От боп жанар жастық шағын жау шебінде өткізген

252

0

Фото: Егемен Қазақстан газеті

Көкем соғыс жайлы айтуды қаламайтын. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесі қарсаңында өзге ардагерлермен бірге ауыл орталығындағы, мектептегі салтанатты шараға шақырылатын. Сондай кездері кеудесіне бар орден-медальдарын тағынғанымен  ол кісі маған сол шараға әзер баратындай әсер қалдыратын. Онымен ісіміз қанша,  салтанатқа қатысқан ардагерлердің  балалары, неміс басқыншыларын  тек өз әкеміз жеңгендей күй кешуші едік…

Иә, содан бері де  қаншама уақыт зырғып өтіп те кетіпті. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланбақшы, әкемнің туғанына да 100 жыл толыпты.

Әкем Балабай Оралбайұлы 1925 жылы  Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында  дүниеге келген. Соғыс басталған жылдары әкем Қызылорда  педагогикалық училищесінде оқып жүрген  екен. Әскерге алыныпты. Самарқандағы кіші  командирлер даярлайтын курсты бітірген күні бір топ жасты іріктеп, ерекше тапсырма беріліпті. Ол тапсырма бойынша бұл топқа жауынгерлер мінген эшолонды тиісті орынға жеткізу тапсырылады. Оны орындаған соң елге қайтулары қажет-ті. Алайда, соғыста не болмайды?! Бұлар Қызыл Тулы Кутузов, Суворов және Богдан Хмельинский орденді Черкасс артиллерия полкінің жауынгерлерімен  бірге ұрысқа қатысады. Ол зеңбіректе оқтаушы болыпты.  Иә, «артиллерия – соғыс құдайы» деп аталғанымен ол дәлдікті, жылдамдықты қажет етеді.

– Осы талап Польшаның Краков қаласы үшін  айқаста анық байқалды,– деп еске алатын көкем. – Оқ борап тұр, алға жылжуға мүмкіндік жоқ. Жаудың оқ боратқан нүктесін жойып жіберу ғана  жаяу әскердің ілгері жылжуына  мүмкіндік береді. Завод трубасының түбіне бекінген  жау мергені  бас көтертпей оқ боратып тұр. Ұяны нысанаға алған алғашқы оғымыз мүлт кетті, соңғы екі снаряд  көздеген мақсатқа жеткізді. Сөйтіп жаяу әскер алға жылжыды.  Бұған дейін де Украина, Молдавия, Румыния  жерлерін азат етуге  атсалысып,  өмір мен өлім тайталасқан небір сұрапыл жағдайларды  бастан өткергенбіз.

 Бірде өзіне  бетпе-бет қару кезенген жау әскерінен жалтарып,  ту сыртынан шығып, екі солдатын тұтқынға алғаны бар. Тағы бірде Карпат тауының бір жотасында бекініп жатып,  екінші жотаның үстімен қашып бара жатқан неміс машиналарын атқылаған-ды. Екі машина қирады, бірі санитар машинасы екен де, екіншісі үлкен шенді  офицер мінген  көлік екен, жаудың бесеуі жер жастаныпты.

