Су жетіспеуіне байланысты Сыр өңірі күріш өсіруді азайтып жатыр

233

0

Фото: Pixabay

Соңғы жылдарда қызылордалық егіншілер дария деңгейіне алаңдайды. Сан алуан себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып, жоспарланған көлемде егін егуге кедергісін келтірді. Биыл да жыл басында «судың жағдайы қалай болар екен?» деген сауал көпшілікті алаңдатқаны рас. Жергілікті климаттық, әлеуметтік жағдай оған мүмкіндік бермейді. Мамандар күріш егілмеген алқап тұзданып кететінін айтады. Облыс халқының басым бөлігі егіншілікпен айналысады. Kazinform аталған тақырыпқа байланысты тиісті сала басшылары, ғалымдардың ой-пікірін білген еді.

Су жетіспеуіне байланысты Сыр өңірі күріш өсіруді азайтып жатыр
Фото: Ақорда

Экспортқа шығатын өнімнің басым бөлігі — күріш

Кейінгі жылдарда Қызылорда облысына өз мөлшерінде су келген жоқ. Облысқа бөлінетін судың лимиті 3,5-3,7 млрд текше метр шамасында белгіленеді. Алайда вегетациялық кезеңде сол судың небәрі 60-70 пайызы жетті.

Диқандар барынша үнемді пайдалануға ден қойды. Суды кезектесіп беру тәртібі қалыптасты. Жан-жақты ымыралы әрекеттің арқасында жақсы өнім жиналды. Күріш көлемі аздап қысқарды.

— Жыл басында да көкейде сол сауал тұрды. Осы орайда облыс басшылығының ұсынысы, Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ұтымды жұмыс жасалды. Лимит бойынша бөлінген суды толықтай алдық. Бұл жөнінен диқандар қиналған жоқ. Биыл 189,4 мың гектарға егін егілді. Оның ішінде күріштің көлемі — 85,6 мың гектар. Судың жағдайына байланысты өткен жылмен салыстырғанда егін 3,9 мың гектарға азайды. Басым бөлігі — күріш. Кейінгі жылдары Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып отыр. Биыл 1 шілдедегі мәлімет бойынша 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылған. Оның ішінде күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 118,3 пайызға жетті. Оның жалпы құны — 20 млн доллар. Шетелге шығарылған өнімнің 93,7 пайызы — күріш. Оған Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттерінен үлкен сұраныс бар. Бұл елдерге 34 мың тоннадан астам күріш экспортталды. Күріш бағасы диқандар үшін тиімді болып тұр. Нарықта 2-3 жыл көлемінде тұрақтылық байқалады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Су жетіспеуіне байланысты Сыр өңірі күріш өсіруді азайтып жатыр
Фото: ҚР АШМ

Жаңа технология қажет

Дүниежүзінде Қытай мен Жапония — күріш өсіруден алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Қытайда 32 млн гектарға жуық алқапта осы дақыл егіледі. Бұл елде күріш өсірудің түрлі технологиясы пайдаланылады. Тіпті қолмен егетін жағдайлар да бар.

Әрине, техника да қолданылады. Филиппин елінде де осы бағытта нақты жұмыстар жасалады. Ол елде халықаралық күріш институты жұмыс істейді. Онда жоғары деңгейлі мамандар қызмет етіп жатыр. Технологияны жаңалауға да ерекше мән берілген.

Италия — Еуропаны сапалы күрішпен қамтамасыз етіп отырған елдің бірі. Дегенмен әр елдің өзіне тән ерекшелігі болады. Сондықтан олардың кейбірін өз өмірімізде пайдаланғанмен, кейбірі бізге сәйкес келмей жатады.

— Дария бойындағы халық өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап күріш шаруашылығын қолға алды. Сыр өңірі кезінде 100 мың гектарға дейін күріш екті. Түрлі себептермен қазір ол 60-70 мың гектарға дейін қысқарды. 1987 жылға дейін сорт мәселесінде жергілікті жердің төл туындысы өмірге келген жоқ. Сол жылы институт ғалымдары біріге отырып «Маржан» сортын өндіріске енгіздік. Қазақстандық Арал өңірі республикадағы негізгі күріш өсіретін аймақ. Осы аймаққа жататын Қызылорда облысында еліміздегі жалпы күріш алқабының 85 пайыздан астамы орналасқан. Өткен ғасырдың 60-жылдарындағы ауыл шаруашылығын интенсивтендіру бағытында жасалған ірі шаралар ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерінің, оның ішінде күріш өнімдерінің де артуына қолайлы әсер етті. Осының арқасында Қызылорда облысында күріш егісінің көлемі 1965 жылы 36,4 мың гектар болса, 1988 жылы 94,2 мың гектарға дейін жетті. Ал, әр гектардан алынатын орташа өнім облыс бойынша 28-30 центнерден 50-51 центнерге дейін жоғарылады, — дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Құрманбек Бәкіров.

Күріш әлемнің 112 елінде өсіріледі. Оның жалпы аумағы 150 млн гектарға жетеді. Осының өзі өнімнің адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор екенін айғақтап отыр.

Топырақты тұзданудан сақтайды

Облыстың экологиялық жағдайына байланысты ауа райы өзгеріп, егістік жерлердің топырақ тұздылығының күрт артуы, бұрынғы кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға көшуіміз секілді өзгерістер болды. Осы орайда күріш дақылын өсіруді ғылыммен қамтамасыз етуді де қайта қарау қажет.

— Әлемдік ғылым да бір орында тұрмайды, жаңа ғылыми технологиялар, әдіс-тәсілдер пайда болды. Оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарында кеңінен пайдаланып қана бүгінгі күн талаптарына сай келетін жаңа сорттар шығаруға, жаңа технология әзірлеп өндіріске енгізуге болады. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін қағида деп есептеймін. Инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің мелиоративтік жағдайының қолайсыздығы, әсіресе, топырақтың тұздануы мен қара шірігінің азаюы елеулі әсер етеді. Қызылорда облысының егіншілері еліміздің басым бөлігін күрішпен қамтамасыз етеді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы күріш өндірісінің 80-90 пайызға жуығы біздің облысқа тиесілі, — дейді Қ.Бәкірұлы.

Су жетіспеуіне байланысты Сыр өңірі күріш өсіруді азайтып жатыр
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Дақыл сортына байланысты мәселені әрбір шаруашылық өзі шешеді. Жергілікті диқандар «Лидер» және «Янтарь» сорттарын егіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Өнімділік жаман емес. Кейінгі уақытта ресейлік «Каурис» сорты сынақтан өткізіліп жатыр.

Диқандардың айтуынша, оның да өнімділігі жоғары. Қазір украиндық «Маршал» секілді сорттарды егуге мән беріліп отыр. Әзірге ол жөнінде нақты шешім жоқ, тек тәжірибелік негізде егілуде.

Ал Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты бұған дейін «Сыр сұлуы», «Айгерім», «Ару» сорттарын шығарған еді. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылордада жол салатын жұмысшы мамандар тапшы екенін хабарлаған едік.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<