Өткен жылдың аяғында Алматыдан телефон шалынды. Кұлаққа тоссам, Рекең, Раушанбек Әбсаттаров екен. Көптен мен де, ол да хабарласа қойған жоқ едік. Ол:
– Әбеке, белгілі жасқа келіп қалыпсыз, ғылыми жұмысыңыздан хабардармын. Сіз туралы мақала жазайын деп едім. Қалай қарайсыз? – десе болар ма?!
Бұған риза көңілден басқа не айтасың? Сонымен не керек, қаңтардың 23-інде, туғаныма 85 жыл толған күні ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессордың «Ғибратты ғұмыр» деген мақаласы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды. Шынымды айтайын, бұл төтенше қуаныш болды.
1970 жылдары Қызылорда облыстық комсомол комитетінде хатшы кезімде Қазақстан комсомолы Орталық комитетінде құрылған республикалық жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты Раушанбек Әбсаттаров келіп, жастар арасында ғылым туралы әңгімелескен болатынбыз. Мен тіл не әдебиеттің ғылыми маманы болсам, аспирантураға түссем деп жүретінмін. Бұл пікірімді білген Рекең «комсомолда жүрсіз, саяси ғылыммен айналысқаныңыз дұрыс қой» деді. Мен ойланып қалдым. Көп ұзамай Алматыға келгенімде Ұлттық Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Сужиковке жолықтық. Ол кісі бізді жақсы қабылдады, ойымызды қолдады. Бірақ Мәкең көп ұзамай Кубаға кетті. Арада бір жылдан асқанда үйге ол кісіден жеделхат келді. Онда жолдасының денсаулығына Кубаның жақпағанын, қайтып келгенін, егер аспирантураға түскім келетін болса, тез хабарласуымды айтыпты. Несін соза беремін, аспирантураға да түстім, 1983 жылы философия ғылымының кандидаты деген ғылыми атаққа да ие болдым.
Ғылыми жетекшім Марат Сужиков кандидаттық диплом алған соң Алматыға жұмысқа шақырды. Оған отбасымның жағдайынан бара алмадым. Сонымен Қызылорда облыстық партия комитетінде бас-аяғы он жеті жарым жыл, оның он бір жылын үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі болып қызмет еттім. Партия тарардың алдында 1991 жылдың бірінші жартысында Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметіне ауыстым. Осындағы төрт жарым жылдық қызметімнен кейін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болдым, 1999 жылы қайта сайландым. Бұларды тәптіштеп айтып отыруымның бір мәнді себебі бар. Екінші рет депутат болған соң бірде Алматыда Қызылорда пединститутында оқыған, ептеп араласып жүрген философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевпен кездесіп қалдым. Ол: «Әбеке, Парламентке екінші рет сайланып отырсыз, осыны неге докторлық жұмысқа тақырып етпейсіз. Жұрт Парламент туралы сырттан жазып жүр ғой» деп тосыннан мәселе де, сұрақ та қойды. Келіссем өзі кеңесші болатынын танытты. Не керек, докторантураға сырттай түсіп, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» деген тақырыпта диссертация қорғап, саяси ғылымдар докторы ғылыми дәрежесіне ие болдым. Мұның барлығын ғылыми жолымның бастауында Рекең тұрғанын айту үшін жазып отырмын.
Раушанбек Әбсаттаров – Сыр бойынан түлеп ұшқан академиктердің бірі, 85-тің қырқасына шығып, 90-ға қол созған қоғам қайраткері, көрнекті ғалым-саясаттанушы, әлеуметтанушы, 40 шақты монография, кітаптар, кітапшалар, оқу құралдары және 600-ден астам ғылыми мақала жариялаған, есімі елімізде ғана емес, шетелдерге де белгілі ғалым.
Саясаттанудың теориялық мәселелерімен де тұрақты айналысып келе жатқан Рекең – саясаттануға қатысты ондаған мақаласын былай қойғанда, 2007 жылы жарық көрген «Саясаттану және оның проблемалары» мен 2011 жылы баспадан шыққан, Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жазылған «Саясаттану негіздері» атты көлемді де іргелі екі томдық оқу құралдарының авторы.
