Су – тіршіліктің көзі

147

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, су – бүкіл тіршіліктің көзі, әлемдегі барлық ел үшін аса маңызды стратегиялық ресурс екенін айтты. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында.

Президент 2023 жылы ха­лыққа Жолдауында суды тиімді пайдалану жайына ерек­ше тоқталып, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Нақты міндеттер айқындалып, ау­қым­ды реформалар қолға алын­ды. Жаңа Су кодексі қабыл­данды.

Мемлекет басшысы ірі инфра­құрылымдық жобалар­дың, су нысандарын салуға және қалпына келтіруге бөлін­ген қаражат пен шетелдік инвестицияның, маман тап­шылығын жоюдың маңызды­лығына тоқталды.

Сондай-ақ халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиясын қол­дану, су дипломатиясын кү­шейту шараларын атап өтті. Су ресурстарын дамытуға үлес қосқан сала қызмет­кер­леріне алғыс айтты.

– Су экономикаға, эколо­гияға, халықтың денсау­лы­ғына, жалпы, барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сон­дықтан судың таза әрі қол­жетімді болуы өте маңызды. Елімізде Кіші Аралды құтқару үшін жылдар бойы ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Соның арқасында қашқан теңіз қайта оралып, айдыны суға толып жатыр.

Каспий теңізін, Балқаш көлін, басқа да су көздерін сақтап қалу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Су дұрыс пайдалана білсең – құт, ысырап етсең – жұт. Былтыр Қазақстанның бірнеше аймағы қарғын судан қатты зардап шекті. Мұндай жойқын табиғи апат елімізде бұрын-соңды болмаған. Күр­делі кезеңде сіздер қайсарлық пен кәсібиліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Әр қызметкер күні-түні еңбек етіп, апат салдарын жоюға белсене атсалысты. Мен бар­шаңызға шынайы ризашы­лығымды біл­діремін, – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Былтыр «Қазақстанның су шаруа­шылығы саласының ең­бек сіңірген қайраткері» құр­метті атағы бекітілді. Бүгін осы атақ бірқатар ардагерге берілді.

Марапатталғандар қата­рында Қызылорда облысының су шаруашылығы мамандары да бар. Сала ардагері Сұл­танбек Тәуіпбаев «Парасат» орденіне ие болды. Ал су нысандарын басқаруда білік­тілігімен көзге түскен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы «Шиелісушар» өн­дірістік учаскесінің басшысы Дихан Әубәкіров пен «Қаз­сушар» РМК Қызылорда филиалы «Қызылорда су торабы» өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Мақ­сұт Өтеулиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Аймақ­тың су қауіпсіздігін қамта­масыз ету, нысандарды тиімді пайдалану және суар­малы егіншілікті дамытуға еңбек сіңірген марапат иелерін құттықтаймыз.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі