Сыр өңірінде көне жәдігерлер қалай сақталып жүр

286

0

Фото: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті

Сыр өңірі ерте кезеңнен бастап көптеген өркениеттің тоғысқан мекені ретінде белгілі. Бұл аймақта оғыздардың атақонысы — Жанкент, сақтардың бас ордасы — Шірік Рабат, Ақорданың астанасы — Сығанақ шаһарлары орналасқан. Оған қоса Қаратау қойнауындағы тастағы жазбалар, қазақ халқы үшін қасиетті тұлғалардың басына қойылған кесенелер мен ескерткіштер көпшіліктің қызығушылығын туғызады. Kazinform тілшісі тарихи мұралардың сақталу жағдайы, олардың қорғалуы және жергілікті тұрғындардың көне мұраларға тигізген зардабы жөнінде ой қозғап көрген еді.

Тек белгілі шаһарлар зерттеледі…

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақта 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31-і — республикалық, 256-сы — жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Ал 280 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізімінде тұр.

Облыстық бюджет есебінен Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Осындай жұмыстардың бірі халықаралық Түрік академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында жүзеге асты. 

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша республикалық бюджет есебінен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Жетіасар мәдениеті ескерткіштеріне жататын Қурайлы асар қалашығында қолға алынды.

Сыр өңірін көп зерттеген ғалым, белгілі археолог Мадияр Елеуов өңірде көне қалалар көп екенін айтады. Дегенмен археологтер Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат секілді белгілі шаһарларды зерттеуден арыға аса алмай жүр. Ал кейбір көне қалашықтар көзден таса қалып қойып жатқан жайы бар.

Атап айтқанда, Көккесене, Аққорған, Мейрамтөбе секілді ескі шаһарларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Олардың түп-төркініне қашан түбегейлі үңілеміз деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр.

Жанкент қалашығының тарихы тым тереңде. Ол кейінгі 20 жылдан бері зерттеліп келе жатыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы ең ұзақ әрі көп зерттелген ескерткіштердің бірі саалады.

Алғашқы зерттеулер ХІХ ғасырдың ортасында басталса, заманауи археологиялық қазба жұмыстары 1867 жылы осы Жанкентте қолға алынды.

Қарақшы «археологтарға» кім тосқауыл?

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Әзілхан Тәжекеев ұзақ жылдар бойы Сыр өңірінде жергілікті көне шаһарларды зерттеу барысында келеңсіз оқиғаларға кезіккенін айтады. 

«Қызылорда облысының аумағында орналасқан Жент қаласының аумағында үш адамның өрескел әрекетінің үстінен түскен едік. Олар жерді қазып, көне тиындарды іздеп жатқанын көзіміз шалды. Бұл жағдайды біз де бекерге қалдырмауға тырыстық. Тірлігі күмәнді адамдардың көлігін суретке түсіріп, тиісті шара қабылдау үшін құзырлы орындарға жолдаған едік. Өкінішке қарай, одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Осындай келеңсіз көріністі ежелгі Баршынкент қаласы орнында да көзіміз көрді. Сол аумақтан екі жігіт көне тиындарды қазып алып жатқанын сәтте назарымызға ілікті. Айта кетсек, полиция тарихи мұралардың зерттелуіне кедергісін келтіріп, қарақшылықпен айналысқан „археологтар“ мәселесімен жиі бетпе-бет келмейді. Сондықтан тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты заң талабынан хабарсыз болуы мүмкін. Сол себепті өңірлерде аталған салаға маманданған тәртіп сақшыларының болғаны дұрыс деп санаймын. Бұлай деуімізге себеп бар. Тарихи мұраларды ұрлап, зиянын тигізіп жүрген азаматтар қолға түскенде полиция қызметкерлері оларға қандай шара қолдануды білмей жататын жағдайы аз емес», — дейді ол.

Петроглифті зерттейтін маман жоқ

Сондай-ақ, біздің даламыздың басты байлығы — тау тастарында қашап жазылған жазулар екені белгілі. Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді.

Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді.

Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды. Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде көрініс береді. 

Өткен жылдың қараша айында Қызылорда облысы әкімдігінің арнайы қаулысымен Шиелі ауданы Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер кешенінің қорғау аймағы бекітілді. 

Алдағы уақытта вандализмді тоқтату үшін ескерткіш аумағы қоршалып, арнайы бақылауға алынады. Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданы аумағында орналасқан.

Тарихшылар вандализмді тоқтату үшін ескерткіш аумағын қоршап, арнайы күзетші штатын бөлуді ұсынып отыр. Сауысқандық шатқалында қола дәуірінің, кейінгі ортағасырлық кезеңнің суреттері мен эпиграфикасы сақталған.

«Бұл дүниелерді өнер туындысы ретінде қарауға әбден болады. Есерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді. Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейне бар. Солардың қатарында Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан 50 шақырымдай жерде орналасқан Сауысқандық петроглифіндегі жазбалардың аумағы 500 гектарды құрайды. Ғалымдар мұнда 8-10 мыңға жуық тастағы жазбалар мен бейнелер кездесетінін айтады. Онда бұқа, елік бейнелері, жылқы, аң-құстар көрініс тапқан. Бұл аумақтан 200-дей петроглиф табылып отыр. Рухани құндылық ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. Алдағы уақытта ескерткішті зерделі зерттеу мақсатында облыстық бюджетке ұсыным берілді. Дегенмен біздің өңірде тау тастарындағы жазбаларды зерттейтін арнайым амандар жоқ», — дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі, археолог Сейдалы Билалов.

Өкініштісі, күні бүгінге дейін көне ескерткіштер адамдар тарапынан да жойылуға шақ қалды. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі адамдар қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. 

Қалғаны табиғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Сауысқандық жотасындағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. 

Археология — көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамының даму заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін ерекше сала. Ал, тарихи мұралардың хронологиясын зерттеп, тануда археолог мамандардың еңбегі орасан. Сондықтан аталған салада ауқымды жұмыстар жүзеге асып жатса, көптеген жаңалықтың беті ашылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<