Жүз жыл бұрынғыны көзге елестетейік. Сейхун арнасына сыймай ағады. Өзен жағасы атшаптырым со бойы ну тоғай. Көлдер бір-біріне жалғасып, көк-орай шалғынмен оралып, қабаттасуда. Ауылдар арасындағы жол кәдуілгі топырақ. Азаматтар күнкөрісі өзін қанағат етуге жарарлық, бірақ, өзгені жарылқауға жеткіліксіз. Малын өсіріп, егінін күтеді. Арасында күрішін де екі-үш үй орнындай жерге сеуіп, күзде екі-үш қап дән алады.
Қыста өзен қалың мұз астында. Көктем келе ол ери бастайды. Саға жақтан, оңтүстіктен. Бағыты терістік. Сонымен өрден келген сең іркес-тіркес тау болып биіктеп, қалғаны амалсыздан мұз астына тығылып арнаны керіп, бітейді. Сөйтіп, сол тұста мұздан жасайды табиғат төбедей биік бөгетті. Жоғарыдан келген мол су лажы қалмағаннан кептеліс алдындағы ұзындығы төрт-бес, ені екі-үш көш жер жағалауды солайымен басады, сайлар мен көлдер суға лық толады. Осы сәтте жиналған су арыны шегіне жетіп бөгет опырылады, сең алға жөңкиді. Оншақты шақырым артта қалғасын жаңағы кептеліс тағы пайда болады. Сөйтіп, наурыз соңына таяу өзен мұздан арылады, дарияның екі жағы барынша суға қанығады, көлдер шалқып жарқырайды.
Қазақылықтың отаны дерлік өлке азаматтарын бұл жағдай көңіл көншітіп, қанағаттандырар ма екен? Осы сауалды сол кездің адамдары өздеріне қоя білгені-ау, шамасы. Сөйтіп, сол заманда көпталапты жас білім қуып, өнер-өнеге үйренейік, оны туған жерді түлетуге пайдаланайық деп сыртқа аттаныпты. Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Ержігіт Бозғұлов, Елтай Тыныштықбаев бастаған топ Алматыға бет алыпты. Шағындау топ алыстағы Мәскеуге жол салыпты. Оны Елтай Құтыбаев басқарыпты. Көршілес жатқан Өзбекстан астанасы Тәшкенге Мәделхан Нәлібаев ат басын бұрыпты. Осы азаматтардың оқу бітіруін мол үмітпен туған жер асыға күтіпті.
Дәуірлеп тұрған кеңес заманы, өткен ғасырдың 50-80 жылдары. Сыр өңірінде бұрын-соңды болмаған мелиорация жұмыстары басталып, орындалды. Жоғарыда аттары аталған ағаларымыз достарымен бірге оқуларын бітірісімен осы ауқымды істерге со бойы араласып кетіпті. Мұндай қарымды істер республикамыздың өзге тұстарында орын алмаған еді. Отыз-қырық жылда үш жүз мың гектарға жуық егістік жер қарқынды тегістеуден өтіп, инженерлік жүйеге айналды. Қаншама ірілі-уақты гидротехникалық құрылымдар салынды. Оның басында елу алтыншы жылы іске қосылған, еңсесін биік көтеріп «Қызылорда» су торабы тұрды. Мелиорация арқасында туған өлке түледі, адам танымастай өзгерді, күріш өндіру орталығына айналды. Егіншілер күрішті өсіруде бұрын-соңды болмаған биік нәтижеге жетті. Алдына шығып, өрлеген бірегейлері марапат шыңына көтеріліп, Еңбек Ері атағына иелік етті. Су саласы мамандарының абыройы артты.
Осы ордалы істер басында орталықтарда білім алған білікті, болымды су мамандары тапжылмай тұрды. Олардың алдында Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Құтыбаев, Елтай Тыныштықбаев, Әлімбет Жаббарханов, Мәделхан Нәлібаев, Жанайбек Сақтағанов, Тыныштықбай Сырғабаев, Әскербек Мақұлбеков, Кенжебек Ерімбетов, Виктор Морозов, Палмағамбет Әжімбетов, Иранбек Тілеулиев, Жақсылық Байділдаев, Исатай Алдабергенов, Төрехан Қарлыханов, Әбдіманап Құтжанов, Камал Құлымбетов, Сламхан Досболов жүрді. Соңдарына мәңгілік ескерткіш – Сыр азаматтарының бас күнкөрісі суармалы инженерлік жүйені қалдырды.
