Ингуш халқының жақсы көрші туралы айтқан әдемі мысалының бізге де жанама қатысы бар десем, жалған болмас. Бір кісінің әбден тығырыққа тақап, алқымынан алып тұрған қомақты берешек қарызы болыпты. Амалы қалмағаны соншалық, үйін сатуға мәжбүр болады. Ингуш дәстүрі бойынша, үйін не жерін сататын көрші алдымен жанындағы көршісіне ұсыныс айтып, ескертеді екен. Әлгі кісі солай еткенде, бір қапталындағы көршісі неге сатайын деп жатқанын сұрайды.
– Өте үлкен қарызым бар, – дейді бұл.
– Кімге, қанша қарызың бар және қаншаға сатпақсың? – дейді. Қарыздар көрші қарызының көлемін, кімге екенін, үйін қаншаға сататынын айтып, егер бұл көршісі алуға ниет білдірсе, арзандау беретінін де қосып қояды.
– Жақсы, – дейді көршісі тыңдап алып, – олай болса, ертең маған келіп кетерсің.
Үйін сатпақ болған көрші ертеңіне айтқан уақытында келгенде халін сұраған қапталдағы көршісі:
– Ал, көрші, мен кеше барып сенің барлық қарызыңды төлеп кеттім. Енді ешкімге берешек емессің, ешқайда кетпей бұрынғыша тұра бер, – депті. Борышты болған көрші:
– Ой-й, Құдайым-ай, рас айтасыз ба, неге олай жасадыңыз, енді қарызға сіз кіріп кеттіңіз ғой, – дейді. Сонда қарызын өтеген көршісі:
– Сіздің қарызыңызды өтегенді мен соншалықты шығын деп есептемеймін, егер бұл жерден сіз көшіп кеткеніңізде шығынның үлкені сол болатын еді, – депті.
Дәл бүгінгі заманда осыншалықты мәрттікке екінің бірі бара қоймас. Бұл мысал қимас көрші жөнінде. Бірақ өмірде керісінше болуы да мүмкін-ау.
Мұсылманның көрші хақысына көзқарасын жақсы білетіндер мына бір хадистен хабардар деп ойлаймын. Ислам ғұламасы Хасан аль-Басриді білмейтіндер сирек шығар, сол кісінің өзге діндегі көршісі жұпыны өмір кешетін ғұламаға өмір бойы жамандық жасаумен өтеді және ғұлама сабырлылықтың теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен. Бір күні үйінен шықпай қалған озбыр көршісінің ауырып қалғанын естіп халін сұрай келсе, ол таңғалып:
– Менің өмірім саған жамандық жасаумен өтті, маған не үшін келдің? – дейді. Ғұлама:
– Менің дінім көршімен жақсы болуды бұйырады, – дейді. Сонда ол:
– Олай болса, сенің дінің хақ екен, уақытымның жақындағанын біліп жатырмын, сенің дініңе кірсем Жаратушы күнәмді кешер ме екен? – депті.
– Иман келтіріп, өткен өміріңе шын өкініп тәубе етсең, мүмкін Жаратқан ием кешірер, – дейді ғұлама.
– Олай болса, – дейді көршісі, – сен маған кешірдім деп кепіл болып, бір жапырақ қағазға жазып, менің жаназамды өзің шығарып, кебінге кіргенімде қолыма ұстатшы, – депті.
Екі-үш күннен соң көршісі қайтыс болып, Хасан аль-Басри айтқанын орындайды, бірақ қалауын Алла ғана білетін тағдыр ісін мойнына алғанына қатты өкінеді. Уайымдап жатып ұйықтап кетіп түсінде әлгі көршісін көреді. Өзі ораған кебіндегі жүзі жарқын көршісі:
– Ей қияметтік көршім болған Хасан аль-Басри! Саған Алла разы болсын! Сенің себебіңмен мұсылман болдым және Жаратушының кешірімін алдым. Жаратқан қағазға қарамайды екен, ниетке қарайды екен. Міне, мынау кепілдік қағазыңды өзің ал, – депті. Ұйқысынан оянса, әлгі кебіннің ішіндегі көршісіне ұстатқан қағазы қолында жатыр екен.
«Отты түрте берген өшірер, көршіні түрте берген көшірер» дейді. Мүмкін болса, көршімен сыйласып өткенге не жетсін?!
Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ.
Әйтеке би кенті