Мен саяси ғылымдар докторы болғаныммен, бұл ғылымның теориялық мәселелерімен айналысып жүргенім жоқ. Раушанбек Әбсаттаров ең бірінші саясаттанушы ғалым екенін тағы да қайталай отырып, жоғарыдағы еңбектері туралы аз-кем ойымды білдіре кетсем деп едім. Бұлар – жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистрлерге, аспиранттар мен оқытушыларға, сондай-ақ жалпы саясаттану проблемаларына қызығушылық танытатындарға арналған құнды оқу құралдары. Бұл еңбектерді жазуға Рекеңнің осы ғылыми пәннен көп жылдық оқытушылық тәжірибесі негіз болғаны айқын аңғарылады. Бірінші оқу құралында саясаттанудың ғылым, оқу пәні ретіндегі тарихы, ұғымдары мен категориялары, заңдары мен әдістері, саясаттану ғылымының қоғамдық өмір мен саяси билік жүйесіндегі, мемлекет пен азаматтық қоғам құрудағы, адамдардың саяси санасы мен мәдениетін қалыптастырудағы рөлі, т.б. мәселелер кеңінен сөз болып, жан-жақты тарқатылған. Ал екі томдық оқу құралында қазіргі қоғам болмысындағы саясаттанудың негізгі ұғымдары, әдістер жүйесі мен саяси технологиясы, Қазақстан мен әлемдік қауымдастықтағы саяси дамудың өзекті мәселелері, саяси құрылымдар мен процестер, билік жүйесіндегі қарым-қатынастар, жинақтай айтқанда, бүгінгі саясаттанудың ғылым және оқыту пәні ретіндегі мәселелері кеңінен сипатталған. Бұл оқулықтар Рекеңді саясаттанушы ғана емес, осы пәннің тамаша оқытушысы ретінде, саясаттану ғылымынан туындайтын қоғамдағы күрделі мәселелерді оқу пәніне айналдыра алған терең білімді, кең ойлы ұстаз, бар білім-ілімін шәкірт санасына нақты жеткізе білетін шебер ұйымдастырушы ретінде де танытқан.
Жоғарыдағылардан түйіндейтін айқын мәселем, саясаттану ғылымына шын ықыласпен көңіл бөлген жас ұрпақтың келешегіне сенімім мол. Өзім саясаттанушы ретінде саясаттануды әсте ғылым ғана деп түсінбеймін, бұл өмір, өмір сүрудің таптырмас жолы, табысқа жетудің әдіс-тәсілдері десем артық айта қоймаспын. Әрбір азамат бұл ғылымнан хабардар болса, оның өмірі мазмұнды да мәнді болар еді. Мұны әсіресе мемлекеттік қызметкерлер үшін аса маңызды дегім келеді. Себебі мемлекеттің озықтығы да, тозықтығы да оның басшысына, ол жүйеде қызмет ететін қызметкерлерге байланысты. Сол себепті де мемлекеттік қызметкерлер өздерінің мамандықтарына қарамай, ең бірінші саяси қайраткер болуы қажет деп түсінемін. Ал саяси лауазымды басшылар үшін саяси сергектік, тіпті саяси көрегендік аса қажет қасиеттер деп түсінемін.
Бүгінде түрлі деңгейдегі әкімдер бар. Алайда оларда саяси қайраткерлік қасиеттер жетісе бермейді. Сәл ертерек Астана қаласының өзім тұратын Сарыарқа ауданы әкімінің есеп жиналысына қатыстым. Ол біріншіден, жиналған көпшілік қазақтар болса да орысша баяндама жасады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін аяққа басты. Екіншіден, баяндамасының мазмұны тұрғын үйлер мен көшелердің жөндеу жұмыстары болды. Баяндамадан кейін орысша сөйлеуіне қатысты сұрақ та қойдым. Жұрт ду қол шапалақтады. Сонан соң «мына баяндаманы өзің оқымай-ақ, құрылыс жөніндегі орынбасарыңа тапсыра салмадың ба, ауданның экономикалық, әлеуметтік-мәдени өмірінен бір сөз айта алмадың ғой» дедім.
Тағы бір күрделілеу мысал келтіре кетейін. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғындағы Горбачев бастаған Мәскеудің қайта құруы еліміздің халқын оятқаны белгілі. Ұлтшыл зиялы қауым ең бірінші ұлттық рухымыздың негізі – туған тіліміз үшін күресті. Бұл шындығына келгенде ұлт үшін күрес болды. Ал ұлттық тіл – ұлттық азаттықтың, ұлттық тәуелсіздіктің алтын кілті.