Осы азаматтардың біразымен кезінде тікелей араластым, мамандық сырын ұқтым, салмақты адами жол қағидаларын үйреніп, санама сіңірдім. Мектепте, оқу орындарында дәріс берген оқытушыларым орны бөлек, әрине. Бірақ осы алып сушылар тобынан алған өмірлік тәжірибем тағдырдың берген мол сыйы іспеттес мен үшін. Мұндай өнеге көпке бұйыра бермесі анық. Осыған қалай мақтанбассың!
Сол жылдары бүкіл ел бойынша мелиорация жұмыстарына бөлінген қаржының жартысы Қызылорда облысына берілген екен. Ал енді осы бекерден бекер емес! Қандай да ірілі-уақты шешімді жүз ойланып, бір кесетін заманда осындай мөлшерде Сыр өңіріне мол сый жасау астарында көп сыр жатқандай. Бастысы өлкеміздің қазақ жұрты үшін аса маңыздылығы мен ерекшелігі. Бұл шамасы қазақылықтың туын тіккен туған өлке қасиеті арқылы бұйырған несібе шығар. Әлде, Алланың бұйрығымен Сейхунның өзімен қоса жерлестерімізге алып келген ризық болар! Өлкеміздің «Сыр бойы» атануының өзі мықты өзгешелікті байқатады. Бүкіл облыс аумағы Сырдария өзені бойында орналасқан. Мұндай ерекше аймақты өзге жерден табу мүмкін емес.
Сыр бойындай берекелі, мерейлі, қасиетті жер жоқ мен үшін! Балалық шағым өткен ауыл жадымнан өшірілген емес, сол қадірлі мекен жер бетінен әлдеқашан көшкенменен. Анам тігіп берген мата қалтаға кітап, қалам салып, бұрышына бір үзім нан жасырып разъезд орталығында орналасқан мектебіме жалғыз аяқ жолменен өзек салам. Алдымнан басын төмен салып қоян жүгіріп өтеді, қырғауыл ұшады парылдап аяғымның астынан. Өзек көпірінде аялдаймын. Жылдам ағып жатқан мөлдір су астында қызыл қанат пен тортаға, табанында зырғыған ондатрға, қатарласып жөңкіген сары сазанға қарап рахаттанамын. Мектебіме жетіп, сабақ ұғам. Қадірлі оқытушыларым кешегідей есімде. Үзілісте мектеп айналасын тазартамыз. Бұта түбінен жылан қашты айбат шегіп, ысылдап. Жанымызда тұрған мектеп директоры Қоңырбаев Батырхан аға оны ұстап алды. Биолог қой. Жылан мойны екі саусақ арасында, денесі білекке оралған. «Маған еріңдер» деді. Жанымыздағы дүкенге кірдік. Әбдікәрім ағаға көзі бақырайып тілі жалаңдаған жылан басы жақындады. Ол ойбайлап шегінді. «Мына балаларға пряник бер» деді биолог. Дүкенші зырылдап қаптың аузын ашты. Баршамыз жеңсік асымызға қарқ болдық та қалдық. Директорым о баста осындай өнеге көрсетті ғой. Біріңе-бірің көмектес, жақсы көр деп.
