Бокстан әлем кубогы 30 маусым мен 6 шілде аралығында елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Онда 30 елден 300-ге жуық былғары қолғап шебері сынға түсті. Беделді бәсекеде Қазақстан құрамасы 16 салмақта жүлдегер қатарынан көрінді. Оның ішінде ерлер құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қола алса, әйелдер құрамасы 3 алтын, 3 күміс, 2 қолаға қол жеткізді.
Ел құрамасынан Санжар Ташкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі) және Наталья Богданова (70 келі) чемпион атанды.
Әлем кубогында кейбір былғары қолғап шеберлері жанкүйер үмітін ақтай алса, енді бірі күміс медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды.
Үш дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай (48 келі) үндістандық Минакши Минакшимен қолғап түйістірді. Отандасымыз қарсыласына есе жібермей алғашқы екі раундты өз пайдасына шешті. Соңғы раундта да сыр берген жоқ. Нәтижесінде Назым Әлем кубогының жеңімпазы атанды.
2025 жылғы Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова ақтық сайыста финляндиялық Пихла Кайво-Оямен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында финляндиялық боксшының белсенділігі байқалып тұрды. Осылайша Алуа күміс жүлдегер атанды.
Ел құрамасынан Нұрбек Оралбай (80 келі), Надежда Рябец (75 келі) және Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) күміс алса, Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айдана Забынбекова (57 келі) және Аида Әбікеева (65 келі) үздік үштікті түйіндеді.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен бокстан Әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды. Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлде иеленді. Енді үшінші кезеңі қараша айында Үндістанда өтетін болды.
Бұл Олимпиадалық World Boxing ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр. Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






