Судың сұрауы күшейе береді

202

0

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың қатысуымен өңірдегі су шаруашылығының мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған жауапты сала, құқық қорғау органдарының басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.

Министр су шаруашылығының қазіргі жағ­дайына орай қолға алынған жұмыстарды атап өтті.

– Ғаламдық климат өзгерісіне бай­ланысты су көлемі жыл өткен сайын азайып барады. Бұл орайда су пайдаланудың жаңа мәдениетін қа­лыптастыру өте маңызды.

Заңсыз су алу әрекеттерінің жолын кесу үшін құқық қорғау органдарымен бірлес­кен жұмысты күшейту керек. Биылғы ве­ге­тациялық кезеңде егістікті қажетті суармалы сумен қамтамасыз ету өзекті. Көктемде ауа райы қалыптан тыс жылы болып, вегетациялық кезең ерте басталды. Бүгінде су тапшылығы орын алуда.

Әріптестер, берілген суды ысырапсыз пай­далануға, бекітілген кестеге сәйкес дақыл­дар­ды кезекпен суаруға, ауыспалы егіс тәртібін сақтауға қатаң бақылау ор­натуымыз керек, – деді Н.Нұржігітов.

Жиында 10 маусымнан қолданысқа ен­гі­зіл­ген жаңа Су кодексінің талаптары мен норма­ларын іске асыру жолдары түсін­дірілді.

Егілген дақылдардың қазіргі жағдайы ту­ралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, вегетациялық кезеңде атқарылған жұмыстар жайында «Арал-Сырдария» бас­се­йндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қаз­то­ғанов, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда фи­­лиа­лының ди­ректоры Роллан Ахметов баяндады.

Жиында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрған заңсыз су алуды анық­тау мақсатындағы мониторингтік топтың жұмыс қорытындылары, бассейндік су инс­пекциялары мен «Қазсушар» РМК-нің судың «қара на­рығына» қарсы іс-қимыл бойынша қадамдық алгоритмі туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Те­мір­лан Абдықұлов, комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов сөз сөйледі.

Суару науқаны басталғаннан бері «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясы Сырдария өзенінен 1,9 млрд текше метр су алып, тұтыну­шыларға 1,5 млрд текше мет­рін нақты жеткізіп берді.

Әзірленген су пайдалану жоспарына сәйкес су көзінен магистральді және ша­руа­­шы­лық­аралық каналдар арқылы се­кун­дына 429 текше метр су алынуы қажет болса, нақты секун­дына 370 текше метр су алынуда. Су тапшылығы жағ­дайында егіл­ген егісті шығын­сыз алып шығу үшін министрліктің қолдауымен, облыс әкім­дігімен бірлескен іс-шаралар қолға алынды. Инс­пекция мамандары рұқсат құжатын рәсім­деу тәртібі, заң бұзушылыққа жауап­кершілік жө­нінде жадынама әзірлеп, түсін­дірме жұмыс­тарын жүргізді.

Биыл облыста 189585 гектар жерге егін егілді. Оның, 93136 гектары – дәндi дақылдар, 5714 гектары – майлы дақылдар, 73285 гектары – мал азықтық дақылдар және 17450 гектары – картоп, көкөнiс, бақша.

Өңірде су үнемдеу технологиялары ке­ңінен пайдаланылуда. Бүгінде 180 насос қондырғысы жұмыс істеп тұр, әлі де 165 насос қажет.

Ла­зерлік тегістелген күріш ал­қаптарының көлемі 60 мың гектарға ұл­ғайды. Ал, су үнемдеу тех­нологиялары пай­даланылған жер 8100 гектарға жеткізіледі.

Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд 900 млн текше метр су лимиті бекітіліп, қала, аудан­дар бойынша бөлініс белгіленді.