Сыбайлас жемқорлықпен күрес – дамудың басты кепілі

6

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ел дамуын тежейтін, қоғамдық сенімге нұқсан келтіретін ең өзекті мәселенің бірі – жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық ісі. Бүгінде мемлекет көлемінде мұндай жағымсыз әрекетке қарсы кешенді шаралар қабылданып, ашықтық пен әділдік қағидаттары нығайтылуда. Өйткені, аталған мәселе мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең қауіпті әлеуметтік құбылыстың бірі болып тұр.

Сыбайластық әкімшілік рәсімдердің тиімділігін төмендетіп қана қоймай, экономикалық өсімге айтарлықтай кері әсер етеді. Сарапшылардың сөзінше, жемқорлық белең алғанда ең алдымен көптеген мемлекеттік органдарға деген ел азаматтарының сенімі күйрейді. Қазына қаражатының мақсатсыз жұмсалуы, әділетсіздік, қоғамдағы теңсіздік де осы фактордан туатыны анық.

Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жүйелі жұмыс жоқ емес. Соның ішінде мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, сатып алу үдерісінің ашықтыққа көшуі, мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, қоғамның қай өкілі болмасын, түсіндірме жұмыстарының артуы жемқорлық ісін барынша қысқартқандай. Бұл жерде азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Сондай-ақ қоғамдық бақылау мен ашық талқылаулардың жиілеуі, азаматтардың құқықтық сауатының жақсаруы да сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруда.

Қорыта айтсақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес – ел дамуының маңызды кепілі. Мұндай мәселеде республикадағы әр тұрғынның адалдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашық әрі жауапты жұмысы – өзіміздегі әділетті қоғам құрудың негізі болып қала бермек.

Ғалымжан БАЗАРБАЕВ,

«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы»

РММ Күзет бөлімінің басшысы