Театрдың іргетасы қаланған шаһар

82

0

Қызылорда – қазақ үшін қасиетті топырақ, киелі жер. «Қазақ» атауын қайтарған қала. Сол үшін орны ерекше. Сұлтанбек Қожанұлы «Әрбір істе қазақтың жұмысы, қазақтың шаруасы көріну керек. Орынборда оның ішінде біздің астанамыз қалуға тиісті емес» деп 1924 жылы «Ақжол» газетінде жазған болатын. Арада көп ұзамай көштің басы Қызылордаға бұрылды.

Бұл – Түркістан республикасы ыдырап, қазіргі оңтүстік аймақтардың Қазақстанға қосылғаннан кейін астана мәртебесіне ие болған тарихи қала. Сондай-ақ қазақ жұртына өзінің төл қазақ атын қайтарған шаһар. Қаланың ел тарихындағы маңызды орнын көрсеткенде, Алаш қайраткерлерінің ұлт жолында жүзеге асырып үлгерген маңызды істерінің орталығына айналғанын айтуымыз керек.

Алаш қайраткерлерінің игі жұмыстарының ішінде Қызылорда қаласында ұлт театрының ұйымдастырылуын ерекше атағым келеді. Театрдың өмірге келуі қазақ мәдениеті тарихындағы елеулі із болып саналады. Ұлт театры ұйымдастырылуының бастауында да Алаш арыстары тұрғаны тарихи шындық.

Біздің мұнда келуіміздің басты себебі, атамыз Қошке Кемеңгерұлының пьесасымен 1926 жылы қаңтар айында Қызылордада Мемлекеттік театр шымылдырығын ашқан еді. Қошкенің ұрпағы ретінде конференцияда театрдың ұйымдастырылуы жөнінде кеңінен айттым. Қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы, театрдың тұңғыш директоры Дінше Әділұлы және алғашқы қойылымның авторы Қошке Кемеңгерұлы барлығы осы Қызылордаға шоғырланды. Сондықтан бұл ұлт мәдениетінің шырағы жағылған жер десек те болады.

Мұнда келген сайын қаланың қалай дамып жатқанына куә болып жүрміз. Күннен-күнге кеңейіп, дамып, өркендеп келеді. Алдағы уақытта да тың бастамалар сәтті жүзеге аса береді деп ойлаймын.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры,

 филология ғылымдарының кандидаты