Сырдың сәні – күміс дән

169

0

Фото: Облыс әкімдігі

Дәстүрлі «Дала күні» өтті. Сырда күрішке жаппай орақ түсті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылында күрішке алғашқы орақ салу рәсімі өтті. Оған департамент, басқарма, инспекция басшылары, аудан әкімдері, облыстың зиялы қауымы мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі еңбеккерлерді шешуші науқанның басталуымен құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Бұл – диқандардың еккен бір дәні мың дән болатын, халықтың ризық- несібесі қамбаға құйылатын жауапты да салтанатты шақ. Биыл облыс бойынша 189600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріш 80900 гектар болды. Кейінгі жылдардағы су тапшылығының кері әсерін Сыр диқандары қатты сезініп келеді. Осы жылы веге­тациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысы Олжас Абайұлының, Үкімет мүшелерінің бас­тамасымен Сырдария өзенінің жо­ғарғы ағысындағы мемле­кет­тер­мен дер кезінде келіссөздер жүр­гізіліп, үлкен қолдау жасалды.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес, Үкімет резервінен 53 жыл­жымалы-дизельді насос алуға 1 млрд теңге бөлініп, насостардың ал­ғаш­қы легі жеткізіліп, шаруа­лар игілігіне пайдаланды.

Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі елі­міздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды, 25 дизельді қон­дырғыны кө­мекке жет­кізіп, екі ай бойы су тапшылығы қалып­тас­қан аумақтарда уақытпен санаспай жұмыс атқарды.

Сырдың сәні – күміс дән

Аймағымызда арнайы жұ­мыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану мақса­тында егістікті кезектесіп суару мен қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиын­дықтарға қарамастан, кү­ріш көлемін барынша шы­ғынсыз сақтауға қол жеткіздік.

Дер кезінде қабылданған батыл шешімдер мен жүргізілген келіссөздердің арқасында егін алқаптары сумен қамтамасыз етілді.

Осы сәтте Президентімізге, Үкімет бас­шысына, құрметті Нұржан Молдиярұлы, сізге және сіз басқаратын ұжымға, Ауыл шаруа­шылығы, Төтенше жағдайлар ми­нистр­ліктеріне көрсетілген барлық қолдау үшін Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымызды, шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Құрметті егінші қауым, баршаңыздың еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Алдағы «Алтын дән» мерекесінде зор табыстармен кездесейік! – деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада Нұржан Нұржігітов диқандарды құттықтап, вегетациялық кезеңдегі күрделі жағдайға қарамастан жақсы жетістікке жеткеніне ризашылығын білдірді. Қызылорда облысының құрметті азаматы Бекмырза Еламанов бата берді.

Дәстүрлі іс-шарада ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген құрметке лайық еңбек адамдары марапат төрінен көрінді. Атап айтсақ, бірқатар азаматқа Премьер-министрдің Алғыс хаты, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы сала­сының үздігі» төсбелгісі, Құрмет гра­мотасы, министрдің Алғыс хаты, Су шаруашылығы және ирригация ми­нистрлігінің «Су шаруа­шылығы саласының ардагері» төсбелгісі, Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар, облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Салтанатты рәсімде ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылып, ауылдың тыныс-тіршілігін бейнелейтін қойылымдар көрсетілді.

Айта кетейік, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты облыста егін шаруашылығында әртараптандыру жұмыстары жанданып, су үнемдеу тех­нологиялары кеңінен қолданылуда.