1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс XIV сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданды. Қызу тартыс, көсемсөздерден кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бұл еліміз үшін аса бір сындарлы кезеңде, республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-ы орыс болып отырған жағдайда ана тіліміз үшін үлкен жетістік болатын. Жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылды. Жоғары және жергілікті билік тарапынан да тиісті бірсыпыра қолдау болды. Барлық елді мекендерде қоғамның филиалдары, мекемелерде бастауыш ұйымдары құрылды. Тіл үшін күрес ұлттық рух үшін күреске айналды.
Алайда мұндай рухани өрісті, шынайы ұлтшылдық үдерісті әрі қарай тиімді жалғастыра алмадық. Себебі алғашқы кезде қолдау көрсеткен, бірақ саяси саналы халықпен жұмыс істеу де, оны басқару да қиын, күрделі болатынын білген, жан-жағына жалтақтаған билік тілімізді төрге шығару жолында қалың қазақты оятуға бағытталған, көптеген батыл қадам жасаған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын бірте-бірте назардан тыс қалдырды.
Осындай жағдайлардан біздегі ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі негізінен бүгінгі күнде де қағаз жүзінде қалып отыр десем, көп қателесе қоймаспын. Бұған дәлелдерім жоқ емес. Бұрын-соңды ешбір елде мемлекеттік мәртебесі бар тілді ұлтаралық тіл деңгейіне көтеруді, яғни кері жүру мәселесі күн тәртібіне қойылған емес. Оның үстіне 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздың 7-бабының бірінші тармағындағы: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегенге қайшы екінші тармақтағы: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген елімізде қостілділікті ендірсе, енді осы тармақты орыс тілінің ресми мәртебесі дейтін болдық. 1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңға арада отыз жылдай уақыт болса да, бір елеулі өзгеріс енгізе алмай келеміз.
Мемлекеттік тіл туралы жүйелі саясаттың жоғынан және кейінгі кезде отбасындағы ұлттық тәрбиенің әлсіреуінен жас ұрпағымыздың өз тілін еркін меңгеруіне жағдай елеулі төмендеді. Күн өткен сайын аралас мектептер қатары көбейіп барады. Бұл туралы газеттер кем жазып жатқан жоқ. Бірақ оны оқитын да, одан қорытынды шығаратын да ешкім болмай отыр. Осының салдарынан республика бойынша 7400 мемлекеттік мектептің 2400-і аралас, ал 1200-і – орыс тіліндегі мектептер. Соңғысында оқитындардың көпшілігі қазақ балалары. Сонан соң бірінші сыныпта өз тілін еркін меңгермей, ұлттық ойлау жүйесі қалыптаса қоймаған жас ұрпаққа екінші сыныпта орыс тілін, бұл аз дегендей үшінші сыныпта ағылшын тілін оқытамыз. Мұның барлығы жас ұрпағымызды ұлттық қасиеттерден алшақ етіп барады.
Жақында Алматыда болғанда Рекең Қазақстан жоғары мектебінің Ұлттық Ғылым Академиясы «Өнегелі өмір» атауымен шығарған «Раушанбек Әбсаттаров» атты кітап сыйлаған болатын. Онда негізінен алпыстан астам аға буын ғалымның, замандастар мен әріптестердің, шәкірттері мен ізбасарларының жылы лебіздері беріліпті. Сонымен қатар оншақты саясаттану мен әлеуметтану туралы таңдаулы мақала бар екен. Осындағы ойларға қатысты бірер пікірімді білдіре кетсем деймін. Екі ғылым да қоғамға, мемлекетке, жеме-жемге келгенде оларды құрайтын әлеуметке қызмет етеді. Сондықтан да бұл ғылымдар қойын-қолтық араласып, бірін-бірі байытып, бірін-бірі тереңдетіп отыратын егіз сияқты.
Кітаптағы «Әлеуметтік мемлекет: мәні мен анықтамасы» деген мақаласында Рекең «Әлеуметтік мемлекет» деген ұғымды ең алғашқы рет ХIХ ғасырдың екінші жартысында тұжырымдаған неміс ғалымы Лоренц Фон Штайнер ұсынғанын айтып, оның мынадай анықтамасын келтіреді: «Әлеуметтік мемлекет өз азаматтарын экономикалық және қоғамдық дамуға дағдыландырып үйретуге міндетті, өйткені бірінің дамуы екіншісінің дамуына шарт болуы қажет, әлеуметтік мемлекеттің негізгі мәні осы болып табылады». Бұл анықтамадағы «Әлеумет» деген ұғымның мәні жамағат, қауым, жұртшылық деген болса, әлеуметтану ғылымының басты міндеті – қауымның, жұртшылықтың, жамағаттың саяси-әлеуметтік құрылымын анықтау, олардың қоғамдық өмірдегі орны мен рөлін, өзара байланыстарын, бір-бірімен әрекеттестігін, қарым-қатынастары мен бірлігін зерделеу. Мұндай күрделі үдерісті жан- жақты зерттеу қоғамның, халықтың да жағдайын жақсарта түсіп, ілгері жылжуына жол ашатыны даусыз.
