Сыр өңірі медицинасының шежіресін тарқатсақ, сырлы сезімге толы тарихтың тағылым беттерін тани түсеміз. Таныған сайын танымал тұлғалардың тұғыры, ерен еңбегі көз алдымызға келеді. Сосын «өмір-ай» дейсің де, жүрекке жылы ұялаған жайсаңның жарқын жолын жан дүниеңмен беріле ойлайсың.
Үстіміздегі жылы туғанына 90 жыл толатын, аймақтың денсаулық сақтау ісінде озық орнын қалыптастырған, білікті акушер-гинеколог Сағынтай (Шолпан) Момынжанқызы Көпірбаева (Әлназарова) жайлы тереңінен естелік айту – үлкен парыздың бірі. Мынадай қым-қиғаш тіршілікте өткеннің өнегесі өшпеуі тиіс, бұл – бұлжымас бақыттың бір бөлшегі. Есімі еленіп, ел жадында сақталса, қаншама зәру науқастың үмітін өшірмей, ертеңгі күннің ырзығын сүйдірген өлшеусіз еңбегі кімнің көңілінен өше қойсын. Сағынтай Момынжанқызы ұрпақ саулығының несібесіне жаратылған жоғары санатты дәрігер болып, тарихта аты қала береді!
«Тау алыстаған сайын асқақтайды» деген даналық дәріптеудің өзі сөзімізге сына ой қосты. Жақсы адам жайлы жазу – кейінгіге берген тәрбие. Ендеше өмірден озса да соңынан жағымды естелік қалдырған анамызды еске алған артық емес.
Иә, Сағынтай Момынжанқызына арналып жазылған «Дана дәрігер» кітабы жарыққа шыққаны белгілі. Кітапта кемел ой, керемет пікір жеткілікті. Ғибратты асыл ғұмырын Сыр медицинасының дамуына арнап, ана мен бала тағдырына күрескен өз заманының зиялысы, өз дәуірінің даңқты дәрігері, өз саласының суығына тоңып, ыстығына күйген ақ халатты абзал жан ретінде әлеуметке әйгілі.
Шолпан Көпірбаеваның өмірге келген уақыты алапат аштықтан кейін коммуналар орнына артельдер ұйымдастырылып жатқан кезеңге сәйкес келеді. Ел ептеп ес жия бастаған тұста, 1935 жылдың жылашар бетін ашып, дәл бірінші қаңтарда дүниеге келді. Қатал қыста туып, адуын аязына шыңдалған Шолпан ес білгеннен еті тірі болып өсті. Қасиетті Қармақшының текті топырағынан, Алтын руының Мәметек аталығынан нәр алған Шолпан апаның азан шақырып қойылған есімі Сағынтай болған екен. Ол 3-4 айлығында үлкен ағасы Момынбайдың қолына беріліп, үлкен шаңырақта өседі. Ұлағатты анасы мен жайсаң жеңгелері қазақы дәстүрге сай атын атамай Сағынтай емес, Шолпан дейді. Өмірінің соңына дейін солай аталып кетті де және оны айналасындағылар да, отбасында да осылай атағанды құп көрді.
Жасынан білімге құштар Шолпан апай мектептің 7-ші сыныбын бітіріп, Қызылорда медицина училищесіне оқуға түсті. Оның да сыры бар. Елді жайлаған ауру-сырқау қыз жүрегін көп мазалап, онымен белсенді айналысуды көздеген екен. Сол үшін фельдшер мамандығын таңдап, оны үздік тәмамдады. Жанама кешкі мектепті де 1957 жылы үздік бітірді. Сөйтіп 1959 жылы жолдамамен Ақтөбе медицина институтының «Емдеу ісі» мамандығына оқуға қабылданады.
Албырт жастың ізденімпаздығы ұстаздарын тәнті ететін. Ол кезде Қызылорда облысында дәрігер мамандар тапшылығы кәдімгідей сезілетін. Оның ішінде, акушер-гинеколог ауадай қажет болды. Шолпан Момынжанқызы 1966 жылы институтты сәтті аяқтап, Қызылорда қалалық перзентханасына акушер-гинеколог болып орналасты.
