Білім кеңістігінде шекара жоқ

142

0

Фото: Автор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен біз бір ел, бір халық болып, Адал қоғамды, Әділетті мемлекет, қуатты Қазақстанды құру жолындамыз. Ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформалар қолға алынды. Заң мен тәртіп қағидасы қоғам мүшелерінің қолдауына ие бола бастады. Реформаны бастаудың жөні бір бөлек. Ал оны қоғамның санасына орнықтыру, түбегейлі жаңғырту өткір мәселе. Жаңа бастамалардың тиімді іске асуында қашанда білім саласының алатын орны ерекше. Ал Президенттің білім мен тәрбие саласындағы барлық талаптарын іске асыру жұмыстары облысымызда серпінді атқарылуда. Ескерусіз қалып жатқан ештеңе жоқ. Өңірімізде, көтеріліп жүрген мәселелердің кезегімен шешіліп жатқанын, көзі ашық, көкірегі ояу қауым көріп, оқып, біліп, естіп, игілігін пайдаланып жүр. Осыдан бес жыл бұрын әлемді дүр сілкіндіріп, қарым-қатынас жасаудың жаңа тәртібін күнделікті өмірімізге енгізген Ковидтің қаншалықты білім саласына кері әсерін тигізгенін бәрі сезді, бастан өткерді. Одан кейінгі білім саласын оңалту жұмыстары Нұрлыбек Машбекұлының әкім болып келуінен басталды. Сондықтан да, 2022 жылдан бергі уақытты білімнің реновация кезеңі деп толық айта аламыз. Нәтижесінде, әкім қолдауы мен ұстаздардың ерен еңбегімен облыс оқушылары ҰБТ қорытындысы мен мемлекеттік грант иелену бойынша республикада алдыңғы орыннан көрінді. Біз мұнымен мақтануымыз керек. Бұл біздің ортақ қуанышымыз.

Мемлекет өз тарапынан, тиісті жұмыстарды, заңнамалық  базаны, құрылымдарды, бағдарламаларды үнемі жетілдіріп, дамытуда. Ендігі мәселе, мемлекеттен бөлек отбасы мен мектептің, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешудегі орнына бәріміздің жауаптылығымыз.

Президент республикалық тамыз конференциясында мектептегі білім мен тәрбиеге жан беретін мұғалімдерге барынша жағдай жасалуы керектігін айта келіп, оларға маңызды міндеттер жүктеді. Яғни судың да сұрауы бар дегендей, жас ұрпақты дұрыс жолға бағыттаудың жауапкершілігі, маман ретінде ар-ұятымыздың да, кәсіби деңгейіміздің тұрғысынан да сұралады. Білім кеңістігінде шекара жоқ. Білім бәсекелестігінде сөре болса да, мәре жоқ. Сондықтан да осыған дайын емес, кездейсоқ адамдарға мұғалімдікке орын жоқ. Келешекке жол көрсете алмайтын шолақ ойлы мұғалімдермен ұзаққа шаба алмаймыз. Мұғалімнің білікті болуы ол енді әркімнің санасына, ұятына, намысына, ниеті мен ерік-жігеріне, жұмысына байланысты. Сондықтан да жас әрі талантты мұғалімдердің базасы жасақталуда. Бұл заман талабы. Уақыт талабы өте қатал.

2030 жылға қарай мектептерде «бір оқушы – бір білім жолы» қағидатына көшу көзделуде. Дербестендірілген оқыту – қалыпты жағдайға айналады. Бұл тәсілде оқу үдерісі әр оқушының қызығушылығына, білім деңгейіне, ойлау стиліне және қабылдау қарқынына бейімделеді. Дәстүрлі модельден айырмашылығы: барлығына бірдей стандарт емес, әр оқушыға жеке білім жолы. Яғни, әр балаға жеке бағдарлама жасалады.

Әр оқушыға арналған, жасанды интеллект негізіндегі білім беру жүйесін қалыптастыруға бет алдық. Бұл тек мектептің жұмысы ғана емес. Мемлекет-мектеп-отбасы бірлесіп атқаратын күрделі мәселе. Мысалы, қазіргі уақытта отбасымызда жасанды интеллектіге қатысты мынадай трендтерді пайдаланудамыз:

– тәулік бойы қолдау көрсететін цифлық көмекші – AI-тьюторлар;

– сабақ барысын оқиға ішінде жүргендей шынайы сезіндіретін VR тәжірибелері;

– балаға келесі қадамды өзі ұсынатын «Netflix» оқу тәсілдері;

– сыни ойлау, креативтілік, эмоциялық интеллект икемді дағдыларын дамытатын Soft skills, т.б.

Өте қызықты процесс. Баламен бірге өзіңде үйренесің. Баламен жұмыс жасауда көп тиімділігін байқап келеміз.

Өзім байқаған пайдалы жақтары: баланың стилі мен темпіне, қызығушылықтарына бейімделген жеке бағдарламалар, қосымша әдебиеттер мен аудармаларға қолжетімді контенттер, әр оқушының деңгейіне сәйкес қажетті жеке материалдарды өңдеу, педагогтерді қолдау бағытында жеке тәрбие жоспарларын құру мүмкіндіктері, т.б.

