Табан астындағы тапқырлық

151

0

Бұрынғылардың табан астынан тауып айтатын тапқырлығына таңғалмасқа амалың қалмайды. Шернияз ақын жол жүріп кетсе, үйіне сыйлы қонақтар келе қалыпты. Жұпынылау тұрмысы бар ақынның үйдегі жасөспірім қызы қол еті, қойдың кәрі жілігін асыпты. Сол екі ортада Шернияз да келе қалып, ет те пісіп, табаққа түсіп, дастарқанға келгенде, қонақтың үлкені қарап отырмай: «Құдайым Шерниязға жөн білетін бала да бермеген екен» дейді. Сонда Шернияз ақын:

– Қонағым, бала білмей қол асыпты,

Асса да, бала қолды мол асыпты.

Дүниеге алдыменен қол келеді,

Қол асып, бала саған жол ашыпты, – деген екен.

***

Әрі ақын, әрі шешен, әрі әнші, ел ішінде сыйлы Қараш кедейлігін білдірмейді екен. Қай жерде жүрсе де, көпшілік соның аузына қарайды, бас соған тартылады. Көреалмаушылар оны күндеп жүріп, «бір ұятқа қалдырайық, не қонақасы берер екен?» деп, ойда жоқ жерде үйіне түсе қалады. Аяқастынан келген қонақтарға Қараш қатты қысылады. Әңгімелесіп, шай ішіп отырып:

– Көп болды, үйімізде етіміз жоқ,

Ет жоқ дейтін сіздерге бетіміз жоқ.

Ет болса өзіміз де жегендейміз,

Ет жемейтін біздердің дертіміз жоқ, – дейді Қараш. Шай ішіліп болып, арада біраз уақыт өткен соң, әйелі қонақтардың қолдарына су құя бастайды. «Апырым-ай, үйде ет жоқ еді ғой. Әйелім көршілердің бірінен сұрап әкелген шығар» деп ойлайды Қараш. Шындығында, солай екен.

– Жақында сойған қойдан жілік жейсің,

Мол еттің жоқ екенін біліп жейсің.

Алақанды толтырар көп етім жоқ,

Саусағыңның ұшымен іліп жейсің, – депті Қараш қонақтарына қарап.

 Әлімжан ҚИЯС