Өмір өтті-ау зулап ағып…

7

0

Жолдасбек Әлмаханұлы менің әріптес досым еді, әрі бір ғасырлық құдам еді. Бір қалада тұрмасақ та, бір ауылда өспесек те, адамгершілігі, парасатталығы мен пайымы, түсінік түйсігі арқылы жақын болып кеттік. Жақын болғанымыз соншалықты арадағы сыйластығымыз сырластыққа айналып, қыймас досқа ұласты. Облыстық ата басылым «Сыр бойы» газітінде табан аудармай 43 жыл қызмет етті. Зейнеткерліктен кейін 3 жыл жұмыс жасады. Жастарға ұстаз, әріптес іні-қарындастарына ақылшы аға бола білді. Журналистік жолда өсті, жетілді, елге танылды. Сол Жолдасбек досым 4 қараша күні таңертең аяқ астынан мына фәни дүниені тастап, бақыйлық мәңгілік мекенге аттанып кетті. Бәрі де ойламаған жерден, ғапыл өлім болды…

Жалған өмірдің тіршілігі біткен бе, қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Әлиев Жұмабек екеуміз бір шаруамен іргедегі Тереңөзек кентінің ішіне ене берген тұста, ұялы телефоным азанымен безілдей жөнелді. Қарасам, Жолдасбектің зайыбы Қамаш екен. Анда-санда Жөкеңде әйелінің телефонымен қоңырау шалатын еді. Жолдасбектің өзі шығар дедім. Көңілімде артық ой жоқ, сол баяғыша: «Ия, Жолдасбек қалайсың, айта бер!» деп құлақ түрдім. Бір кезде Қамаш: «Кенжалы-ау, Жолдасбек досыңнан айырылып қалдым ғой» деп еңіреп қоя берді. «Не дейсің?» деп, біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей, денем қалтырап, сол-ақ екен көзімнен ыстық жас парлай берді. Тоқтамай барады. Неткен ауыр еді. Құлағым нені естіді, көңіл құрғыр сенер емес. Бірақ амал нешік, жалғаны жоқ шындық еді. Жұмабек інім бірден көлігін тоқтата, «Жайшылық па, екен» деп бетіме қарады. Аузым бармаса да «Жолдасбек қайтыс болыпты» дедім. Ол да дереу «көңіл-қосын» білдіріп, көлік басын кері бұрды. «Сыр медиа» басшысы Марат Аралбаевқа шығып, болған жайды жеткіздім.

…Ішкі дүниемнің астаң-кестеңі шықты. Ішім удай ашып барады. «Кеше ғана сөйлесіп едік қой, бұл қалай болғаны?» деп қоям. Әйии-яй, жалған өмір ай!  Келе жатып бұлт басып түнерген аспанға қарадым. Қыстың сұрғылт тартқан бұлтқа іштей мұң шағып келемін. Сан сауалдың жауабын таппай ойым сенделе түседі. Қапсырып алған ой құрсауы түбіне жеткізер емес. Қайта, құрғыр ой тереңіне тарта түскендей. Сан сапалақ сапырылысқан ойлар әр түрлі қиялды қозғай түседі. Өзімше шексіз сауалға пайым жасаған болам. Жолдасбек жайлы толғанып келем, тағдыр жайлы ойланып келем. Кеше ғана сөйлескенімде «70 жасын облыстық кітапханада шығармашылығы мен сараптамалық материалдары төңірегінде ғылыми конференция өткізетіндігін» айтқан-ды. Сонан соң кеш соңын ұлан-асыр тойға ұластырмақшы еді. Осының бәрін жүргізуді қаламдас ақын інісі Дүйсенбекке тапсырмақ болған. Тағы бір әріптесі болған, Алаш сыйлығының иегері, арқалы ақын інісі Елубайға «Сен сөйлейсің» деген-ді. Студенттік жылдардағы курстасы, елге танымал азамат, қоғам қайраткері Өлмесхан Болатбеков екеуі кездесіп, жан-жақты сыр тарқатқан сәттерін қуана жеткізген-ді. Қызылорда жайлы тарихи кітап жазуға деректер жинап жүргендігінде ортаға салған-ды. Өйткені Жолдасбек қала жанындағы Абай ауылында дүниеге келген. Шанхай аймағындағы қала мектебіне барып, онжылдықты бітірген. Енді міне, әй, алдамшы өмір-ай! Сенде Жолдасбек досымнан жалт бұрылып кеттің бе? Бір күні менен де күрт бұрыларың белгілі ғой. Әй, тұрағы жоқ тұрлаусыз өмірі-ай! Сенің сондай екеніңді барлық пенде білгенмен, өздерін-өздері алдаусыратып, ертеңгі күнге жақсы үмітпен қарап өмір сүретініміз анық.

Өмір өтті-ау зулап ағып...

Жолдастыққа таптырмайтын азамат,

Сыйласуға жаны жайсаң ғажап-ақ.

Құрдастыққа келген кезде баладай,

Оның көңілі болатұғын таза бақ.

Ағып түстің жұлдыздай-ақ көктегі,

Арманына, мақсатына жетпеді.