Сабақтан кейін өзек жағасына келем. Қолымдағы шелекте пышақ, шырпы, ине, бір жарым құлаш ширатылған төрт қат каток жібі. Жіптің бір ұшын былтырғы, жуандығы білектей қамыс ұшына байлаймын. Инені шырпымен қыздырамын. Ыстық кезде ол жұмсақ, қармаққа ұқсата иемін. Тесігіне жіптің екінші ұшын өткізіп байлаймын. Қалтамда тапа нанның жұмсақ түйірі. Соның түйіршігін нығыздап-нығыздап ине ұшына ілем. Жемді көрген балық бас салады. Бәрі көз алдымдағы айнадай. Қармақ сапты артыма басымнан асыра сілтеймін кеп. Бір жарым қарыс торта жатады жағалауда тыпырлап. Жарты сағатта шелекке торта мен қызылқанат толады. Жата қалып су жағасында оларды тазалаймын. Үйге келіп анама берем. Ол кісі тапаға салады. Үстіне жыңғыл жағады. Шамалыдан соң шоқты ысырып, тапаның бетін ашып алдыма қояды. Дастарқанда шеті күйе бидайдың жаңа піскен қып-қызыл тапа наны. Балық пен нанды қоса соғам. Сәлден соң шөл қысады. Сықырлауық ығында күбі тұр іші толы арқыраған айран. Жоқ, балықтан кейін айран ішуге болмайды. Босағадағы шелекте өзек суы. Кесені батырып сіміремін. Рахат! Сөйтіп, балықты көп жеп өстім. Үйдің кенжесі болған соң асыл анам ақ сүтін бес жасыма дейін емдім ғой ұят болса да. Онда мен қалай жаман болайын!
Сыр өңіріндей жер жүзінде аймақ жоқ болса, Сыр бойында туып-өскен азаматтардай, туған жеріне барын аямай салатын, жаны қатты ашитын, білімді, өнегелі адам да жоқ дер едім. Мүмкін, бұл осы қасиетті аймақтың берген ерекше несібесі де шығар өсіп-өрген ұрпағына! Әлде, бұл мыңдаған жыл тауда, биікте жиналған ғаламның асыл түйіршіктерін осы өңірге шаршамай-шалдықпай тасыған, аймақ несібесін сонымен еселеткен Сейхунның арқасы да болар. Болмаса, қазақ тілін әдеби негізге айналдыруға күш салған аталардың, одан арғы қасиетті қазақы жол мен үрдісті орнатқан бабалар тілегінің шапағаты шығар?
Сол айтқандай өткен заманда бүкіл сырбойылықтарға, жалпы қазаққа, ел мен жұрт болашағын күйттеудің, елдің өркендеуі үшін жолбастарлық бар күш-жігерін сарп етіп еселі еңбек етудің үлгісіндей ағалар болған. Сол тұлғалылар алдында Нағи Ілиясов, Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов, Шамахан Құндызбаев, Шәзінда Қарақожаев, Әділ Атақаевтардай ағалар есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында, ел аузында биік құрмет, мақтанмен аталатын еді ғой. Сөйтіп, осы ардақтылар бүкіл аймақ жанашыр азаматтары жүрегін жаулап еді-ау сол заманда!
Қазақ бауырым мен теңдесі жоқ тілімді жақсы көрем. Тонның ішкі бауындай сырбойылық жерлесімді одан бетер. Олардың күн сайын жақсы болғанын қалаймын. Өйткені, олар сондай болғанда ғана мен жөндімін. Содан болар кейде әріптес інілерім оғаштау мінезі мен ісін көргенде шыдамай бетіне айтам. Кейбіреуіне жақпай қаламын. Бірақ басқа амалым жоқ.
«Сыр өңірім менің» дедім. Бәлкім базбір жерлесім: «Қарай көр мұны Сыр өңірін меншіктеп алған» деуі де мүмкін. Өйткені қасиетті Сыр өңірі қазір осында тұрып жатқан миллионға жуық, өзге облыстарда тұрақтаған және шет елдерде қоныстаған сан мыңдаған қандастарымызға ортақ болар. Онда неге сонша ерекшеленіп кеттім осы? Ендеше, мұным туған өлкемді өте жақсы көргенім. Туған жерімді аса қатты сыйлағаным. Туған аймағым үшін күш-жігерім мен білім, қабілетімді аямаймын дегенім. Сосын осы өңір перзенті ретінде өмірде бір мәрте болса да туған мекенімді «менің» деп айтуға құқым бар шығар. Өйткені Сыр өңірін менің жақсы көруім ешбір жанға ұқсамайды ғой! Осы сөзді кез келген әрбір сырбойылық айтуға құқылы емес пе? Қасиетті өлкеме деген ыстық көзқарасым, жарқын жанашырлығым, перзенттік махаббатым, ашық-адал пейілім, атқарып жатқан еңбегім мен тірлігім, жерлестеріме деген жанашырлығым, ел болашағы жастарға деген ақ тілегім мен тәрбием шамалы да болса дәлел емес пе? Адам баласы анасын туған бауырларынан қызғанғанда менің анам дейді ғой. Ендеше, мен де, барша сырбойылықтарша өмірімде ең болмаса бір мәрте «Сыр өңірім менің» деп толқуыма, мақтануыма, шаттануыма болатын шығар.
Артық сыпайылықтың керегі қанша?! Кейде мақтануда орынды шығар! Егер мақтанарлығың болса! Алдымен туған жеріммен мақтанамын. Бір жағы бұл сырбойылық бауырымның күнделікті тіршілік көлеңкесін шамалы болса жұқартып, сейілткенім болар. Бала кезімде көрген керемет табиғатпен мақтанамын. Өзектен бастау алып айдын көлге құятын үлкен арық сағасындағы жазғы қонысымыз. Сағадан кейінгі арық арын екпінімен мол кеңіген. Суы мөлдірдің мөлдірі. Ешнәрсеге алаңдамай, ағысқа өрлеген ақбалық, қызылауыз, сазан, шортан, торталар, түбіндегі ондатр мен су шаяны. Сонда, балық екеш балықтың өзі өрлеу арқылы алға, жарыққа, кеңшілікке жететінін о бастан біліп қойған ба? Ірі қалада аквариумдар көргенбіз. Жаңағының маңайына жақындай алмайды ғой! Үй тауығы балапанымен қосыла бұта арасынан шыққан қырғауыл шөжелерінің жемге таласып жүргенін бізден өзге кім көріпті? Болмаса түні бойы ұйқы бермей, біресе оңнан, артынша сол жақтан шақырған қырғауыл қоразының дауысы мен қанатының пырылы неге тұрады? Кеше қоян алған, бүгін күн еңкейе қырғауыл сүйреп келе жатқан сары ала мысық тек Сыр бойында болған шығар?
Алла бұйыртқан тағдырыма ризамын. Өмірімде азды-көпті жетістікке жетуім маған кез болған ардақты, өнегелі, тұлғалы азаматтардың көп болуынан. Міне, елу жылға жақын мол кезеңде өңірдің іргелі білім мен ғылым ордасында ұстаздық қызмет атқарып келемін. Тағдырдың берген құты деп түсінем. Өйткені, осы ұжымда ұстаздықты үйрендім, ғылым қудым, жастар тәрбиелеу жолдарын бойыма сіңірдім. Өнегесі таудай, азаматтығы жардай, ұстаздық жолына со бойымен адал ағаларым көп еді. Қабдуали Ахметов, Мәди Кереев, Әбшайіт Оразалиев, Сламхан Бекбаев, Нұрадин Дарқұлов, Нұрлыбек Жүнісов, Мұстафа Матаев, Құдайберген Жаңабергенов, Айжігіт Нұрғазарынов, Қареке Ділімбетов, Құдайберген Балтаев, Әди Ибрагимов, Әбсаттар Жұмаділдаев, Сейдуәли Тайбеков, Бимағамбет Ділманов, Есқазы Исабеков, Ысқақ Қарқымбаев ағаларымыз қасында жүргеніміз кеше ғана сияқты. Олардың жолы мен үшін таптырмас мектеп болды ғой.
Ауылда жетіжылдық орыс мектебін бітірдім. Қазақ мектебі жоқ. Қызылордада гидротехникумда білім алуды жалғастырдым. Сосын Жамбылда гидромелиоративтік-құрылыс институты мелиорация факультетін тәмамдадым. Орыс тілі арқасында екі диссертациямды да Мәскеуде қорғадым. Ғылымға біршама еңбек сіңірген сияқтымын. Өңіріміздің басты дақылы күріш суару тәртібін жақсарту, жетілдіру жолында біраз зерттеулер орындадым. Ландшафттар мелиорациясын зерттеуді елімізде алғашқылардың бірі болып орындап, ұсыныстар дайындадым. Міне қазір елу жылға жуық жер мен су мәселесін бірдей түсініп, баптайтын жоғары білікті су мамандарын тәрбиелеуге атсалысып келемін. Қарап отырсам алдымнан жүздеген, мыңдаған жас тәлім-тәрбие алып өтіпті. Олардан білімімді, білігімді, жүрегімнің жылуын аямаған сияқтымын.
