Сталин қайтқан күн еді…

170

0

…Соғыста неміс тұтқынына түскен тартоғайлық Бектұрған Маханов пен ақтоғандық Пазылхан Қалышевты «Власов армиясында болғансыңдар» деген жаламен жиырма бес жылға соттап, Сібірге айдаған еді.

Соғыстың от-жалынын кешкен соқталдай жігіттер қарулы, жанкешті. Сондықтан олар бұл алыс сапардан қашып шығып, бір жыл сегіз айдан соң ауылдарына келді. Бірақ алдарынан аңдып отырғандар оларды тағы да тұтқындап, пойызға отырғызды да Қарағандыға әкеліп түсірді.

…Түрмеде қара жұмысқа салды. Жұмыстың негізгісі вагонға көмір тасу. Азаннан кешке дейін күрекпен көмір лақтырады. Үсті-бастары көрден шыққаннан әрі болып, тар қапасқа кіреді. Күріш ботқа, сылдыр сорпа, қара нан. Күнара Бектұрған екеуін сұрақтың астына алады. «Власов не тапсырма берді?», «Тағы қандай тыңшылар бар?». Сұрақтары осындай.

Осы жерден Пазылхан тағы да қашып шықпаққа бекінді. Екеуінің бірдей қашуы неғайбыл. Өйткені түрме қарауылы күшейтілген.

Сонымен, Пазылхан бір түнде тікенек сымнан шығып, «ал, қайдасың ауыл» деді. Соғыстың тозағынан, Сібірдің тұзағынан құтылып келген оған бұл әрекет аса қиынға түспеді. Сол кезде түрмеден қашқандар да, қайта ұсталып жатқандар да жетерлік.

Кеше осы Отанның тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп еді, енді өз тыныштығын іздеп бас сауғалады.

Жолға бес-алты күн өткізіп, үй-жайымен қайта қауышты, Пазылхан. Бірақ араға көп уақыт салмай қайта тұтқындалды.

Елге қарар бет жоқ дейтін кінәсі не? Қисынсыз жаланың қыл шылбырынан қашты. Бірақ Қалышевқа бұл жолы бұрынғы айыптарының үстіне «диверсиялық әрекеттерге қатысы бар» деген жала жапсырылды, ату жазасына кесті. Оны тексеріп жатқан әділ үкімет қайда? Сот солай деді ме, болды.

…Тағы да Қарағандыға әкеліп түсірді. Ағасы жалғызсырап, азып кетіпті. Пазылхан ауылдың амандығын біліп қайтуға барып-келіп жүргендей-ақ екеуі армансыз сырласты. Бір-бірін құшақтап ауыр күрсіністі. «Мені ату жазасына кесті» дегенде Бектұрған қатты шошынды.

– Қорықпа, аға, көрер жарығым бар екеніне сенем. Осы жалақорлар Алла-аруақтардан күшті емес. Бір Құдай біледі, түсімдегі аян анық келеді. Аталарым аян арқылы менің сегіз перзентім болатынын айтқан.

Осы сөзді естігенде Бектұрғанның көңілі жай тапты.

Бірақ ақпан айының аяғына таман бірнеше адамды ас-ауқаттан қысып, бөлектеп ұстады. Бұл – ату жазасы орындалуға жақындады деген белгі. Осы кезде түрме бастықтары сотты болғандардың тағдырын ойыншыққа айналдыра бастаған. Тікенек сым сыртында биік үйілген көмір-төбе жататын. Биіктігі шамамен бес қабат үйдің бойындай болады. Сол көмір-төбенің дәл басында бір жарым тонна салмағы бар тайқазандай бір тас жатыр. Оны ол жерге кім шығарған, неге шығарған, ол – жұмбақ.

Түрме бастықтары «егер кімде-кім сол тасты домалатып, жерге түсірсе, соған бостандық береміз, ал, әрекетінен дым шықпаса атып тастаймыз» деп жар салды. Бұл – олардың көңіл көтеру әдісі. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» дегендей. Әлгі тасты темір шынжырмен шандып тастаған және оны көмір-төбенің қақ ортасындағы темір қазыққа бекіткен.

Сапта тұрғандар бір сәт үнсіз қалды. Бұл ойынға бөлек ұстай бастаған Пазылхандар да қосылған болатын.

– Мен! – деп бір орыс жігіті алға шықты.

– Мен! – деді Пазылхан да.

Басқалардың бәрі өз «менін» ұмытып қалғандай, жым-жырт.