Сен кеткелі күн қабағын ашпады,

Сені жоқтап аспан тұр-ау өйткені.

Ертеңіне сені мәңгі сапарға шығарып салуға келген халықтың нөпірі қалың болды. Қаралы жиынға жиналған жұрттың еңселері езіліп тұрды. Көп алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың отбасына арнаған көңіл білдіру лебізі оқылды. Содан соң сөз алған азаматтар оның адал еңбегі мен мінсіз қызметі айтылды. Сыр журналистикасының дамуы мен өркендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті. Қаралы жиын аяқталысымен жаназасы шығарылып, Жолдасбекті ақтық сапарға қимай шығарып салды. Бақұл бол, әріптес!- деп қаламдастары қинала іштей қоштасты. 

Осы кезде айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбектің «Көк шыққанға бір қуанып,

Шөп шыққанға бір қуанып,

Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып» деген өлең жолдары еске түсіп, әр нәрсенің жақсылығына балаша қуанып, өсер ұрпақты бағып-қағып алданып жүргенде, өмірдің осылай адамнан жылыстап кете баратынын сезіндім. Сезіндім де, өкіндім. Өкінгенім, Жолдасбек осы алдағы жылға аман-есен жеткенде, ақ желеңді 70 жасқа толатын еді. Жетсем деген арманы орындалмады, пенденің емес, Алланың дегені болды. Жалпы өлім жайлы ешкімде жақсы сөз айтқан емес. Адамдар оған Алланың, тағдырдың жазуы деп қараған. Міне, алланың жазуы осылай болды…

Жолдасбек кісі киіктеу еді. Бірақ жаны өте нәзік болатын. Адам жанын қисынсыз сөзбен жараламайтын. Өтірік айтқанға жаны қас еді. Кейбіреулердей қосып та, есіп те, бөсіп те айтпайтын. Айтар сөзін тура жеткізетін. Артына кек, реніш сақтамайтын жаны таза еді. Бір айтқан сөзін екінші рет қайталамайтын ержігітке тән мәрт еді. Түсінігі зор тұғын. «Сыр бойында» жүріп қаншама басшылармен қызметтес болды. Атап айтқанда, Қалқабай Әбенов, Нұрділді Уәлиұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық Рахматулла және Серік Пірназармен бірге тізе қоса қызмет атқарды. Жолдасбек өте сауатты, қаламы қарымды журналистер қатарынан еді. Әсіресе, экономика тақырыбында сараптамалық қалам тартқанда, білікті экономистердің өздері жасаған талдауларына таңғала, таңдана мойындайтын. Әсіресе, еліміз нарыққа көшкен тұста, нарықты сұраныс пен ұсыныс реттейтінін тайға таңба басқандай етіп жазғанда, облыстағы көптеген экономиканың білгір мамандары Ж.Ақсақаловқа риза болып жүрді.  Сол кезеңдегі облыстың елге танымал экономист азаматтары, аға буын өкілдері Бименді Баймаханов, Камал Шөкенов, Қалқазбек Әжібековтер Жолдасбекпен тікелей байлыныста болып тілдесіп, ой бөлісетіндіктерін айта кеткеніміз жөн болар. Ешкімде экономика тақырыбында жазған  материалдарына уәж айтып көрмеген. Міне, бұл Ж.Әлімханұлынының сол тақырыпқа маманданып алған шеберлігінің айқын дәлелі. Ол экономика да сандарды тізбейтін, талдап тұрып сөйлететін. Көп нәрсені тұспалдап, болжаммен оқырманға түсінікті, ұғынықты етіп жеткізетін. Міне, білімділік, біліктілік. Міне, шеберлік.

Екінші қыры саясатқа да қорықпай қалам тербейтін. Сталиннен бастап, Горбачевқа дейінгі жазған кітабын алып оқысаңыз оның саяси сауаттылығына таң қаласыз. Кремльдегі бақталастық пен тақталасын оқып білгенде, еріксіз жағаңызды ұстайсыз. Қазақтың мықты жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Журналистер көреген – халық. Аспандағы бүркіт жердегі қыбырлаған құмырсқаны көрсе, журналистер жұрт жүрегінің әр лүпілін сезеді де, жарыққа шығарып жария етеді» деген еді. Міне, Жолдасбектің экономиканы да, саясатты да көрегендігімен жаза білетіндігі оқырмандарын қызықтыратын. Оның әрбір жазған материалдары мен кітаптары сонысымен құнды. Жолдасбектің үшінші қырын айтар болсақ, ол тәжірибесі мол тәржімашы болатын. Сондықтан болар, ол Кремль төңірегіндегі тайталасты орысша оқып, өз түсінігімен жазып шыққаны.

Алда Жолдасбек Ақсақалов жайлы талай жақсы дүниелер жазылары анық. Оны уақыт еншісіне қалдырамыз.

Құрдасымның жаны жәнәттан болып, Алланың нұрына бөленіп, Пайғамбарымыздың шапағатына кенеліп, Топырағы торқа болсын дейміз! Отының басына аманшылық, есендік тілейміз!

Кенжалы Ерімбетов,

«Сыр медиа» жанындағы

ардагерлер ұйымының төрағасы