Үш жылға созылған майдан даласын еске түсіргенде  көкем көзімен көрген  талай сұмдықты  айтып отыратын еді. Польшаның Майдоники селосындағы  концлагерьде кілең кемпір-шал мен  балалардың сұлап жатқан мүрделерін көрді, бәрін атып кетіпті. Көкем өздерінің өлімді көздерімен көріп, бойлары қанша үйренсе де осы жолы жылап жүріп, олардың бәрін көмгендерін, еске алса әлі күнге тұла бойы түршігетінін айтып отыратын-ды.  Майданда  күтпеген жағдайлар бола беретіні бар. Бірде  бұлардың полкі картадан жаңылысып,  өзге деревняға  кіріп кетіпті. Взвод жауынгерлері түскен  үйде  жасөспірім қызымен  ересек әйел тұрады екен. Іштерінде неміс тілін түсінетін еврей жігіті олармен сөйлесіп, жақын маңдағы үйде көп адам жасырынғанын біледі. Взвод командирі  қасына еврей жігіті мен біздің көкемді алып, сол үйге барады. Кіл қарттар мен бала-шаға, әйелдер – барлығы елу шақты адам екен. Неміс  азаматтарына зорлық-зомбылық көрсетпеу туралы  Сталиннің  бұйрығымен танысқан олар осы арада жасырынған 200-дей неміс солдаттары бар екенін  айтады.  Олар бекінген сарайды   қоршауға алған кеңес әскерлері жау жағын оңай қолға түсіреді. Сүйтсе көпшілігі 15-16 жастағы жасөспірімдер екен. Демек, ел басшылығының ойланбай жасаған  әрекеттері қаншама неміс халқының қырылуына әкеп соқтырды. Ендігі ауыртпалық мына жасөспірімдердің мойнына түскені ғой. «Жауды аяған жаралы» дей тұрғанмен де өмірдің мәнін енді сезініп келе жатқан шақтарында қолдарына қару алған оларды аяғаны бар.

Көкемнің соғыс жайлы  әңгімесі бір-біріне жалғасып жатушы еді. Кеңес әскерлері  неміс жеріне дендеп  енген сайын тегеурінді қарсылыққа ұшырады.  Олар кез келген уақытта, ойламаған жерден  шабуылға шығатын. Сондай шабуылдың біріне бұлар да тап болды. Таң қараңғысынан төтеннен шабуылдаған  жау әскері бұларды біраз тықсырып-ақ тастады. Дәл тиген оқтан бір зеңбіректері істен шықты, жауынгерлер қатары да сиреп барады. Өзі де жеңіл жарақат алды. Жау бұлардың полкін, бір двизияны қоршауға алды. Жан алып, жан беріскен  екі күн бұлар үшін  бітпестей көрінген-ді. Қоршауды бұзып өтіп,  кеңес әскеріне қосылғандары, бірін бірі құшақтап қуанғандары, бақилық болған қаруластарын  еске алып мұңайғандары естен кетер ме, сірә. Тынығу, тойып тамақтану дегенді ұмытқандарын қалай ұмытсын.

Бірде әншейінде едәуір алда жүретін  жаяу әскер тым  жақын жерде жүрді. Жау жағы әбден бекініп алған, ілгері бастырмайды.  Көздеген нысананы байқап атпаса, өз жауынгерлерін жаралайды. Алдан немістің танк коллоннасы көрінді, аузынан от бүркіп қойып, ілгері жылжып келеді.Оларды атуға команда берілді. Ысқырған снаряд даусынан құлақ тұнады. Жау танкісінің біреуі отқа оранды, екіншісі, үшіншісін саптан шығарды. Төртіншісін көздегені анық, атты ма, жоқ па білмейді, есінен танып қалыпты. Кейін білгендей өз бөлімшесі  жау танктерін қиратып, алға жылжыпты. Өзі атқан оқтан жаудың төрт танкісі, 17-і жауынгері жер жастаныпты, өзі де ауыр жараланыпты. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталған. Осының алдындағы Краков майданында «Ерлігі үшін» медалін алған-ды.

Ұлы Жеңіс хабарын әскери госпитальда естіді. «Жеңіс», «Біз жеңдік» деп бірін бірі құшақтаған жаралы жауынгерлерге  қарап тұрып, үнсіз егілген еді. Майдан даласында  қыршынынан қиылып, осы күнге жете алмай кеткен қарулас достарын еске ала тұрып, өкінішпен егілген.

