Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің алыбы, есімі аңызға айналған қалам иесі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл. Жазушының мерейтойына орай Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Халық партиясымен бірлесіп, «Өмір шындығына адалдық» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Өмірдерегіне қысқаша тоқталсақ, ол 1924 жылы Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылының тумасы. 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің және КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері.
Қаламгер Ә.Нұрпейісовтің тұңғыш романы «Курляндия» 1950 жылы жарияланып, кейіннен «Күткен күн» деген атаумен жаңа нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, «Сең», «Соңғы парыз» роман-дилогиясының, «Толғау» атты сыни еңбектің, сондай-ақ, көптеген көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы – «Қан мен тер» трилогиясы («Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу») алғаш 1970 жылы жарық көрген.
Әдеби кештің шымылдығын ашқан қалалық Жастар театрының актерлері «Әбдіжәміл әлемі» атты пролог оқып, қаламгер шығармаларының басты кейіпкерлерін бүгінгі уақыт тұрғысынан сөйлетіп, автордың рухына тағзым етті.
Кешке қоғам қайраткері, ардагер С.Әбішев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Б.Ұзақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстағы өкілі Қ.Есімсейітова, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Н.Рахмет, ҚХП ҚБ Орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Оразханов, бөлім басшысының орынбасары А.Дукенбаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры Г.Баялиева, осы университеттің аға оқытушысы Т.Телеубаев, жергілікті БАҚ өкілдері, Жастар театры өнерпаздары, ЖОО студенттері қатысты.
Кеш қонақтары қазақ көркем әдебиетін күллі әлемге танытқан әдебиет алыбы Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы туралы айтып, қазақ оқырмандарына кең танылған, тіпті әлемге әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы, сонымен қатар, туған топырағына, тағдырлы Арал теңізіне деген перзенттік махаббатының куәсіндей «Соңғы парыз» романын тарқата баяндап, оқырмандарға ой салды. Ғасырға таяу ғұмыр кешкен қаламгердің ғибратты өмір жолынан естеліктер айтылып, жас ұрпақ жадында әдемі әсер қалдырғаны байқалды.
Іс-шара аясында оқырмандар назарына «Әбдіжәміл Нұрпейісов – заманымыздың заңғар жазушысы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды.
Келесі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында Қазақстан Халық партиясы Орталық аппараты ұйымдастыруымен «Теңдесі жоқ кемеңгер жазушы» атты конференция өтті. Жиынды ҚХП Орталық аппараты бөлім басшысы Нұрдаулет Оразханов ашып, күн тәртібіне сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, зиялы қауым өкілдері қаламгер шығармашылығы туралы кеңінен баяндап, пікірлерін білдірді.
Екі күнгі жиын барысында белсенді қатысушыларға ҚХП атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<