Су көлемі ұдайы бақылауда

396

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Елімізде су қорлары гидрографиялық белгілер бойынша бассейндік жүйеде басқарылады. Ал, ел аумағы сегіз су объектілері бассейндеріне бөлінген.

Сала мамандарының айтуынша, олардың ішіндегі ең ауқымды әрі экологиялық проблемасы толық шешімін таппаған бассейннің бірі – Арал-Сырдария бассейні.

Бүгін Өңірлік комуникациялар қызметінің ақпарат алаңында тиісті сала мамандарымен вегетациялық кезеңнің өту барысы талқыланды.


– Арал-Сырдария бассейнінің аумағы өзге объектілермен салыстырғанда климаты жағынан ерекшеленеді. Оған жаз айының аптап ыстық болуы мен жауын-шашын мөлшерінің тым аз мөлшерде жаууы себеп болып отыр. Мұндай жағдайда су шаруашылығы – экономиканың барлық салаларының тұрақты жұмысы мен халық тіршілігінің қамтамасыз етілуіне, қоршаған ортаның тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Жалпы, Сырдария өзенінде су мол жылдары төменгі ағыста су басу қаупі орын алса, су аз жылдары вегетация кезінде су тапшылығы сезілді. Кейінгі жылдары Солтүстік Арал теңізін қажетті сумен қамтамасыз ету жағдайы төмендеп отыр. Кіші Арал теңізіндегі су көлемін төмендетпеу мақсатында биылғы вегетация кезеңінде Қаратерең су бекеті арқылы Арал теңізіне 997 млн метр куб су көлемін босату жоспарланды. Ал, жыл басынан бастап Арал теңізіне нақты түскен су – 1 158 млн метр кубты құрап отыр. Теңізге жіберілетін су көлемін ұлғайту мақсатында 24 мамырдан бастап Шардара су қоймасынан төменге қарай секундына 300 метр куб, 28 мамырдан бастап секундына 350 метр куб су баруда. Көксарай су реттегішінен тасталып жатқан суды қоса есептегенде төменге қарай барлығы секундына 650 метр куб су жіберілуде,- деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы.


– Облысымыздың егістік алқабын негізгі сумен қамтамасыз етуші Сырдария өзені Ферғана алқабының шығыс бөлігінде Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылуынан бастау алып, 2 212 км қашықтықта орналасқан Арал теңізіне барып құяды. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысы Нарын-Сырдария каскадында орналасқан жалпы сыйымдылығы 26,6 млрд текше метр құрайтын Тоқтағұл, Бахри Точик, Әндіжан және Шарбақ су қоймаларымен реттеледі. Биылғы жылдың 3 маусымында Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған судың көлемі – 16,3 млрд метр куб. Тиісінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 млрд метр кубқа артық болды. Соңғы жылдары Сырдария өзенінде су көлемінің аз болуына байланысты Кіші Арал теңізіне жиналған су көлемі 21,5 млрд текше метрге кеміді. Қазіргі таңда Кіші Арал теңізіндегі судың көлемін төмендетпеу және Арал теңізіне жіберілетін су көлемін ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.


– Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласы Сырдария өзені арқылы келетін су көзіне еріксіз тәуелді. Биылғы вегетациялық кезеңнің басында Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде жинақталған су көлемі өткен жылдан 0,6 млрд метр кубқа кем болуына байланысты 3,7 млрд метр куб су пайдалану лимиті белгіленді. Осыған сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен 187,5 мың гектар жерге егіс орналастыру жоспарланса, оның ішінде 81,2 мың гектарына күріш дақылын егу межеленіп отыр, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<