Өмірімнің басым бөлігі ұстаздықпен ұласуда. «Ұстаз мұраты» атты мақаламда былай жазып едім: «Біле білсең, студент сенен көп кіші болса, ол сенің туған балаң мен қызың, шамалы кіші болса, ол сенің бауырың мен сіңлің. Тек солай болуы тиіс, осылай өрбуі керек алдыңда жайғасқан жасөспірімге деген жүрегіңдегі жылуың мен жақсылығың, адалдығың мен жанашырлығың, қадірлі ұстаз! Ендеше, қай қазақ ұлының, қызының, немересінің, бауырының шала, дүбәра, өнегесіз, білімсіз болғанын қалаған?! Ешқандай! Олай болса, сал ортаға бар біліміңді, өнегеңді, бойыңдағы бар жақсы, игілікті мінездеріңді, көрсет өмірге енді аяқ басып келе жатқан, жақсы менен жаманды әлі толық айыра алмай екеуін де бірдей бойына сіңіре салатын жасқа. Сенің қолыңда өз-өзіңе деген мол сенімің бар, алдыңдағы жасты тығырықтан құтқарып, жарыққа шығарар аталы сөзің бар, кімді де болса өз ырқыңа көндірер биік білімің бар, осы уақытқа дейін жастар тәрбиелеуде жинақтаған мол тәжірибең бар, туған жер мен судың жанашыры деген атың бар!». Осы тұжырым бірден келе қалған жоқ, әрине. Бұл, көп жылғы өмір тәжірибем де шығар. Шамасы, іс жүзінде де осыдан көп әрі кете қоймаған сияқтымын.
Жақында мерейлі жасымды жақындарым, әріптестерім, достарым, шәкірттерім, балаларым мен ұрпақтарым ортасында атап өттік. Шүкір, оның алдында Президент қолынан мемлекеттік марапат алдым, өңір басшысы құрметіне ие болдым. Ендеше, мұндай жетістік маған түптің түбінде осы қасиетті Сыр өңірінде туып-өсіп, осы аймақ болымды азаматтары тәлімді тәрбиесін көргеннен, өңірдің іргелі білім мен ғылым ордасында шыңдалған ұстаздығым арқасында мүмкін болғаны анық. Осы үшін Аллаға мол шүкіршілік жасап, Сыр бойы азаматтары алдында басымды иемін!
Жас келді, уақыт өтті деуден аулақпын. Әлі де сырбойылық бауырларыма жанашыр көмекші болғым келеді. Азды-көпті өмір көргенім арқасында жерлестеріме кеңес беруден алшақтағым жоқ. Мақсатым – оларды көлеңкелі мінез бен істен сақтандыру. Байқаймын менің қолымнан қазір келетін іс осы. Сондықтан, осы ойымнан қайтпауға тиіспін.
Бір топ шәкірттерім қазір өңірдің көзге көрінер салалары мен мекемелерін басқаруда. Көрген жерде сәлемі ыстық, ешқайсысы кесе көлденең өткен емес. Өзге аймақтарда абыройлы істер атқарып жүргені қаншама. Бұл да, шамасы, еңбектің қайтқаны болар. Сөз жоқ, олар бізден кейін басқа білім ордаларында да білім алуы әбден мүмкін. Дегенмен, мектеп бітіріп, со бойы бес жыл бала кезінде тапжылмай сенің алдыңда білім мен қоса өнеге үйренуінің орны, әрине, ала-бөтен ерекше ғой.
Туған өлкеміз қазақтың ардақты азаматы Еркін Әуелбеков тұсында жақсы түледі. Осы, аруағыңнан айналайын азамат сырбойылық болмаса да үлкен ерлік жасады. Мұнай кенішін алып берді. Сөйтіп, сырбойылықтар жағдайын мүлдем жақсартты. Бүгінде аймақ азаматтары осы жақсылықтың саясын молынан көріп отыр.
