Кеше Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІ Абдалла бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз өтетін залға барды.
Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды. Ал ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады.
Қазақстан Президенті мен Иордания Королі келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді.
– Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.
Бұл ретте Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін, – деді Иордания Королі.
Келіссөз барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық мүмкіндіктер пысықталды.
Сондай-ақ Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды.
Король Мемлекет басшысының Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғыс айтты.
Мұнан кейін Қазақстан Президенті мен Иордания Королі Astana Hub халықаралық кластерін аралау барысында еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Онда 1700-ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтыр тартылған жалпы инвестиция көлемі 700 миллион доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 миллион доллардан асты.
Astana Hub базасында жыл сайын он мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру, сондай-ақ Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламалары іске асырылуда.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға биыл күзде Астанада ашылуы жоспарланып отырған Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасын көрсетті.






