Ардагерлер арасындағы жарыс

251

0

Сол жағалаудағы «Теннис орталығында» ардагерлер арасында шахмат пен үстел теннисінен облыстық сайыс өтті. Оған қала мен аудандардан 30 ардагер қатысып, бақ сынасты.

Облыстық ардагерлер кеңесі қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың лайықты әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету бағыттарындағы жұмысқа үлес қосуда. Қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалған емес. Жастар тәрбиесінде де қоғамға үлгі көрсетумен келеді. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақытты тиімді өткізу және үйлестіру, спорттық шеберлікті арттыруда түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.

Облыстық сайысты ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оған қала мен барлық ауданнан іріктелген мықтылар қатысып, жарыс тартысты өтті.

 Нәтижесіне келсек, үстел теннисінен I орынды Жаңақорған ауданынан келген Темірхан Сәрсенханов жеңіп алды. Жүлделі II орынды Қызылорда қаласынан Нұрлан Байбазаров еншілесе,  III орынды қазалылық Мұхтар Сәлмен алды.

Ал  шахматтан I орынды сырдариялық  Мектепхан Елеусінов олжаласа, II және III орынды қызылордалық Аманжол Әлімбаев пен Исабай Жүсіпов өзара бөлісті.

Жүзден жүйрік деп танылғандарға облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы дипломдары мен естелік сыйлықтары табыс етілді.  Белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді. 

Жеңімпаздар жарысты ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

«СБ» ақпарат