Сырдариялықтар су үнемдеу әдістерін өндіріске енгізді

5

0

Өткен жылы Сырдария ауданында негізгі капиталға 89,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп орындары 101,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өңдеу өнеркәсібі 14,2 млрд теңгені құрады. Қазір ауданда 2675 орта және шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның 98 пайызы тұрақты жұмыс жасап тұр.

– Былтыр мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 199 жоба қаржылай қолдау тапты. Олардың жалпы құны – 5,7 млрд теңге. Атап айтқанда, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 8, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 19 жоба жүзеге асты. Сондай-ақ «Өрлеу» бағдарламасы негізінде 129 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Оған қоса жергілікті кәсіпкерлер жобасына «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚызылордаАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қолдау білдірді. Осындай көмектің арқасында 35 млн теңгеге Қалжан ахун ауылында жылыжай іске қосылды. Қазір онда қияр мен қызанақ егіліп, кәсіпкер өз қаржысы есебінен өнімдерді өңдеу және қойма құрылысын қолға алды. Ал Тереңөзек кентінде  наубайхана іске қосылды. Онда күніне 500 дана нан, 200 дана кондитер өнімі халық сұранысын қамтамасыз етіп отыр, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, Президенттің, облыс басшысының қолдауымен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бірқатар келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде алдағы жылдары 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалардың жалпы құны 4 млрд теңгеге жуықтайды. Олар ұлттық цифрлық платформаға енгізілген.

– Атап өтерлігі, биыл қуаттылығы 100 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы басталады деп күтілуде. Жоба жүзеге асқаннан кейін 510 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу жобасы да көпшілік тарапынан ерекше қызығушылық туғызып отыр. Оны «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігі қолға алады. Жобаның құны – 40 млрд теңге. Ал «Газ өндіру зауыты құрылысының» жобасы бойынша келіссөз жүргізілуде. Шаған ауылынан 2027 жылы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылады, – деп сөзін толықтырды аудан әкімі.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Былтыр 33145 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 19,9 мың гектар күріш егісінің әр гектарынан 61 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде Сырдария егін шаруашылығы бойынша үздік аудан атанды. Кейінгі жылдары жергілікті диқандар суды үнемдеу бағытында нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырды. Бұл үшін егістік жерлерді лазерлік тегістеуге мән берілді. Ол суды 30 пайызға дейін үнемдеуге жол ашты. Есесіне егіннің шығымы жоғарылады. Ауданда бұл жұмыстар жалпы егіс көлемінің 70 пайызына жетті. Сырдариялық шаруалар жаңбырлатып суару әдісін де өндіріске енгізді. Алдағы уақытта ауданның шаруашылық құрылымдарында 2000 гектарға жүгері егуге келісім жасалған. Өнім тиімді бағада жүгері дақылын терең өңдеу зауытына жеткізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, баға тұрақтылығын сақтау үшін 805 гектарға бақша, көкөніс дақылдары егілді. Оның ішінде Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Шіркейлі, Бесарық, А.Тоқмағамбетов ауыл­дарында жергілікті жастар ерекше белсенділік көрсетті.

Халыққа қажетті инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлініп отыр. Былтыр 27,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Н.Ілиясов елді мекеніндегі жаңа қоныстану аймағына инженерлік инфрақұрылым жеткізу қолға алынды. Жол саласына 1,4 млрд теңге бөлініп, 30 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өткізілді. Аудандық маңызы бар «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 10,2 шақырымы қайта жаңғыртылса, Шіркейлі, Шаған, С.Сейфуллин елді мекендерінде 12 көше жаңаша кейіпке енді. Аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99, елді мекендердегі ішкі жолдардың үлесі 87 пайызға жетті. Облыс басшысының қолдауымен Тереңөзек кентіндегі теміржол вокзалының ғимараты жаңадан салынуда. Құрылысы алдағы айларда аяқталып, ел игілігіне айналады.

– Жергілікті тұрғындардың сапалы ауызсуға толық қолы жетті. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өткен жылы Н.Ілиясов, Шаған елді мекендері «көгілдір отынға» қосылды. Биыл Ақжарма ауылына газ тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Ендігі кезекте бұл жұмысты Шіркейлі, Қоғалыкөл, Бесарық ауылдарында жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 720 млн теңге бөлініп, жақын уақытта басталады.  Электр желілерін қайта жаң­ғыртуға мән берілген. Қазірге дейін Айдарлы, Жеті­көл, Амангелді, Қоғалыкөл, Шаған ауылдарын электр желі­сімен қайта жабдықтау толықтай аяқталды. Ендігі кезекте Қалжан ахун, Тереңөзек кенті, Н.Ілиясов, С.Сейфуллин елді мекендерінде жалғасады, – деді аудан әкімі.

Ауданда денсаулық сақтау, білім, мәдениет және руханият салаларында ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Жаңадан ғимараттар бой көтеріп, кейбір нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың бұқаралық және кәсіби деңгейде спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осындай қол­дау­дың нәтижесінде ауданда сергектікті серік еткен жандардың үлесі 44,4 пайызға жетті.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»