Мақалада әлеуметтік-саяси әдебиетте әлеуметтік-құқықтық мемлекет деген де ұғым барлығы айтылған. Мемлекеттің саяси және құқықтық сипатын айқындайтын басты құжаты Конституция екені белгілі. Мұндай Ата Заң алғаш 1993 жылы қабылданып, еліміздің өз алдына тәуелсіз мемлекет екені, әлемдік адамзат қауымдастығының дербес бір мүшесі болғаны баян етілген еді. Бірақ көп ұзамай, 1995 жылы екінші Конституция дүниеге келді. Мұның себептері кезінде де, кейін де аз айтылған жоқ.
Саясаттанушы Раушанбек Боранбайұлының келесі «Саясат – өнер» деген мақаласындағы тұжырымдармен келіспеу қиын. Жеке өмірде, әсіресе қоғамдық өмірде саясаттың ерекше мәнге ие екенін адамзат тарихы көрсетіп келеді, көрсете береді. Автордың ойларын қуаттай отырып, саясаттың аса маңыздылығын көрсету үшін біз де бір мысалға жүгіне кетейік.
Қазір Кеңес одағының ыдырағаны да, жалғыз коммунистік партияның, оның жетекшісінің жеке билігіне негізделген кеңестік жүйенің құлағаны да тарихқа айналды. Сол кезде Одақтың негізгі елдері Ресей, Украина және Беларусь өз алдарына бас қосты. Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деп ауыз толтырып айтқанымызбен, Кеңестер одағының автономиясы деңгейде ғана болған Қазақстан өз алдына дербес тәуелсіз ел болды. Тиісті қаулы-қарарлар қабылданды. Алайда алғаш жарияланған Егемендік туралы декларациядағы тамаша идеяларды тез ұмыттық. Тіпті мұның атын да атамайтын болдық. Жақында ғана бұл құжат тиісінше аталып, өз мәртебесіне көтеріліп, газеттерде кеңінен жазылды.
Рекеңнің «саяси қайраткерлердің өнері қоғамдық дамудың жауапты кезеңдерінде халықтың талабына, олардың саяси-әлеуметтік мәдениетіне сәйкес келетін түрлерін таңдай алуында» дегенінің де өзіндік мәні жеткілікті. Біз Тәуелсіздікпен бірге Батыстың нарықтық жолын қабылдадық. Бірақ Алаш жетекшілерінің «Кез келген сыртқы үдерісті қабылдағанда өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескеру керек» деген тамаша өсиетін қатаң ұстай алмадық. Біз ислам дінін де барды көшіре салмай, өзіміздің тұрмыс жағдайымызға сай қабылдаған болатынбыз.
Қоғамдық процестер ылғи қайшылықты күйде екені, онсыз даму, өсу болмайтыны белгілі. Содан нарықтық экономиканың қайшылықты жеке баю үдерісін хакім Абай айтқан қанағатты місе тұтпай, билікке, қаржыға жақындар баюға ұмтылып, миллиардер, миллионер болмағаны қалмады.
Саяси-әлеуметтік өмірде кез келген мемлекет, кез келген халық азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылатыны аян. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік – сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың сонау осыдан бір ғасыр бұрын көтерген «Ұлттық тәуелсіздік» ұғымын біз қалай түсініп жүргенімізге азын-аулақ тоқтай кеткенді жөн көріп отырмыз.
Рас, бұл бұрын ғасырлар бойы отарлық жағдайда, саяси қыспақта болған, өз билігіне өзі ие бола алмаған біздің еліміз үшін өте күрделі өзгерістерді қажет етті. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның кіріспесінде: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, қазақ ұлтының азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға деген шешімін негізге ала отырып, өзін-өзі айқындау құқығын растайды» делінген. Сондай-ақ Заңда: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз аумағында толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес анықтайды және жүргізеді» деп жазылды.
