Сырлы да салиқалы ғұмыр иесі

177

0

Сырдың самалы соққан сайын Сыр елі перзенттерінің ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы көз алдыңа келеді. Бұл киелі өңірдің әр түйір топырағы талай тұлғаның табан ізін сақтап, ел игілігі үшін төккен маңдай терін еске салады. Сол ел мақтаныштарының бірі – құрылыс саласының майталманы, өз заманының тынысымен еселі еңбек етіп, елге танылған абзал азамат, парасатты тұлға Темірбек Матайұлы Матаев.

Темірбек Матайұлының өмір жолы – ерен еңбектің, зор жауапкершілік пен адам­гершіліктің жарқын үлгісі. Қай жерде, қай қызметте жүрсе де, Темірбек аға өз ісіне бар ынтасымен беріліп, ел дамуына өзіндік үлесін қосты. Мамандығына ла­йық еңбек етті. Оның қолтаңбасы бар құры­лыс нысандары тек бетон мен кір­піштің жиынтығы емес, елге деген сүйіс­пен­ші­ліктің, азаматтық борыштың көрінісі.

Биыл ел ағасы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Сексен жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бұл уақыт Темірбек ағамыздың өмірінде ел тарихымен сабақтасып, маңдай термен жазылған еңбек жылдарының жылнамасына айналды. Ол өмірдің талай белесін сабырмен еңсеріп, әр кезеңнің өз қиындығы мен қуанышын көріп, бәрінен де адамдық абыройын биік ұстап шыққан азамат.

Осыдан сексен жыл бұрынғы кезге көз жүгіртсек. 1945 жылдың қараша айы. Сыр бойын баяу жел тербеп, тарихы терең Қазалы қаласының қоңыр топырағынан жаңа өмір есік ашқан сәт. Сол күні дүниеге келген сәбидің есімі Темірбек деп қойылды. Бұл есімнің өзінде бір берік мінез, төзім мен табандылықтың белгісі бар еді.

Темірбек сәбидің балалық шағы сол киелі Қазалы шаһарының қасиетті топырағында, бұрқырап аққан Сыр өзенінің бойында еңбекпен тыныстаған ауылда өтті. Әкесі Матай Нұрымбетұлы мен анасы Айша Бұхарбайқызы ұрпа­ғына өнеге болған еңбек адамдары, мейірімі мен тәлімді тәрбиесі арқылы балаларының бойына адамгершілік дәнін еккен инабатты жандар болатын. Осындай ұлағатты ортада өскен бала ерте жастан-ақ тектілікті бойына сіңіріп, адалдық пен еңбекқорлықтың қадірін түсініп, үлкен өмірге деген ынтызарлықпен ер жетті. Қазалыда мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оның зеректігі мен жауапкершілігі мұғалімдер назарынан тыс қалмады. Әр сабағын ұқыппен тыңдап, тапсырманы уақытында орындап, сыныптастарына үлгі бола білді. Сол жылдары-ақ оның көзінен өмірге деген талпыныс, елге пайдам тисе деген ізгі ниет байқалатын.

Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас жігіттің арманы – туған елдің өркен­деуіне үлес қосу еді. Сол мақсатпен ол Қызылордадағы Гидромелиорация тех­ни­кумына оқуға түседі. Бұл сол кезең үшін ел экономикасы мен ауыл шаруашылығына аса қажет мамандықтардың бірі болатын. Темірбек осы оқу орнында инженерлік ойлау қабілетін дамытып, «техник-меха­ник» мамандығын үздік меңгеріп шығады. Сол уақыттар ел еңсесін қайта тіктеп, соғыстан кейінгі жылдардың әлі де ауыртпалығын еңбекпен еңсеріп жат­қан кезең. Жастардың бойында отан­сүйгіш рух, еңбекке құлшыныс ерекше болатын. Міне, осындай өр рухты, бел­сенді жастардың алдыңғы сапында жүр­гендердің бірі Темірбек Матайұлы еді. Ол өзінің мамандығын тек күнкөріс құралы емес, ел игілігі үшін қызмет ету жолы деп қабылдады.

Темірбек жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын ауыл шаруашылығына қатысты нысандарда слесарь, десятник, мастер, прораб қызметімен абыроймен бастады. Су арналары мен бөгеттер салу, жерді игеру, ел тіршілігіне ауадай қажет су жүйелерін салу, жөндеу жұмыстары – оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Күннің аптабы мен желдің өтінде жүріп, ол нағыз өмір мектебінен өтті. Оның еңбегі қарапайым болғанымен, маңызы зор еді – халықтың тұрмысын жақсартып, тіршілігіне нәр берді.