Әрине, жарық дүние есігін ашуға асыққан сәбилер сағатқа қарамайды. Сенбі, жексенбі, тіпті мереке күндері де жұмыс басында өтіп жататын. Перзентхана жүкті аналарға лық толатын кездер көп. Әдеттегідей дәрігер Шолпан Момынжанқызы пациенттерін жылы жүзімен қарсы алып, жас аналардың жігерін жанитын.Үйде босанып қалып, аяғы түрлі инфекцияға ұшырайтын да фактілер кездесті. Бұл жағдайлар жас маманды ширатты, тәжірибесін толықтырды. Арада 9 жыл өтіп, кәсіби мүмкіндігі кеңейген кезде оған үлкен жауапкершілік жүктелді. Бас дәрігердің орынбасары болып тағайындалды. Бұрын науқаспен жеке-жеке жүздесіп, ем-шараларын қадағалайтын болса, енді әрбір дәрігерді үйретуге, аурумен күресу тәсілдерін түсіндіруге тиісті еді. Жауапты лауазым биігін атқару барысында қалалық перзентхананың іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етілді, сапалы медициналық қызмет көрсету аясы кеңи түсті.
Рас, жүктілікті жоспарлау, әйелдің босанғанға дейінгі ахуалы мен күтімі өте өзекті еді. Абзал жандардың арқасында жауапкершілікпен жүзеге асқан нәтиже өз жемісін берді. Басты бақылауды бас дәрігердің орынбасары өзі жүргізіп отырды.
Мұнан кейін Шолпан Момынжанқызы әйелдер консультациясының меңгерушісі қызметін атқарды. Тағы да жүкті әйелдермен жүйелі жұмыс жүргізу жүктелді. Ең бастысы, аналардың амандығын сақтап, балалардың өліміне жол бермеу жолға қойылды. Бұл еңбек жеңісі ғана емес, уақыттың үстем көрсеткіші болатын.
Ол 1975 жылы қалалық біріккен ауруханаға ауысып, жоғары санатты акушер-гинеколог ретінде өзінің міндетті қызметін қалтқысыз атқарды. Облыстағы ең сұранысты ота жасайтын білікті дәрігер ретінде бірнеше ауданда кеңесші болды. Қаншама ана мен сәбидің тағдырына араласып, кейінгі өмірінің аманатына араша түсті. Өйткені әр минут санаулы. Жұмыс уақыты аяқталды деу дәрігер үшін шартты мезгіл ғана саналатын.
«Ежелгі грек ғұламасы Гиппократ «Дәрігер – құдайға жақын адам» немесе «Данышпандықты іздесең, соның бәрі де медицинадан табылады» деген екен. Біз осы Гиппократтың антына адал болдық. Қызмет барысында түрлі мәселе туындады, бірақ дер кезінде түпкілікті шешілуін қамтамасыз еттік» деген екен Шолпай апай кейінгі ізбасарларына.
Шолпан апай 1995 жылы зейнетке шыққанша перзентханада әрбір өмірдің бастауына себепкер болып, әр сәбидің Анасы атанды. Ана мен бала денсаулығы үшін аянбай еңбек еткен елеулінің бірі ретінде, ол Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды, халықтың сүйіктісіне айналды. Осының бәрі оның біліктілігіне берілген баға еді, маңдай тер, өлшеусіз еңбегіне құрмет болатын. Мемлекетіміздің ең басты байлығы – адами капиталын сақтау жолындағы қызметі үшін медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Оның ең үлкен марапаты халық алғысы болатын.
Шолпай апайдың жолдасы Әлназаров Шәріпбай Әлназарұлы бес мыңнан астам ота жасаған, жоғары санатты уролог-дәрігер. Ол – Сыр өңірінің урологиялық қызметін жолға қойып, бүйрек-қуық ауруларын емдеуде зерттеу жүргізген дәрігер.
«Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана» депті бұрынғылар. Олай дейтіні, жақсылыққа ұйыстыратын ел ұйытқысы – ана деп қастерлеген. Бұл қастерлі қағиданы Шолпан апаның да өнегелі өмірінен аңғаруға болады. Асылында, «Бақ – құдайдан, бап – жұбайдан» деген сөз тегін емес еді, оның жолдасына деген махаббаты, құрметі мен сыйластығы өмірлік берік байламға айналды. Шаңырақтың шаттығы үшін шын пейілін, жүрек жылуын арнады. Жан жарын жылы сөзімен жебеп, оның алаңсыз еңбек етуіне барынша ықылас қойып, Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Алматы қалаларындағы дәрігерлерді қайта даярлау институттарында оқып, тәжірибе алмасуына үнемі қолдау жасап отырды. Сондай қызу қолдаулар Шәріпбай Әлназаровты емдеу саласындағы ерекше еңбегінің еленуіне, медицина майталманы дәрежесіне көтерілуіне біртабан жақындатты. Шипагер Шәкеңнің Қызылорда облысында алғашқы урологиялық бөлімшенің негізін қалаған қолтаңбасы халық назарына ілікті, мемлекет тарапынан марапатталуына мүмкіндік ашты. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері ретінде ділгір қаншама науқасқа өмір сыйлады, сыздаған сырқатын жазды, денсаулығын түзеп, қатарға қосты. Бұл – дәрігер мамандығының маңызды міндеті болса, оны мінсіз атқарған кісінің киелі жолы.
Оларды ел «Қос Шәкең» дейтін. Шәріпбай ағаның ұқыптылығы мен талапшылдығы, Шолпан апайдың сабырлылығы мен биязы мінезі, жұмысына деген махаббаты, көпшілікке деген дастарқаны айналасын досқа толтырды. Олар ізінен шәкірт ертіп, еңбекке баулыды.

Облысқа белгілі Шәріпбай аға мен Шолпан апайдың отбасылық өмірі де өнегесімен дара тұрды. Жауапты да күрделі мамандық иелері бола жүріп, бес перзент тәрбиеледі. Сол перзенттерінің бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қосқан сүбелі үлесі бар екенін де айтқан ләзім.
Халық даналығында: «Бестің басы бол!», «Бес саусақ біріксе жұдырық болады» деп жатады. Дәл осы бес саусақтай бес перзенті Ұлы Абайдың бес өсиетіне сай өсті. Әрқашан сақ жүріп, жауға иілмей, өсекке ермей, өтірік айтпай, арын сатпай халықтың қалаулы азаматтары атанды. Шолпан, Ақмарал, Ақтоты ата-ананың сүйікті мамандығын жалғап, денсаулық сақтау қызметінде еңбек етеді.
Ұрпақ алдында әке мен ана қашанда алып бәйтеректей сезіледі. Олардың тұлғасы мен өсиеті бала жадында мәңгі қалады. Осы ретте, Әлназаров Шәріпбай Әлназарұлы мен Шолпан апайдың тұстастары, достарының да есімдері тарихта қалған жандар. Олардың әрбірінің есімі денсаулық сақтау саласының алтын парақтарында жазулы тұр. Олар – Варлен Исаұлы Исаев, Ернияз Омарұлы, Құлсартов Сағымбай Қарақұлұлы, Мира Ыдырысқызы, Әділ Ізтілеуұлы, Көшкінбаев Елемес пен Лиза, Бибажар Медетбайқызы, Бейісов Мұхтар, Сәуле Сағынбайқызы, Тоқтар Естайқызы, Сара Төлегенқызы Дәуітбаева, Людмила Гайсаровна және тағы басқа да өз өмірін игі дәрігерлік іске арнаған жандар. Бұл жандар қазір естелік болғанымен, сол кезеңнің мықты азаматтары, жан арашашылары еді.
Иә, ана дегенде елжіремейтін жүрек, тебіренбейтін пенде, толғанбайтын сезім жоқ шығар, сірә… Алаш арысы Міржақып Дулатов айтқандай, бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – Ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ананың махаббатына, құдіретіне тамсанған талай ақын әнін арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген. Сондықтан ана – киелі есім!
Негізі, Құранда «Анаңды сыйла, бар жақсылықты анаңа жаса» деп үш рет қайталанып айтылады. Өйткені, ол бізге әлемнің жарығын сыйлайды, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін емізеді, бесік жырын жырлайды, ана махаббаты тұла бойымызға нұр, жыр болып төгіледі. Осындай өлшеусіз еңбегі үшін жұмақтың кілті анаңның табанының астында деген тәмсіл текке айтылмағаны белгілі. Себебі дүниеде ана махаббатынан асқан қасиетті, ана жанашырлығынан асқан шынайы байлам жоқ.
Әке мен Ана. Олар – кейінгі ұрпақтың бағдаршамы. Сол бағдаршамды бағытқа алып жүру әр баланың мақсаты болып қалуы тиіс.
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист






