Сыр көктемі. Алмагүл арманы

223

0

Сыр көктемі биыл кешеуілдеп келді және көпке дейін алагүліктеніп, құбылып, қалпына түсе алмады. Ауру теңіз әлегінен онсыз да үп еткен желмен бірге тұз жауып, тұзбен тыныстап жатқан жұрт Табиғат-ананың қас-қабағын бағып қарайлап, дағдылы тіршілігіне кешігіп кірісті. Бірақ етек-жеңін түрініп, сергек отырған халық қауырт қимылдап, әр сәті ырыс-берекеге тұнып тұратын көктем күнінің көп шаруасының әрқайсысын кезімен мерзімінде тиянақтап қоюға тырысты. Өйтпегенде қайтеді, Сыр өңірінің қазіргі хал-ахуалы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Әсіресе, табиғаттың төлдер шағының қапысы жаман. Тіпті ілгеріде заманның түзу кезінің өзінде-ақ, ата-бабаларымыз: «Бейнеттің бірі – қырда, мыңы – Сырда» деп бекер айтпаса керек. Содан да, қалай, әйтеуір бұл өлкенің байырғы диқан-малшысы мен биіктегі әкіміне дейін шаруада ширақ, қам-қарекетте қунақ көрінеді…

Құрметті оқырман! Осы қатар­лар­ды жаза отырып, өткен 1992-1996 жыл­дар аралығында еңбек еткен Сәкен Сей­фул­лин ауылына тағы бір ба­рып, ең­бектес азаматтармен қауы­шып, үл­кендерге сәлем беріп, баталарын алып қайтқандай әсерге еріксіз бө­ле­несің. Сәкен Сейфуллин ауылы өзі­нің кіреберісінен бастап төріндегі Қа­раөзек бойы өзен-көл, жайылым, ша­бындығымен, құдды бір көк майса жерге жайып тастаған қазақтың ша­панының мол етегіндей, қазақтың сол біртуар талантты тұлғасы Сәкен Сей­фуллиннің иығына жабылған шапан­ның көрінісін еске түсіргендей!

Төрт жыл қызметте болған уақы­тым бүгін бір сәт көзді ашып-жұм­ғандай! Ауылдағы ағайынмен бірге атқарған тіршіліктің өзім куәсі болған азғантай кезеңінен естелік жазып қал­дыруды жөн көрдім.

Он төрт жылдан астам уақыт 1975-1989 жылдарда өз мамандығымды иге­руде үлкен еңбек жолынан өттім. Осы­дан болса керек, «Ленин» орденді «Главриссовхозстройға» қарасты «Қы­зылордамелиорация» бірлестігі ұжы­мына қайта оралу, жақсы көретін ма­мандығыммен қайта қауышуды әрдайым іздеп, күтіп жүретінмін.

Осы уақыттың қарсаңы, яғни 1991 жыл бүкіл әлемге белгілі күрделі оқи­ғалар өрбіген кезең болатын.

Қазақстан Республикасы өз тәуел­сіздігін жариялап, астанамыз Алма­тыда 16 желтоқсан күні Жоғарғы Ке­ңестің шешімі қабылданды. Қазақ елі өз болашағын өз қолына алған та­рихи шешім әрбір қазақстандықты бо­лашаққа үлкен үмітпен қарауға же­теледі. Қызылорда облыстық пар­тия комитетінің нұсқауларына сәйкес Тереңөзек аудандық партия коми­тетінің жұмысын тоқтатуға қатысты кезек күттірмейтін жұмыстарды 1991 жылғы 23 тамыз-9 қараша ара­лы­ғында толық аяқтап, партиялық құжаттарға қатысты тиісті құпия сақтау, жою қа­жеттіліктері өзімізге берілген тап­сырмаларға сәйкес орындалды.

Бұрынғы партия комитеттері мен совет қызметкерлерін жаңа бағыттағы жұмыстарға жіберу, орналастыру про­цестері облыс әкімшілігі тарапынан жүргізіліп жатты. Заманымыз ортақ, жасымыз қатарлас бізді аудан шаруа­шылықтарына, оның ішінде Сырдария ауданының әкімі Алма­гүл Божанова басқарып отырған шаруашылықтарға жіберді.

Аппаз Кәмішев Мәскеуде өткен СОКП ХХVІІ съезі делегаты Қармақ­шы аудандық атқару комитеті төра­ғасы «Ақжарма» директорлығына, Ба­қыт Мыханов Тереңөзек аудандық бір­лестігі төрағалығына, Алдаберген Құл­баев «Шіркейліге», Сейілбек Ас­қаров «Тереңөзекке», Өмірзақ Сә­дуов аудандық кооператив төрағалығына, Құр­­ман Ысқақов «Іңкәрдарияға», Әл­­тай Сыздықов «Қараөзек» қара­көл ша­руашылығына, Әділхан Мәлі­баев Оспан Мәлібаев атындағы ша­руа­шы­лыққа, Тұр­махан Арапов А.Тоқ­ма­ғам­бетовке және мен С.Сейфуллин атындағы совхозға басшылық қызметтерге бекі­тілдік.