– Сен онсыз да ату жазасын алғансың, бәрібір өлем ғой деп тұрсың, – деді жирен капитан Пазылханға жақын келіп.

– Өлем деп емес, өлмеймін деп шығып тұрмын!

Пазылханның саңқ ете қалған даусынан капитан селк ете түсті.

– Сен бар, – деді сосын саптан шыққан әлгі орысқа даусын бәсең шығарып. Тасты домалату былай тұрсын, әлгі көмір-төбенің басына шығудың өзі бір күш екен.

Сорлы орыс төбе басына тырмысып, қайта-қайта төмен сырғып жүріп мініп алды да, темір шынжырды шеше алмай азаптанды. Белгіленген уақыт бар. «Түс!» деп ақырды жирен капитан. Амалсыз түсті, бейбақ. «Алып кетіңдер!» деді капитан. Алып кетті. Бостандық үшін жанталасып, ақырында өлімге кетіп бара жатқан сорлы орыстың сондағы адамшошырлық түрін көрген біреу болмаса, біз суреттей алмаймыз.

– Ал, енді сен бар! – деді капитан Пазылханға. Бағанағы селк ете қалған намысы жібермеді.

Пазылхан көмір төбенің басына ұшып шыққандай көтерілді. Орыс темір шынжырды шешуге шақ қалған екен. Бір-екі ырғап бұғауды босатып алды да, аса шапшаңдықпен тастың астындағы көмірді қазды. Тас орнынан қозғалды. Бір кезде төмен қарай домалап берді. Шынжырдан қолы ажырамай қалған Пазылхан қоса домалады. Абырой болғанда тастың астына түспеді, бір қапталында шыркөбелек айналып жерге келіп тоқтады. Бет-жүзін қан жуған Пазылханға Бектұрған бірінші жүгіріп жетті.

Сол жерден көтеріп емдеу бөліміне алып барды. Капитанның түрі бұзылып, көзі алайып кетті. Ертеңіне санчастқа келді де:

– Қалышев, сен ату жазасын алғансың, сені босата алмаймын, – деді. Уәдесін жұтты.

Бір сағаттай уақыттан соң түрмеден у-шу шықты. «Түрмедегілер түгел көтеріліп, қарауылдардың қаруын тартып алып, офицерлерді ұрып-соғып жатыр» деді дәрігер алқынып. Пазылхан іле орнынан қарғып тұрды да, төбелес легіне қосылды. Мылтық ұстаған қарауылдар соғыс көрген соқталдай азаматтардың қасында түйелі қойшыдай-ақ қауқарсыздығын көрсетіп, бет-бетімен қашты. Түрмедегілердің аузындағы сөздер мынадай:

«Әділдік жасасын!» «Сталин өлді!» «Коммунистік партия жасасын!» «Қуғын-сүргін тоқтатылсын!»

Осы күні барлық КСРО түрмелерінде жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Жаламен отырған көптеген соғыс жауынгері түрмеден қашып кетті. Бұл репрессиялық саясат жүргізіп, Кеңес Одағын қан қақсатқан Сталиннің өлген күні, 1953 жылдың 5 наурызы еді.

Осы тарихи оқиға көптеген жазықсыз жандарды өлімнен алып қалды. Сонымен, Қарағанды түрмесіндегілер де түгел болмаса да, бытырай қашты. Пазылхан мен Бектұрған да бостандыққа шықты. Олар көбіне түнделетіп жүрді. Бектұрған жұлдызға қарап жол болжауды жақсы білетін. Жүре келе айдалада бір қойшының үйіне кезікті. Тамақ ішіп әлденді. «Ел іші – ерен бесік» деген, әйтеуір жақсы жандар кезігіп, жан шақырып, көңіл демдеді. Үнемі Пазылханның жолы болады. Су ішсе де, нан жесе де, бабасына дұға бағыштайды. Бұл жолы да солай болды. Қойшы екеуіне астындағы атын берді. «Елдеріңе жақындаған соң босатып жіберіңдер, өзі қайтып келеді» деді қойшы.

Сонымен, екеуі атқа мінгесіп жолға түсті, жолға жетерлік азық алды. Бір апта жүріп Қаратаудың етегіндегі Шиелі шопандарының жайылымына келіп жетті. Осы жерде атты босатып жіберді. Жануар әудем жер барып, артына қарап бір кісінеді де, басын қиғаштап шаба жөнелді…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»