Дегенмен, жасанды интеллектіні өзіміз дұрыс пайдалана білу дәрежесіне жетуіміз керек. Осы жерде білікті мұғалімнің көмегі ата-анаға әбден керек. Болашақтағы мұғалімнің ролі «мұғалім – тәлімгер және модератор» жүйесімен анықталады. Олардың міндеттері: құндылықтар мен сыни ойлауды қалыптастыру, эмоционалдық қолдау, топтық жобаларды ұйымдастыру бағытында болады. Әрине, процесс барысында кездесетін тәуекелдерді ажырата білу маңызды. Әйтпесе орны толмас қателікке ұрынамыз. Өйткені, жасанды интеллект жалпылық пен «галлюцинацияны» күшейтеді, яғни бұл күмәнді және ойдан шығарылған ақпараттардың генерациясын береді. Балаларды дайын материалды көшіріп алуға бейімдейді, олардың технологияға тәуелділігін күшейтеді, сыни ойлауына кері әсерін тигізеді. Бастысы – жасанды интеллект адами қарым-қатынастарды, жүрек сезімдерді тудыра алмайды.

Болашақты жобалаудың нақты факторы – білім мен тәрбиенің, балалардың өз болашағын жасауға қатысуға мүмкіндік беретін демократиялық алаңға айналуында. Әйтпесе, көптеген отбасында балалардың өз мамандығын таңдауға араластыра бермейді. Ол баланың психологиясына кері әсер етуі әбден мүмкін.

Ата-аналардың білім саласына араласу этикасын сақтау – өте маңызды мәселе. Өзім білім саласындағы кикілжіңдерді жаппай ашық талқылай беруге қарсымын. Өздері маман еместігіне қарамастан, кейбір азаматтар әлеуметтік желіде, біреуді қоштап немесе біреуді даттап, білім саласына араласып жатады. Олардың көбісі өздерінің жеке мүддесіне қатысты, не болмаса тамыр-таныстық қатынасқа байланысты да мақтайды немесе сынайды. Посттарға қарап кімнің-кіммен дос екенін байқауға болады. Ел арасында мектепке жұмысқа тұрғың келсе «блогерге» айту керек деген әңгіменің таралуы да бекер емес-ау. Мәселесі шешілсе жақсылап насихаттайды, шешілмесе даттайды. Өзіңді әйтеуір танытсам болды деп есептейтіндер өзін-өзі бақылаудан айрылады. Бұл «пиар» құмар өзімшілдердің жиі кездесетін қателіктері. Арты жұмыстан босаған бірнеше білім мекемесі басшылары мен қызметкерлерді білеміз. Мораль адамдардың басқалардың игілігі үшін өздерінің эгоистік мүдделерін құрбан етуін талап етеді. Мысалы, бала мен мұғалім арасындағы келеңсіз оқиғаны «айды аспанға шығарып» айғайлап желіде «жалт» еткіземіз. «Бір қарағанда» тұжырымы бойынша, көпшілік болған оқиғаға көзқарасты, сараламастан қабылдап жатады. Енді айғайға аттан қосылып, өре түрегелеміз. Оны ата да, ана да, бала да, шаға да оқитынын ескермейміз. Оқиғаны саралап, анығына жетеміз дегенше, әртүрлі өтірік-шыны аралас пікірлер әлемді екі айналып келеді. Бірақ ол оқиғаға тереңірек қарасақ, оның бірнеше құндылықтардан құралатынын байқаймыз. Бұл яғни, моральдық плюрализм – көптеген игілік арасынан таңдау жасау туралы сұрақ. Ал олардың арасынан дұрыс жол таба білу, кездейсоқ адамдардың емес, білікті ұстаздардың ғана қолынан келеді. Ал бұл, моральдық реализм – моральдық құндылықтың шындығы туралы мәселе. «Шындық» үшін әлеуметтік желіде ретсіз талқылау арқылы бүкіл білім саласы деген ортақ мүддеге зиянымызды тидіріп жатқанымызды байқағымыз келмейді. Шешім педагогикалық этика тұрғысынан қабылдануы тиіс. Жеке пікірді арнайы жабық ортада айтуға болады ғой. Қоғамдық ортада білімнің жақсы жетістіктері, көпке пайдалы жақсы жаңалықтары айтылуы керек. «Жақсылық дегеніміз адамдарға немесе әрекеттерге тән ерекше қасиет». Жаман нәрсе насихаттамай-ақ өзі тарайды. Сондықтан да білім жөнінде орынсыз байбалам, даңғаза даудың еш қажеті жоқ. «Жақсы» мен «жаман» салыстырмалы түсінік. Оны ажырата білу қиынның қиыны. Ата-аналар өз тарапынан мұғалімге, мектепке, білім жүйесіне қашанда оң көзқарасын білдіру мәдениетін ілгерілету керек. Оны үйдегі бала бірден бойына сіңіріп алады.

Біз жүруді, естуді, тыныс алуды қалай бейсана түрде меңгерсек, білім саласына құрметпен қарауды да, бейсана қабылдауымыз керек және ол қоғамдық әдетке айналуы тиіс. Білім саласына қатысты әрбір адам өзінше оңаша арал емес, олар бүкіл білім деп аталатын мұхиттың бір бөлігі. «Озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары, қосарланған заманда, бізге дұрыс жол көрсететін білікті ұстаздарға қашан да жол ашық. Бұл – ұрпақ үшін ұлы мұрат жолы.

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты