«Сырдағы жаңашылдық тәнті етті»

140

0

Шиеліге мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, публицист Алтыншаш Жағанова келді. Аудан әкімдігінде мәртебелі қонақпен кездесу ұйымдастырылды. Алқалы жиынға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мәдениет пен білім саласының өкілдері, ардагер ұстаздар мен жастар және Алтыншаш Қайыржанқызының бірқатар замандасы арнайы келді.

Жиынды жүргізген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанованың қа­рымды қаламгерлігімен қа­тар Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы еселі еңбектерін тілге тиек етті.

– Сіз елдің рухани жаң­ғы­руына, әйел әдебі мен ұлттық мәдениеттің дамуына зор еңбек сіңірдіңіз. Шығармаларыңыз және қоғамдық қызметіңіз жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Аудан халқы еңбегіңізді жоғары ба­ғалайды, – деген аудан басшысы мәртебелі мейманға Шиелі ауданының Құрмет грамота­сын табыстап, сый-құрмет көр­сетті.

Шиелі ауданы әйелдер ке­ңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, ардагер ұстаз Нәзира Парманқұлова және қоғамдық ұйымдар басшылары, тілектес ағайындар өз ықыластарын біл­діріп, биыл сексен жасын той­лайтын қайраткерге ұзақ ғұ­мыр мен шығармашылық ша­быт тіледі.

Өз кезегінде қоғам қай­рат­кері Алтыншаш Қайыржан­қы­зы да аудан басшылығы мен құр­мет көрсеткен жерлестеріне жылы лебізін білдірді.

– Мен үшін Шиелі ерекше ыстық. Бірнеше шетелде бол­дым. Қазақстанның  екі жүз­ден астам аудандарын аралап, ел­мен қауыштым. Алайда, мен үшін ең қымбат адамдар бір­қатары осы Шиеліде тұра­ды. Бүгін шырайлы өлке­нің одан сайын жаңарып-жаң­ғырып жат­­қанына куә болып отырмын. Ал Сыр өңірінің жаңа­лық­тары мен жаңашылдығына тіптен таңғалудамын. Жасай бе­ріңдер, жаңара беріңдер, – деп ізгі ниетін ерекше ықы­ласпен жеткізді. Аудан өнер­паз­дары әуезді әуенмен жұрт­шы­лықты серпілтіп, кездесудің сәнін келтірді.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы