Сырдария ауданы: Атакәсіп – табыстың алғышарты

398

0

Кеше Сырдария аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Руслан Рүстемовтің халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Бақытжан Намаев және бірқатар басқарма басшылары қатысты.
– Өткен жыл аудан үшін табысты болды. Барлық макроэкономикалық көр­сет­кіштер бойынша оң дина­микаға қол жеткіздік. Оның ішінде инвестициялар көлемі 164,6 процентті құрады. Ал құрылыс жұ­мыс­тары 4 есеге артса, өнеркәсіп 100,6 процентке жетті. Өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру көлемі де жетістікке жетеледі. Бюджеттің кіріс бөлігі бо­йынша жоспарланған түсім­дер 100,9 процентке орындалды. 2020 жылға аудан бюджетінің көлемі 13,2 млрд теңге болып бекітілді, бұл 2019 жылғы аудан бюджетінен 2,2 млрд теңгеге артық, – деді Р.Рүстемов елге есебінде.
Агросалаға жете мән берген сырдариялықтардың қамбасына биыл 134 мың тонна астық жиналды. Орта есеппен гектарына 63,5 центнер өнім алған аудан еңбеккерлерінің ішінен озат шыққандар облыс халқының алдында марапат биігіне көтерілді. Маңдай тер­дің арқасында су жаңа автокөлік тізгіндегендер де жетерлік. Атакәсіп –  мал шаруашылығын дамытуда да ілкімді істер бар. «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елден 544 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара және 2611 бас қой, «Игілік» бағдарламасымен 58 бас жылқы сатып алуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Бірқатар шаруашылықтар осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
Сырдариялықтардың басты қуаныштарының бірі – ауданда көгілдір отын­мен қамтуға байланысты жұмыстың бас­талуы. Был­тыр Тереңөзек кентін газдандыру қолға алынды. Құны 2,4 млрд теңгені құраған бұл жұмысты «Әлия-Сервис» серіктестігі іске асыруда. Сонымен қа­тар, А.Тоқмағамбетов, Қал­жан ахун, С.Сейфуллин елді мекендерін газдандыру мақ­сатында жоба-сметалық құ­жаттарды әзірлеу үшін об­лыстық басқармаға бюд­жеттік өтінімдер ұсынылды.
–  Мемлекет басшысы өзі­нің алғашқы Жолдауында «Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруа­шылығының өнімділігін арттыру мүмкін емес» деп атап өтіп, Елбасының  «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл үшін Үкіметке алдағы үш жыл ішінде 90 млрд теңге қаржы бөлу керектігі айтылды. Осы жоба аясында Ақжарма ауылдық округіне 509,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 4 көше жарықтандырылып, 8 көше орташа жөндеуден өткізілмек. Тағы 3 көшеге темір-бетон лоток орнатылады. Осы бағдарлама аясындағы жұмыс өзге ауылдарда да кезең-кезеңімен жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудандағы кәсіпкерлік, білім, мәдениет, медицина секілді салалардағы даму көңіл қуантарлықтай. Өткен жылы аудан бойынша 852 млн теңге тұратын 375 жоба қаржыландырылып, 400-ге жуық жұмыс орны ашыл­ды. Әлеуметтің әлеуетін көтеруді басты орынға қойған сыр­дария­лық­тардың «Нұрлы жер», «Туған жер» тәрізді бағ­дарламалар бойынша атқар­ған жұмыстары сан алуан.
Есепті кездесуде жұрт­шылық көкейдегі сауалдарын жолдады. Өзекті мәселелер күн тәртібінен тыс қал­майтынын жеткізген аудан әкімі биылғы жыл ұлт тарихы мен мәдениеті бағытындағы маңызды даталарға толы екенін айтты. Сонымен қатар, халықпен қашан да бірге, әрі ашық диалогта екенін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<