Алайда біз ұлттық рухпен, халықтың саяси санасымен, шынайы әлеуметтік еркіндікпен, қоғамдағы демократиялық үдеріспен, құқықтық сауаттылықпен, т.б. толып жатқан ұғымдармен тікелей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтастықтағы «Тәуелсіздік» сөзінің аса қасиетті мәнін әлі тереңірек әрі кеңірек түсіне бермейміз. Бұл әрқайсымыздың саяси сергектік пен азаттық санаға ие болуымызды қажет етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Egemen Qazaqstan» газетінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы №2 санында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деді.
Бұл ойлар біздің түгендейтін де, тыңнан іздейтін де мәселелеріміздің жетерлік екенін байқатады. Сәл ойланайықшы, сан ғасыр аңсап жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында шынайы рухани һәм саяси серпіліс туғыза алып отыр ма? Бүгінгі тәуелсіздік, шын мәнісінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін барды жасай алдық па? Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін алда әлі не істеуіміз қажет? Осы мәселелерді әрбір қазақстандық, ең бірінші өзіміз, осы жердің, елдің иелері терең де қатты ойлануымыз керек.
Қазіргі дамыған демократиялық елдерде саяси ғылым әлдеқашан қоғамның бүкіл рухани өмірін ұйымдастыру жолындағы ажырамас элементіне айналғанын айта отырып, мынадай бір мәселеге тоқталғым келеді. Ол – саясаттану да, әлеуметтану да ғылым ретінде өркениетті елдерде қалыптасқаны. Алайда біз оларды көбіне сол күйінде қабылдадық. Біз – Еуропа елдерінен әлдеқайда кенже келе жатқан елміз. Әлі толыққанды ұлттық мемлекет болып қалыптаса алған жоқпыз. Конституцияда унитарлық мемлекетпіз деп жазылғанмен, көпұлтты мемлекетпіз деген ресми сөздер жадымыздан кете қойған жоқ. Сол себепті саясаттану мен әлеуметтануда жалпы қоғам, халық туралы айтамыз да, ұлттық мәселелерді сөз етпейміз. Сондықтан да біздің саясаттану, әлеуметтануға арналған еңбектерімізде ұлттық мемлекет, ұлттық рух, ұлттық тіл, т.б. ұлтымызға қатысты аса мәнді ұғымдар айтыла бермейді. Меніңше, бұл ғылымдарда халықты, әлеуметті оның ұлттық қасиеттерінен бөліп қарау дұрыс емес.
Сондай-ақ кітаптағы «Саяси жаңғырту, мәні, типтері, анықтамасы» деген мақаладағы «жаңғырту» деген терминге қатысты көптен ойда жүрген пікірімді білдіре кетсем деймін. Біз «модернизация» терминін дұрыс аудармай жүрген сияқтымыз. Бұл әсте «жаңғырту» емес. Біз ұлттық мемлекет құрамыз дегенде жаңғырту дегенді пайдалануға болады. Өйткені ондай мемлекет отарлық заманға дейін болды. Болмаған нәрсені жаңғырту мүмкін емес. Мұны айтып отыруымның тағы бір себебі «жаңғыртуды» ресми сөздерімізде де дұрыс пайдаланбай жүрміз. «Модернизация» сөзінің төркіні әсте «жаңғырту» емес, жаңару деген мағына береді.
Сөз соңында айтарымыз: мақаланы «Атақты ғалым, ардақты азамат» деп атауымыздың өзіндік себебі бар. Өмір ғой, ғалымдықты азаматтықпен тығыз байланыстырған кісілер көп деп айта алмаймын. Бәлкім білмейтін шығармын. Меніңше, азамат болу – абырой, ғалым болу – өз тірлігің. Кітаптағы толып жатқан шынайы пікірлер Рекеңнің атақты ғалым, ардақты азамат екеніне толық дәлел бола алады. Менің бұған қосарым жоқ. Толықтай қолдаймын.
Раушанбек Әбсаттаров отбасы кафедрасының құрметті меңгерушісі екенін де айта кеткіміз келіп отыр. Жолдасы Меруерт Асқарова – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, қызы Майя – ғылым магистрі, ұлдары Марат пен Ғалымжан – заң және саяси ғылымдар кандидаттары. Бұл бір жағынан Рекеңнің, оның отбасының ғылымға деген ерекше сүйіспеншілігін танытады.
Көрнекті ғалым әрі публицист, парасатты тұлға, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Рекең туралы әлі де айта беруге болады. Алда да бұл бағыт байытыла түсетініне күмәніміз жоқ. Көпшіліктің ыстық ықылас, адал ниеттен туған тілектері Рекеңді алға тартып, биікке көтеріп, отбасына жұғысты болсын!
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университетінің профессоры