1965-1968 жылдар аралығында ол азаматтық борышын өтеу үшін Кали­нинград облысына аттанып, Мамонов қаласында Отан алдындағы жауынгерлік қызметін атқарды. Әскер қатарында да адалдық пен тәртіптің үлгісін көрсетті. Қай ортада жүрсе де, қазақ баласына тән еңбекқорлық пен сабырлық бойынан та­былатын ол әскерде бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары, аға сер­жант шеніне көтеріліп, өз міндетін абыроймен атқарып шықты. Елге орал­ған соң, Темірбек аға қайтадан туған жер­дің игілігі үшін еңбекке кірісті. Есе­лі еңбек пен ұйымдастырушылық қабі­ле­тінің арқасында елеулі нәтижеге же­тіп, озаттар қатарынан көрінді. Қы­зыл­орда қаласындағы мықты өндіріс орны – «Қызылорда құрылыс» тресінде комсо­мол ұйымының хатшысы, прораб болып, «Қызылордасовхозводстрой» бір­лестігінде аға инжинер, ПМК-27 меке­месінде басшы орынбасары, ПМК-15 ме­ке­месінде басшы қызметтерін атқа­рып, өңірдің құрылыс саласының өсіп-өр­кен­деуіне зор үлес қосты. Осы жыл­­дары өз мамандығын жетілдіру мақ­са­тында еңбектен қол үзбей жүріп, Жам­был гидро­мелиоративтік құрылыс институтының Қызылордадағы фи­ли­алына түсіп, «Ин­женер-гидротехник» мамандығын иелен­ді. Ағамыз құрылыс, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық саласында ұзақ жыл­ еселі қызмет етіп, еңбектің көрі­гін қыздырып, зейнет жасына дейін қала­мыз­дағы «Шұғыла» құрылыс жөндеу бас­қармасында басшы қызметін жасап, көп­қабатты тұрғын үйлердің халыққа жақсы қызмет көрсетуіне сүбелі үлес қосты.

Қызылорда қаласының көшелерімен жүрсеңіз биік үйлердің кірпіші мен іргетасынан сол бір адал еңбектің табын сезесіз. Себебі бұл қаланың талай ғимараты – Темірбек Матайұлының басшылығымен тұрғызылған нысандар. «Қаладағы құры­лыстарда сіздің қолтаңбаңыз бар» деген сөз ол кісіге мақтан үшін емес, өмір шындығы ретінде айтылады. Өйткені сол еңбекте оның жастығы, күш-қайраты, өмірінің ең белсенді кезеңі қалды. Оның басшылығымен бой көтерген көпқабатты үйлер бүгінде Қызылорданың келбетін айшықтап тұр.

Темірбек Матаев ешқашан атақ іздеген жан емес. Бірақ еңбегі мен адалдығы ел назарынан тыс қалмады. Кеңес дәуірінен бастап, Тәуелсіздік жылдарына дейін оның есімі құрметпен аталды. Мемлекеттік медальдар мен төсбелгілер, министрлік пен облыс әкімдігінің алғыс хаттары соның айғағы. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – халықтың ризашылығы еді. «Біреуге көрсетіп, біреуден мақтау күтпеген» деген сипат дәл осындай азаматтарға арналған. Ол кеуде керіп мақтанбай, қарапайымдылығымен көпке үлгі бола білді. Туыстарының, құда-жекжаттарының ұйытқысы болып, қуаныш-реніштерінде қызмет көрсетіп, жастарға, өзгелерге үлгі болды. Темірбек ағамыз бен жеңгеміз Әзизаның кеңпейілділігі болар талай туыстың балаларын тәрбиелеп, білім алуына атсалысты. Соның бірі – осы жол­дардың авторы.

Бұл – Темірбек ағаның бір қыры ғана. Ол тек тас пен темірдің ғана емес, тарих пен тектіліктің де тілін түсінген жан. «Тамырыңды тану – ұлтқа қызмет етудің бір жолы» деген өмірлік берік ұстанымымен өз тегінің шежіресін зерт­теп, Кіші жүздің Әлімінен тарайтын Шекті руының Кішкене атасынан шық­қан Дәулетияр бабасының есімін ұрпақ жа­дында жаңғыртты. Бабасының жер­ленген орнын тауып, бейітін белгілеп, оған ес­керткіш қойғызуға бастамашы болды. Бұл рухани жаңғырудың, елдік пен ұлтқа құр­меттің айқын көрінісі еді.