Әкем Балабай Оралбайұлы, соғыстан кейінгі  жылдары ауылдың бар шаруасына атсалысты. Ферма басқарды, партия ұйымының хатшысы, совхоздың бас агрономы болды, сауда саласында жұмыс істеді. Қайда жүрсе де, қайбір  істі қолға алса да өзінің адалдығынан,  жауапкершілігінен әсте ауытқыған емес. Абыройсыз да болмады, өзгелер секілді баюды да көздемеді. Оның бар байлығы, өзінен және інісінен тараған ұрпағы еді. Солардың оқып, білім алуына жағдай жасады, олардың қай істе де әр кез адал жүріп, анық басуын қалады. Шындығында, әкемнің тәрбиесін көрген әрбіріміз өтірік, өсек айтудан, біреудің ала жібін аттаудан, біреуге жала жауып, пәле салудан, қызметі жоғары  лауазымды жандарға жағынудан аулақ болдық.

Бәрі де еске түседі. Біз ол кезде ауылдың шет жағында «Қосапан» деп аталатын жердегі  екі бөлмелі қоржын тамда тұратынбыз. Үйден адам арылмайтын. Осы кезде ойласам, олардың дені ата-анасыз қалған жетім балалар, мейірімге шөлдеген жандар екен ғой. Солардың бірі көкемнің өз нағашысынан қалған Садуақас, ол жастайынан біздің үйде өсті. Үйлендіріп, өз алдына отау етіп шығарды. Әттең ғұмыры келте болғаны ғой, кездейсоқ қазаға тап болған оны көкем өзі  арулап жерлеген-ді. Сонымен қатар  бірі шопан, бірі бақташы болып, мал бағатын екі ағамыздың аналары кезектесіп, немерелерімен біздің үйде болатын. Оның үстіне өз әкесі Оралбай атамыз бар. Осы кезде ойлаймын, осы адамдардың бәріне, өзінің он баласына, олардан тараған немерелеріне, үйдің бүкіл шаруасына  анамыз Айжамал қалай үлгірген?! Әрине, ересек балалары көмек береді ғой, дегенмен бар ауыртпалық  анамыздың өзіне түседі емес пе? Демек, анамыздың да көкем сияқты жүрегі кең, пейілі дарқан болғаны ғой.

 Осылай адам топырлап жатқан үйімізге  көкем бірде қыстың қақаған суығында мосқалдау келген үш ер кісі мен бір әйелді ертіп келді. Тоңып та, ашығып та қалыпты. Алматыдан келген әртістер екен. Ауыл-ауылды жаяу аралап, концерт беріп жүрген олар өздерінің концерттен кейін  қайда барарларын білмей тұрып қалғандарын, басшылықтан ешкімнің жоламағанын айта келіп, көкеме алғыстарын білдіріп жатты. Мезгілсіз уақыт болса да көкем қорадағы бір қойын сойып, сол кісілерді күтті, ертеңіне келесі ауылға дейін жеткізіп салып, басшылыққа тапсырып келді. Мұның өзі әкеміздің үлкен жүректі жан екенін дәлелдейді емес пе? Өзінің от боп жанар жастық шағын жау шебінде өткізген  әкем ұрпағына, бүкіл елге тыныштық пен бейбіт өмір тілеумен өтті…

Жыл сайын 9 мамыр, Жеңіс күнінде  бүкіл ағайын-туыс, көрші-көлем біздің үйде бас қосатын еді. Жеңіс күнін әкеміздің туған күні етіп алғанбыз, сол күні  әулеттің үрім-бұтағы бас қосып, әкемізді құттықтаушы едік. Қазір де сол күні  әке рухына құран бағыштаймыз.

Сол әкеміз биыл Ұлы Жеңіс күні 100  жасқа толады екен. Кезінде Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға, осы ауылдың өсіп-өркендеуіне біздің әкеміз Балабай Оралбаев та  елеулі үлес қосты. Демек, күн сайын көркейіп келе жатқан ауылдың бір көшесін әкеміздің атына беруге әбден болады деп сенемін.

Қожабек Балабайұлы ОРАЛБАЕВ,

еңбек ардагері.

Аманкелді ауылы,

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<