(ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде)
Керемет жетістік
Халқымыз дәрігерлерді «Ақ халатты абзал жандар» деп бекер айтпаса керек. Мұның мәнісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына жолдаған құттықтауынан да айқын сезіледі. Онда еліміздің медицина тарихында Тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілмен салатын аса күрделі операцияның сәтті өткені айтылады. Қазір еліміз өте күрделі трансплантациялық операция жасайтын әлемдегі алты мемлекеттің қатарына кіреді. Керемет емес пе?!
Білгенге маржан
Ал мен архивімнен алынған «Білікті дәрігер» деген шағын мақаланы («Толқын» газеті 04.VI.2014 жыл) қайта-қайта оқимын. Авторы өкшелес інім, танымал қаламгер Аманжол Жолмағамбетов екен. Мақалада Нұрсұлтан есімді жасөспірімнен қан кетіп жансақтау бөліміне түседі. Ата-анасы қатты үрейленеді.
Дәрігер Бердімағанбетов Темірхан оларды сабырлыққа шақырып, қолдан келгеннің бәрі жасалатынына сендіреді. Жасөспірім 3-4 тәулікте сауығып, қалпына келеді. Отбасы мәре-сәре. Дәрігерге алғысын жаудырып, мешітте мал шалып, садақа таратады. Бұл бір-ақ факт. Айма-ай, мұнда қаншама ауыр науқастың түсіп, жансақтап шыққанын есептеуге арнайы бір есепші қажет-ау, – деп аяқтайды сөзін әлгі қоғам белсендісі.
Жансақтау (реанимация) дегеннің не екенін интернет желісін ашқанда білдім. Ағзаның күрт бұзылған немесе жоғалған өмірлік функцияларын қалпына келтіру және осындай ауыр сырқаттармен күресетіні айтылыпты. Бұл енді сыпайылап айтқанда о жаққа кету не есен-сау оралу. Гиппократ антына беріктердің «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтіні осындай қиындықты бастарынан өткізгендіктен екен-ау!
Ұтыс
Сонан көпке жанашыр, жансақтау майданының аудандағы бас күрескері Темірхан дәрігер жайлы дерек іздеп әр жаққа хабар салдым. Алғашқы мәлімет аудан әкімінің аппаратынан келді. Олар Темірхан Бердімағанбетовтың 2013-2019 жылдар аралығында алған марапаттарын жолдапты.
Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» және «Шапағат» медальдары, облыс әкімінің Алғыс хаты және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін иеленген. Сондай-ақ «Жылдың үздік дәрігері» номинациясы бойынша да жеңімпаз атанды. Бұл аз құрмет емес. Лайықтыларға ғана табыс етілетін және айқын марапат ұтысы. Лотерея ұтысы емес. Еңбек – ұтысы. Еңбек!..
«Қыздар шыққан төбеңіз»
жас дәуреннің көзі еді-ау!
Сол кейіпкерімді іздеп телефон номерін терейін.
– Көке, Темірхан Қуанышұлы тыңдап тұр, деген жұмсақ үн селт еткізді.
– Әй, Темірхан, сен осы қай жердің тумасысың, қайда оқыдың, соны айтшы, сұхбатты осыдан бастайық.
– Көке, қазіргі «Жіңішкеқұм» ауылдық округіне қарасты «Қыздар шыққан төбеде» 1975 жылдың наурыз айында жарық дүние есігін ашыппын.
– Әй, Темірхан, ол деген данқты аға шопан Бердімағанбетов Қуаныштың қысқы қонысы, жазғы жайлауы емес пе? Онда сен қайдан жүрсің?
– Е-е, мен енді сол кісінің алтыншы ұрпағымын ғой. Әкем 1984 жылы лауреат атанды. Әр жүз саулықтан 141-ден төл өргізді. Сонда алдымдағы Қуантқан мен Төрехан ағайларым және Гүлнәр, Қымбат, Айгүл тәтелерім бар. Төлді санап, әрі анасына табыстырып, үлгіре алмай қатты шаршағанымыз бар. Сонда мен үшінші сыныптың оқушысы едім. 1985 жылдың алғашқы айында бір газетте, Сіздің «Қазақ ССР-ы мемлекеттік сыйлықтың лауреатымен таныстырамыз» деген мақалаңыз шықты. Соны түнгі майшамның жарығымен отбасыма оқып бергенмін.
– Дұрыс. Бұл осыдан қырық жыл бұрын жазылған мақала еді. Еске сақтау қабілетіңіз күшті екен. Ол «Ленин жолы» (07.01.1985ж) аталатын басылым-ды. Мен соның Арал, Қазалы аудандары бойынша меншікті тілші едім.
Ширек ғасырлық дастан
Ал өзіңіз онжылдық мектептен кейін қайда болдыңыз?
– 1993 жылы (18 жасымда) Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түстім де, 1999 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірдім. Бір жылдық интернатурадан да сонда өттім. 2000-2001 жылдары Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты «Талап» ауылдық ауруханасында 1,5 жыл акушер-гинеколог болып жұмыс жасадым.
– Арал ауданының ауруханасына қашан ауыстың?
– Мұнда 2001 жылы келіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында 2004 жылға дейін жүріп, осы 2004 жылдан 2022 жылға дейін реанимация бөлімінің меңгерушісі болдым.
– Бөлімге әр ай сайын қанша ауру түседі?
– Санағаным жоқ. Бірақ елу-алпыстан кем емес.
– Аурудың негізгі түрлері қандай?
– Жүрек, қан тамыры. Ми, қан айналысы жүйесі, инсульт, жас балалардың әртүрлі аурулары.
Енді есептеп көрейік, мұнда ай-сайын 50-60 ауыр науқас емделсе, жылына қанша болады? Демек, бұлар жансақтау айқасының талай кезегінен өтті ғой. Өмірді – самал, өлімді – амал десек, бұл бөлім дәрігерлерін осы екеуінің шекарасында көз ілмей жан-жағын сергек шолып тұрған сарбазға ұқсайды, десек жарасар-ды. Әрине, бұлардың қолында отты қару жоқ, оның орнына жылы жүрек, аялы алақан, рухты сөз, біліктілік пен тәжірибе, ықылас пен ынта бар.
Темірхан дәрігердің еңбек өтілі бүгінде 25 жыл. Мұны мен ширек ғасырлық дастанға теңедім. Қателеспеген де болармын-ау, сірә.
***
Омырауы мақтан-медалға, архиві алғыс хат пен құттықтауларға толы. Кейіпкерімнің жұбайы Оразбаева Зәуре Әуезқызы ұлағатты ұстаз, Қуаныш Бахытбек есімді ұлының тәртіпті оқушы екенін де айта кеткенді жөн көрдім.
Шәкірат ДӘРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері, дербес зейнеткер





