Облыстық «Сыр бойы» газетінің 96 жылдығы және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қазақстан Журналистер одағы жаңа мүшелермен толықты. Өңір қаламгерлеріне арнайы куәлік пен төсбелгі табысталды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов қатысты.
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту жолындағы еңбектеріңіз жоғары бағалауға лайық. Соңғы үш жылда Сыр өңірі қаламгерлеріне деген құрмет пен қолдаудың артқаны байқалады. Атап айтқанда, екі азамат «Құрмет» орденімен, алты адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Онан бөлек, 2023 жылы облыстық «Сыр бойы» газеті «Үркер» сыйлығын, «Qyzylorda» телеарнасы «Тұмар» сыйлығын иеленді. Бұл – аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін және сала мамандарының біліктілігін дәлелдейді. Кәсіби мереке қарсаңында марапат алған және бүгінгі Журналистер одағына мүшелікке өтіп жатқан қаламгерлерді құттықтай отырып, баршаңызға шығармашылық табыс, еңбектеріңізге толағай жетістік тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Биыл шығармашылық одақ мүшелігіне өткендер қатарында облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Шаханова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағыныш Мұхитқызы, «Жаңақорған тынысы» газетінің авторы Ардақты Бақдәулетқызы, «Кызылординские вести» газетінің тілшілері Перизат Абдулазисова мен Айдана Мусаева, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Әлия Тәжібай, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшілері Мақпал Патенова мен Әсел Рзаева, «Сыр түлегі» газетінің бас редакторы Азамат Әбимолдаев, облыстық энергетика басқармасының баспасөз хатшысы Адина Ұзақбай және «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Замира Қонысжан, «Қоғам ТВ» телеарнасының тілшілері Аружан Бисенбаева, Индира Раисова, Аружан Серікбаева, «Толқын» газетінің тілшілері Айсәуле Нұрланова, Гүлмарал Сақтапова және бірқатар қаламгерлер бар.
Шарада отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін БАҚ саласының қызметкерлері мен ардагер журналистер де марапат төрінен көрінді. Ең алдымен басқарма басшысы Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен «Сыр медиа» ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжалы Ерімбетовті марапаттады. Сонымен бірге Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен облыстық «Сыр бойы» газетінің ардагерлері Қайырбек Мырзахметұлы, Рысты Бекбергенова, Ақпарат саласының үздігі Хұсайын Қоразбаев, «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов, «Ақмешіт апталығы» газетінің бөлім басшысы Айтолқын Айтжанова, Арал аудандық «Толқын» газеті бас редакторының орынбасары Абай Елеш, Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев, «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі Әйгерім Нәжмәдинқызы марапатталды.
Шара соңында ардагер қаламгерлер жастарға тілектестік білдірсе, ақын Сағыныш Мұхитқызы журналистер қауымын мерекемен құттықтады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






