«Ботақан» – балаларға құтты мекен

232

0

Жалағаш кентінде «Ботақан» балаларға қызмет көрсету орталығы ашылып, жұмысын бастады. Мұнда балаларды ойнатуға және сауықтыруға, басқа да түрлі қызмет алуына жағдай жасалған. Орталықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпкер Еркебұлан Каиповтың бастамасымен бой көтерген сауда және балалар ойын-сауық орталығы заманауи үлгіде жабдықталған.

Кәсіп иесі 2023 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Екі қабатты ғимаратта балалар үшін ойын алаңы, массаж бөлмесі, би үйірмесі бар. Сонымен қатар, орталыққа келушілерге сауда-саттық, тамақтану орны қызмет көрсетеді.

Өзіміз куә болғандай, сәбиге арнайы қондырғы арқылы массаж жасалып жатыр екен. Шағын ваннадағы су ішіндегі арнайы қалқымалы шарға жатқызған. Массаждың ұнағаны болар, сәби еш алаңсыз, балбырап ұйықтап жатыр.

– Мұнда 4 жасқа дейінгі балаға жалпы массаж және гидромассаж қызметі көрсетіледі. Күніне 7-8 бала келеді. Жалпы іс-тәжірибеміз барысында көзіміз жеткендей, сәбидің ми клеткаларының және дене құрылысының дамуына массаждың пайдасы зор, – дейді кәсіби маман Анар Қанатбек.

Орталықта би студиясы бар. Мұнда 4-тен 15 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Үйірме жетекшісі Қарақат Сейілханның айтуынша, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің би үйренуге қызығушылығы ерекше.

Жалпы Жалағаш ауданында кәсіпкерлік саласы бойынша жаңа бастамалар жүзеге асырылып, тұрғындар талабына сай қызмет көрсетуде. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары артып, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмыстық әлеуетін көтеруге оң ықпал етіп отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»