Жалпы Матай әулеті – Сыр өңірінің тарихында өзіндік ізі бар, еңселі де ең­бекқор әулеттердің бірі. Әулеттің бас­тауы – елге сыйлы, адал еңбегімен абы­рой тапқан Матай Нұрымбетұлы мен Айша Бұхарбайқызында жатыр. Бұл қос шаңырақ иесі бар ғұмырын ұрпақ тәр­биесіне арнап, бес ұл мен бір қызды ізгілікке, білімге, еңбекқорлыққа баулыған ардақты ата-ана еді. Тектіліктің туын биік ұстаған әулеттен шыққан ұл-қыздар түрлі салада табысты еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Әулеттің тұңғышы Алдаш Матайұлы (1909-1976) өз дәуірінде ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарып, елдің мұң-мұқтажын шешуде ерекше еңбегімен көзге түсті. Ұлы Отан соғысы жылдарында да, бейбіт кезеңде де ауыл шаруашылығын дамытуға бар күшін арнаған, жұрт сыйлаған азамат болды. Інісі Мұстафа Матайұлы (1933-2017) – Сыр елінен шыққан алғашқы философтардың бірі. Философия ғылым­дарының кандидаты, профессор, акаде­мик. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұзақ жыл­ дәріс беріп, саналы ғұмырын жас ұрпақ­қа білім мен тәрбие беруге арнаған ұла­ғатты ұстаз. Ол Қазалы ауданының және Қызылорда қаласының құрметті аза­ма­ты атанды. Матайқызы Мария (1936-2002) – ауыл шаруашылығы сала­сының май­­талманы. Қарауылтөбе ауы­лын­дағы тәжірибе шаруашылығында абы­ройлы қызмет етіп, еңбегімен ел алғы­сына бөленген еңбек ардагері. Өмірін еңбек­пен өрнектеп, ұл-қыз тәрбиелеп өсір­ген ардақты ана. Матайұлы Әмірхан (1937-1985) – облысқа белгілі инженер-техно­лог. Қызылорда қаласындағы ет ком­бинатының бас инженері қызметін атқарып, өңірдің азық-түлік өнеркәсібін дамытуға зор үлес қосқан. Қысқа ғұмы­рында қажырлы еңбегімен ел есінде қалған азамат. Матайұлы Өмірбек (1949 ж.т.) – техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Ғылымға өмірін арнаған ұстаз. Қызылорда мен Алматы қалаларындағы жо­ғары оқу орындарында дәріс беріп, талай шәкірттің жүрегіне білім нұрын сепкен ғалым.

Ал әулеттің келіні, Темірбек ағаның жұбайы, жеңгеміз Исламбайқызы Әзиза Жалағаш өңірінің тумасы, даңқты діни білімді, атақты ұлағатты ұстаздар тәр­биелеген, данышпан Қалжан ахунның шөбересі, отбасының ұйытқысы. Еңбек жолын халық тұтыну саласында бастап, жеңіл өнеркәсіп саласында табысты қыз­мет еткен. Қызылорда қаласындағы тоқы­ма фабрикасында қажырлы еңбегімен зей­нет жасына абыроймен жеткен азаматша. Ол ұл мен қыздардың ардақты анасы, не­мерелердің мейірбан әжесі. Олардың ұлы Нұрлан, қыздары Айжан мен Зәуре қазіргі таңда Қызылорда мен Алматы қалаларында тұрып, өз отбасыларында өнегелі ата-ана, еңбекқор кәсіпкерлер ре­тінде өмір сүріп келеді.

Сексен жас саналы ғұмырдың биік шыңы, өмір мектебінің университеті десек, сол бір өзі бір университеттей ағамыз Темірбек Матайұлымен жүздескен сайын оның бойынан қайрат пен қажырдың, өмірге деген құлшыныс пен рухтың лебі есіп, жігерлендіре түседі. Сондықтан да болар замандастарының «Темірбек Сыр елінің сырлы да салиқалы азаматы ғой, еңбегімен еленген ер емес пе» деп ыстық лебіздерін білдіріп жататыны.

Ұрпағыңызға үлгі, елге тірек ақ сақал­ды абыз қария болып жүре беріңіз дегіміз келеді.

Күмісбай ҚОСЕКЕЕВ,

Қазақстан Республикасы

сот-прокуратура

органдарының ардагері,

әділет кеңесшісі