Сыр өңірі – қойнауы тарихи сырға толы, жағасы жырға толы айтулы аймақтың бірі. Қазақ жазирасының түстігіне тегіс жайылған бұл өңірде талай арда азаматтың кіндік қаны тамған. Сондай азаматтың бірі Бостан Үрістембаев еді.
Бостан Абатұлы 1947 жылдың 25 сәуірінде Қармақшы ауданы Төретам кентінің іргесіндегі Диірментөбе станциясында дүниеге келген. Әкесі Абат Үрістембайұлы соғыстан кейінгі жылдары совхоз директоры болып қызмет атқарған.
Әкеден жалғыз тұяқ еді, тағдырдың суық лебі оны балаң шағында-ақ шарпып өтіп, өмірдің шындығын ерте мойындатты. Екі жасында асқар тау әкесі дүние салды. Ал 10-сыныпта оқып жүргенде анасы Ақсырға әже өмірден өтті. Ата-анасынан ерте қалса да, өз жұрты мен нағашы жұртындағы ағайынның қамқорлығын көріп ержетті.
Ұлыпты, Ыбырайым, Тарған, Игенбай, Амангелді, Еламан сынды ағаларының арқасында аяғын алшаң басып, қатарынан қалмады. Анасының сіңлісі Әстай апаның, әкесінің туысы Торғай апаның, Шаризат әпкесінің аялы алақаны оны қанаттандыра түсті. Жезделері Ыбырайым, Орынтай, Әшірбекпен де сыйлас, сырлас болып, оларды жанына жақын тұтты. Інілері Мерген, Ертуған, Сапабек, Әнуарбек, Дастан, Қуанышбекпен де етене жақын жүріп, олардан әсте ажырамады. Жеңгелері Балзия, Зүбайра, Шәки, Рая, Райхан, Қазыгүлді де жатсынбады. Өзі қатарластарымен әзіл-қалжыңы жарасып жүретін-ді.
Алтын ұя мектебін тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан, буыны бекіген бозбала 1964 жылы арман қуып Алматыға барды. Алып шаһарда бағы жанып, небір тарланды түлеткен КазГУ-дың заң факультетіне оқуға түсіп, қызықты күндері, өмірдің жаңа кезеңі басталды. Осылайша, қиындығы мен шыжығы мол сырға толы студенттік шағы еліміздің сол кездегі бас қаласында өтті. Студент кезінде өмірлік серігі Сара Көдейқызымен танысты.
Бостан Абатұлы КазГУ-дағы оқуын ойдағыдай тәмамдаған соң еңбек ету жолында киелі Ұлытау өңіріне табан тіреді. Мұнда Қарсақбай мыс қорыту зауытының автомобиль шаруашылығында директор болған өзінің қайын атасы Көдей Мамақұлының жүргізушісі болып біраз жұмыс істеді. Қасында жүріп, үлкен кісінің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, өмірлік тәжірибе жинап, өңірдің де қыр-сырына қанық болды.
Қарсақбайды да, жез дариясы Жезқазғанды да жатсынбаған ол еңбек ете жүріп, мысты шаһардағы политехникалық институтта екінші мамандықты оқып бітіріп, инженер-механик болып еңбек жолын жалғастырды. Сол кезде жаңа өндіріс ошағы ретінде атағы жер жарып тұрған «Жәйрем» кен байыту комбинатына қарасты автобазаның директоры қызметін атқарды. 1983 жылы Жезқазған автобус паркі жолаушылар тасымалдау бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. Одан әрі Шығыс, Оңтүстік кеніштерінде түрлі басшылық қызмет атқарып, кейін «Қазақмыс» корпорациясының еңбекті қорғау басқармасына қызметке шақырылды. Осы салада зейнетке шыққанша абыройлы да жемісті еңбек етті.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Бостан Абатұлының өлең шығаруға деген қызығушылығы зор еді. Өзінің де ақындық қасиеті бар-тын. Әр жылдары жарына, ұл-қыздарына, сыйлас достары мен туыстарына арнаған қолжазбалары күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Сөздің төресі өлеңге деген құштарлық, жастайынан жақсымен жанаса білетін жұғымдылығы Бостан Абатұлының Ұлытау өңірінің зиялы қауымымен тығыз байланысуына себеп болды. Сол зиялы қауымның бел ортасында жүріп, өзі де облыстық, қалалық айтыстарға талай мәрте қазылық етті. Қайын ағасы болып келетін журналист, публицист және қоғам қайраткері, «Шындық» толғауы арқылы күллі қазаққа танылған Шынболат Ділдебаевпен етене жақын сыйласты. Шынболат ағамен әзіл-қалжыңы жарасып, телефонмен тілдескенде екеуара әңгімені де айтысқа айналдырып, бір-біріне өлең ұйқастарымен жауап қайтарып отыратын еді.
Бостан Абатұлы мен Сара Көдейқызы 52 жыл жұп жазбай, бақытты да ғибратты ғұмыр кешті. Өнегелі отбасында Айгүл, Динара, Мәдина, Ботагөз, Тамерлан есімді ұл-қыздары дүниеге келіп, тағылымды тәрбие көрді. Жоғары білім алған балалары бүгінде түрлі салада қызмет атқарады. Ұлағатты ұрпақ өрбіткен Бостан Абатұлы мен Сара Көдейқызы ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере, шөбере көрді.
Сырда туып, қырда түлеген азамат үшін Ұлытау өлкесі құтты мекенге айналды. Жезді өңірде жүріп, еңбектің дәмін татты. Өрісі кеңейіп, ұлағатты ұрпақ өрбітіп, жапырағын жайған бәйтеректей өсіп-өнді. Сәтбаев пен Жезқазған қалаларының құрметті азаматы атанды.
Алайда өзінің туған жерінен тамырын әсте үзбеді. Қызылорда өңіріндегі ағайын-туыстың қызық-қуанышынан қалмай, үнемі екі ортадағы жүздеген шақырым қашықтықты жалғап жүрді. Көлігімен күні-түні жолға шығатын ол Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жолдың әр ойығын жатқа білетіндей еді. «Жол мұраты – жету» дегендей, ойдым-ойдым жол оны әсте жалықтырмады. Дегенмен туған жерге апарар осы жолдың тақтайдай тегіс болғанын армандаушы еді. Сол арманы енді ғана жүзеге аса бастағандай.
Ағайын-туыстың, ел-жұртының ортасында ардақты, дос-жараның арасында қадірлі, жарына пана, балаларына үлгі-өнеге болған Бостан Абатұлы абырой биігінен түспеген азамат еді. Амал қанша?! Зейнетке шыққан соң дертке шалдығып, ақыры сол сырқаты оны мәңгілікке алып кетті. 2021 жылдың маусымында ізгі жүрек соғуын тоқтатты, 74 жасында бақилық болды. Өзінің өсиеті бойынша кіндік қаны тамған жері Диірментөбедегі қорымға, әкесі мен анасының қасына жерленді. Содан бері де 5 жылдың жүзі болды. Рухы пейіште шалқысын!
Нұрдәулет КӘКІШ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