Тоқсан сегізде қаланың екі жоғары оқу орындары бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемелекеттік университеті құрылды. Бұл өңірдің ғылым, білім, мәдени әлеуетін біріктіру арқылы оның мүмкіндігін еселеу еді. Алғашқы кезең күрделі болды. Соны өз көзіммен көрдім, арасында жүргендіктен. Сол уақытта біз облыс басшысы Бердібек Машбекұлының мол қолдауына ие болдық. Соның арқасында кезіккен қиындықтар жеңілдей түсті. Оны айтасың, облыс әкімі тікелей өзі студенттерге дәріс оқып, оқытушылар абыройын асқақтатты. Әкім бастамасымен, университет ғалымдарының тікелей қатысуымен сол жылы біздің өңір арнайы экономикалық аймақ атанды. Бұл айтарлықтай құбылыс Сыр бойының жаңаша түлеуіне, өркендеуіне жол ашты.
Бүгінгі халіміз қалай? Шүкір жақсы. Мақтануға тұрарлық. Өзге өңірлердегі таныстарым бізге қызығады. Әсіресе қаламызға. Қаламыз көрер көзге өсіп- өрекендеуде. Кедергілерге мойымай, қиындықтарды еңсеріп, дариядан көпір салғызып, қаланың өрісін кеңітіп Қырымбек Елеуұлы Солжағаның ашылуына мұрындық болды.
Бір заманда артта қалып, тіпті жабылу қаупі туған аймағымыз қазір барша өңірлер алдында көш бастауда. Сонда бұл мол табыс қалай келді? Өз басының ісінен елдің, өңірдің қамын барынша артық санап, аспандатқан айтулы азаматтардың арқасында орнады ғой бұл жеңіс. Қасиетті Сыр өңірі осындай азаматтарды алға шығармай қойсын ба! Кейінгі үш жылда инвестиция тартудан алда келеміз. Осыдан болар құрылыс қарқыны жылдам. Қаламызда ай сайын жаңа зәулім ғимарат салынып, жұрт игілігіне беріледі. «Жезқазған-Қызылорда» тас жолы. Маңызы зор республикалық нысан. Барша қазақстандық пен қызылордалықтарға ауадай қажет. Ендеше, бүгін қызылордалық бөлігі салынып қойды. Ең бастысы, соңғы үш жылда облыс бюджеті екі еседен артық өскен. Облыста бұрын-соңды болмаған жобалар жүзеге асып жатыр. «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» жеті бірдей ауданда «Руханият орталықтары» салынды. Мектеп, балабақша, тұрғын үй, денсаулық, айта берсек барлық саланың құрылысқа қатысты қан тамыры бүлкілдеп тұр. Ал басқаны айтпағанда, қаладағы жаңа ТЭЦ өте маңызды әрі үлкен жоба. Ендеше, осыдан жүз жыл бұрын Ақмешіт шаһары бекерден-бекер ел астанасы болмаған сияқты!
Осының бәрі қасиетті Сыр өңірінде туып-өсіп, ата-баба өнегесін бойына барынша мол сіңірген, күндіз-түні туған жерім деп тынбайтын, қазақ елінің оң батасын алуға асыға ұмтылған, облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қарымды еңбегінің арқасы! Ендеше, осыған мақтанайық, мақтанып қана қоймай, мықтап қолдайық! Ұлы Абай: «Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» депті. Ендеше, әрбір сырбойылық адамшылық қарызына еңбек жасауы тиіс. Құрылысшы құрылысын сапалы салсын, егінші егінді лайықты күтсін дегендей. Міне осының бәрі ұйыса алған елдің ұпайы. Ұрпақтың игілігі әрі сол жалғастықтың жемісі. Содан да туған жер қымбат, мақтанышпен айта алатын Сыр бойының азаматтары қымбат.
Осы бір ойлар толқыны ақ қағазға тербеле түсіп отырғанда уақыт та түн жарымнан ауып қалған еді…
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің профессоры,
техника ғылымдарының докторы,
«Парасат» орденінің иегері





