Қазіргі таңда Сырдария өзеніндегі мұз Жосалы кентінен 136 шақырым төмен орналасқан, яғни Байқоңыр қаласы маңында. Бұл – «Қызылорда» су торабынан төменгі ағыста шамамен 428 шақырым қашықтықта деген сөз. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария өзеніндегі су деңгейі туралы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекция басшысының орынбасары Сейітқасым Әбуов және «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев айтты.
– Республика аумағында өзен суын реттеу үшін 6 су торабы жұмыс істейді, олардың барлығы жан-жақты зерттеуден өткен. Қызылорда облысында жалпы көлемі 34,7 млн м³ болатын 6 су қоймасы бар, оның 5-і көп факторлы тексеруден өткен. Бүгінде бұл қоймаларда 17,2 млн м³ су жиналған. Бұдан бөлек, аймақта 22 магистральді канал, 1 қорғаныс дамбасы, 2 су өткізу құрылғысы, 1 САТ бөгеті және 1 тоған орналасқан. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінде мұз Жосалы кентінен 136 шақырым төмен жерде, яғни Байқоңыр қаласының маңында, «Қызылорда» су торабынан 428 шақырым қашықтықта байқалады. Жалпы жағдай тұрақты. «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің жұмысы қатаң бақылауда. Жергілікті билік пен су шаруашылығы ұйымдары Сырдария өзеніндегі су деңгейін күн сайын қадағалап отыр, – деді Сейітқасым Әбуов.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы өкілінің сөзіне сүйенсек, Сырдария өзені арқылы келіп жатқан су көлеміне байланысты «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне су жиналып жатыр. Қызылорда облысына секундына 300 текше метр су келуде.
– Өзеннің оңтүстік және орталық бөліктерінде мұз толық еріген. Ал Арал мен Қазалы аудандарында мұз әлі де сақталып тұр. Қармақшы ауданында мұздың 90%-ы еріді. Ақпан айының басынан бастап ауа райының жылынуына байланысты Сырдария өзенінде сең жүруде. Осыған орай су тасқынының алдын алу мақсатында Тасбөгет кентіндегі «Қызылорда» және «Қазалы» су тораптарында мұз кептелісін болдырмау шаралары қолға алынды. Арнайы техникамен ірі қалқымалы мұздарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Сырдария өзеніндегі жағдай тұрақты. Су шаруашылығы нысандары күнделікті бақылауда, – деді Айдос Асанбаев.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<