Сол ел үшін еңбек еткен тұғырлы тұлғалардың қатарында заты қыз баласы болса да, ерлермен үзеңгі қа­ғыстырып бірге еңбек еткен Алмагүл Божанованың шоқтығы биік.

Қызылорда облысының әкімшілік басшысы Сейілбек Шаухамановтың шешіміне сәйкес мен Қызылорда қа­лалық әкімшілік басшысы Әбдір­жан Қалыбаевтың мемлекеттік жеке­ше­лендіру жөніндегі орынбасары ре­тінде 9 қараша (1991 ж.) күні жұ­мысқа қосылуым керек болатын. Өкі­нішке қарай, Қазалыда емделіп жат­қан анамның науқасы ауырлап, об­лыс дәрігерлерінің ұсынысымен әкем Елекең анамызбен бірге шұғыл Ал­ма­тыға емделуге жүретін болды. От­басы­мыздың жағдайы біздің бала-ша­ғамызбен көшіп-қонып, қалаға қайтып оралуымызды көтере алмайтын еді. Қыстың қарсаңында жылы орны­мыз­ды суытпай, сабыр сақтап, отба­сылық шаруашылыққа бас-көз болу қажет. Әрине, аудан басшысы Жол­дас­бек Ердешбаев және Алмагүл Бо­жанова біздің отбасы жағдайымен түгел хабардар болып отырды. Қо­ры­­тындысында, анамыздың ауыр нау­қасының беті қайтқанша Терең­өзектен көшпей, облыс басшысы мен Әбдіржан Қалыбаевқа өтініш жа­сауға келдім. 8 қараша таңертең қала бас­шысы Ә.Қалыбаев қабылдап, менің Тереңөзектен қазіргі уақытта көше алмайтын жағдайымды түсін­ді. Телефонмен С.Шаухаманов, В.Брын­кинмен хабарласты. Түсінгенім, менің қызметке орналасуым қаралатын бол­ды.

1992 жылдың 7 қаңтары күні Сә­кен Сейфуллин совхозында басшы­лық кадр ауысу жиналысы өтті. Те­рең­өзек аудандық кеңесінің төра­ғасы Жолдасбек Ердешбаев совхоз­дың бұ­рынғы директоры Темірхан Құл­ма­ғанбетовтың атқарған қызметіне қыс­қаша шолу жасап, басқа жұмысқа ауысуына байланысты совхоз дирек­торлығынан босатылғанын және ал­да­ғы уақытта бұл қызметке бұрынғы аудандық партия комитетінің хат­шысы Айтбай Көшербаевтың таға­йын­далғанын хабарлады. Міне, осы­лай менің еңбек жолымда он ойла­сам түсіме де кірмеген келесі кезең – совхоз басшысының жауапты міндет­тері алдыма қойылды.

Сонымен түгел тізімдемей-ақ, ат­қарылатын қыруар шаруаның басы ашылып анықталды. Өз кезегін­де өн­дірісті ұйымдастыруда осы кез­де­гі жүргізілген мемлекет саяса­тына бай­ланысты совхозды кіші кәсіп­орын­ға бөліп, өндіріс құрал-жаб­дық­тарын қай­та бейімдеу міндеті тұрды. Осы мың сан шаруа жайының барлығында да Тереңөзек ауданының әкімі болып жа­ңадан тағайындалған Алмагүл Бо­жановамен қозғалатын шаруаларды ашық пікірлесіп, келісіп отырдық.

Сейфуллин ауылына ат басын бұрған әкем Елеудің елге бір сапа­рын­да «аудан әкімі Алмагүл Божано­ваның өзің туралы оң пікірін естідім» дегені есімде.

Алмагүл – туған жерін түлеткен тұлғалардың бірі. Өмір жолына қа­расақ, 1946 жылы 14 наурызда бұрын­ғы Тереңөзектің «Қызылөзек» ауы­лын­да дүниеге келген. Әуелгіде (1964 жылы) М.Мәметова атындағы қыз­дар педагогикалық училищесінде, одан кейінгі жылдарда (1970 жылы) Қы­зыл­орда педагогикалық инсти­тутында білім алды. Тереңөзек ауданындағы «Шаған» ауылында балабақша меңге­рушісі, «Бесөзек» ауылындағы орта мек­тепте мұғалім, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, А.Тоқ­мағамбетов ауылында орта мек­теп­тің директоры, аудандық пар­тия ко­­митетінің хатшысы, халық депу­тат­та­ры Тереңөзек ауданы кеңесі атқару коми­тетінің орынбасары, төрағасы де­ген қызметтік сатылардан өтті. 1992-1999 жылдары Тереңөзек ауданының әкімі болды. 1999-2003 жылдары об­лыстық мәслихаттың хатшысы бо­лып сайланды. Зейнетке шыққан жыл­дары да ел игілігі жолында тәлімі мен тәжірибесін ортаға сала жүріп, рес­публикалық Ұлттық кеңестің мүшесі болды.

