Меншіктің бір түрі – зияткерлік меншік, оның объектілері адам ақыл-ойының туындысы болып табылады. Зияткерлік меншік біреудің меншігіне берілмейді және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады.
Зияткерлік меншікке адамзат ой-санасымен жасалған өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай –ақ коммерциялық мақсатта пайдаланатын таңбалар, атаулар жатады. Оның өзі өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық болып бөлінеді. Өнеркәсіптік меншікке патент берілетін өнертабыстар, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары мен атаулары енеді. Ал, авторлық құқық обьектілеріне әдеби, ғылыми шығармалар, музыкалық, бейнелеу, мүсіндеу, графика, сәулет, фотосурет туындылары жатады.
Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бастап Дүниежүзілік Зияткерлік меншік ұйымына мүше болып табылады, сонымен қатар, авторлық және аралас құқықтарды регламенттейтін көптеген халықаралық конвециялар, келісімдер мен келісімшарттардың қатысушы болып келеді.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы – 1967 жылы Стокгольмде (Швеция) құрылған‚ 1974 жылдан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі. Ол дүние жүзіндегі зияткерлік меншікті қорғау; зияткерлік меншік пен авторлық құқықтар саласындағы түрлі одақтарға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығына‚ шарттар жасасуға және ұлттық заңдарды бір ізге түсіру; өнеркәсіптік меншікпен байланысты технологиялардың берілуін оңайлатуға‚ оларға заңды және техникалық көмек көрсету; ақпарат жинау мен таратуға‚ халықаралық тіркеу қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге, осы ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы әкімшілік ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қол ұшын беру мақсатын көздейді.
Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік объектілерінің құқығын «Авторлық құқық және аралас құқықтар туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасының Патенттік Заңымен, «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңдарымен қорғау жүйесі қалыптасып, Зияткерлік меншік объектілеріне деген құқықтың бұзылғаны үшін әкімшілік, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Әділет органдарының зияткерлік меншік құқықтары саласындағы негізгі фукциялары Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасының сақталуы тұрғысында жеке және заңды тұлғалардың жүгінуі негізінде жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асыру; зияткерлік меншікті қорғау саласындағы заңнаманы қолданудың практикасын қорыту; зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын түсіндіру жөнінде құқықтық түсіндіру жұмысын қамтамасыз ету және өткізу, аталған саладағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен анықтау болып табылады.
ШАХАР БЕГЕЖАНОВА,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы





