы дер едім. Ол кісі тынбайды. Үнемі қозғалыста. Тәні де, жаны да. Еңбектен рақат тапқан адам екеу болса, соның біреуі – біздің Бәкең. Қандай жоғары лауазымды қызметтер атқарса да, ол кісі еңбектен еш қол үзген емес. Қай түрінен болса да. Өз ауласын көркейтуден бастап, сенатор ретінде еліміздің экономикалық қуатын арттырып, халықтың тұрмысын жақсарту мұратын тынымсыз еңбегі арқылы баянды етті. Осы мұраттарға жетуге өзіндік айрықша үлесін қосты. Демек, еңбектен қол үзбеу, оны күн сайын еселеп отыру ол кісінің өміріндегі басты мәнге айналған.
Адамзаттың алып ақыны Михаил Лермонтов өзінің қоғамдағы орнын поэзия тілімен былайша түсіндірген:
«Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның – арым мен бір-ақ Құдай».
Мұнда Ар – адам ісінің төрешісі. Атақты ақын Арды Құдаймен бірге адам ісіне төреші деп бағалайды. Сондықтан да ол мықты, берік, тұрақты. Кемеңгер Кекілбаев «Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол – өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсынбайды. Сондықтан оның тағдырының ауыр болуы, қиын болуы, өкінішті болуы мүмкін емес» деп түйіндейді. Осы қисынмен қарағанда, Бәкең – ар-ұятына қылаудай кір жұқтырмаған толымды тұлға. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардақтымыз өзінің осынау мәнді де сәнді өмір жолында парасаттылықтың биігіне жетіп, адамдықтың асқар шыңына шықты. Жүз жасаңыз, абзал аға!
М.ДОСЖАНОВ,
техника ғылымдарының докторы,
Қызылорда «Болашақ» университетінің профессоры