«…Мамырдың екінші аптасында шыңылтыр суық ауа ширатылып ке­ліп, үскірік лебімен көк көрпелі да­ланы тағы бір қарып өтті. Ақ жұ­мырт­қа-сары уыз төл, көгерген егін, гүл жарған бау-бақша, қабағат тір­ші­лік қамымен қарбалас жүрген жұрт не халде, аудан әкімі Алмагүл Бо­жан­ова соның бәрін өз көзімен көр­мек болып, жаны шырқырап, асығыс ауыл-ауылды аралап кетіпті. Қарша­да­йынан осы араның ыстығына күйіп, суығына тоңып өскен Алманың ел-жұрттың тыныс-тіршілігін өз көзі­мен көріп, емші-балгердей тамырын ба­сып байқамайынша көңілі бір тын­шымайды». Уақытында «Заман Қа­зақ­стан» газетіне Әбіраш Жәмішұлы мен Әбілмәжін Жұмабайұлы жазған осы жолдар Алмагүл Божанованың нағыз іскерлік портреті болатын. Сыр көктемінің бояуын мейлінше ашқан мәтінді әрі қарай жалғастырсақ:

«…Біздің жай-күйімізді, нендей шаруамен жүргенімізді біліп, жәрдем-көмек көрсету жағын аудандық кеңес төрағасы, ұзақ жылдардан бері, қыз­меттес, сыралғы серігі Өмірзақ Сәду­ұлына табыстап кеткен екен.

Өмірзақ Сәдуұлы бізді көрісімен:

– Пәлі, көктемгі егіс мәселесімен тек біз ғана айналысамыз ба десек, сіздердің де тұқым себетін кездеріңіз келген бе? – деп әзілдеп қарсы алды ол әдемі қараторы жүзіне күлкі үйіріліп.

– Иә, себер көбейсін дейсің ғой. Оның көбею-көбеймеуі сенің қо­лың­да, – деп біз де жүк салмағын сұң­ғыла ініміздің иығына арта салып, әзілге әзілмен жауап бердік.

Өмірзақ та – ауылдың ақ топыра­ғын борпылдата кешіп, «Шіркейлінің» маса-сонасына таланып өскен осы араның түлегі. Оның мына Тереңөзек кеңесінің төріне әкелген азаматтық өмір жолында тіршіліктің талай-талай ащы-тұщы тәжірибесі жатыр.

Нағи ауылына келгенімізде кең­шар директоры Бақыт Мыханов пен ауылдық кеңес төрағасы Төребек Жұ­мабеков екеуі де орындарында отыр екен. Бәріміз директор кабинетіне жай­ғаса бергенде, стол үстіндегі теле­фон безілдеп қоя берді. Директор сө­зінің ыңғайына қарағанда, қоңырау облыстан, мұнда шетелден қонақтар келе жатқан секілді. Соны жеделдетіп аэропорттан барып қарсы алмақ ке­рек, біздің елеңдеп отырғанымызды бай­қады да, Бақыт істің мән-жайын түсіндірді. …Нарық экономикасының тар ноқтасы кеңшар басшыларын да, қосшыларын да пысықтап, ширата түскен тәрізді.

Асқар ауылынан кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы Дәуітбай Сұл­та­новпен дидарластық. Кеңшар ди­рек­торы мал төлдеп жатқан қыр жаққа қойшыларға кетіпті.

Сәкен Сейфуллин атындағы ұжым­дық шаруашылық директоры Айтбай Көшербаев бастаған бір топ кісімен біз мектеп залында кездестік. Онда мектеп директоры Балтабай Бержаппаров та болды. Өзара танысып-білісіп, «За­ман-Қазақстанның» бүгінгі хал-қаді­рі­не қаныққаннан кейін кеңшар орта­лығын аралауға шықтық…

Алуан дыбысты аспаптар жарасты үйлесім тапқан жақсы оркестрдей-ақ, көктемнің құбылмалы-құйтұрқы міне­зіне қарамастан, күллі ауданнан әдемі бір еңбек ырғағы сезіледі».

Бұл аяулы арманы мен мақсат мүд­десін мемлекет қызметіне арнаған за­мандас Алмагүлдің аудан басқарып тұрған кездегі көктемнің бір көрінісі еді.

Айтбай КӨШЕРБАЕВ,

 қоғам қайраткері