Судағы қауіпсіздік – басты назарда

758

0

Биыл суға шомылу маусымына жедел құтқару жасағының жүзу құралдары, сүңгуірлік жарақтары мен жабдықтары дайындыққа келтірілді. Бүгінгі таңда құтқарушы жасақ пен техникалар суға шомылу маусымына толықтай дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Асхат Тоғызбаев мәлімдеді.

– Қазіргі таңда суға шомылу маусымына бірқатар дайындықтар басталды. Аймақта адам көп шоғырланған орындарда дауыстық зорайтқыштар арқылы, сонымен қатар облыстық білім басқармасымен облыс аумағында орналасқан 313 мектептің оқушылары мен ата-аналарының WhatsApp желісі арқылы күнделікті түсіндірме жұмыстары атқарылуда. Онлайн режимде облыстың 114 865 оқушысына «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша 15 интерактивтік сабақ өткізіліп, 109 мектептің басшылары мен мұғалімдеріне судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде сабақ өткізілді. Сондай-ақ, «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында 63 мақала жарияланды. Мұнан өзге, тыйым салынған жерлерге тақтайшалар мен билбордтар орнатылды. Атқарылған жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табады. Бүгінде өңірімізде төрт коммуналдық жағажайға суға шомылуға рұқсат берілді. Аталмыш жағажайларға тексеріс жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта коммуналдық жағажайлар санын көбейту жоспарлануда. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі ішімдік ішіп түсуі мен белгіленбеген жерлерге түсу болып табылады. Сондай-ақ балалардың ересектерсіз су жағасына баруы. Осы орайда, халықты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз, – деді Азаматтық қорғаныс подполковнигі Асхат Талантұлы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<