Тәрбие – талбесіктен

1743

0

Баланың негізгі тәрбиешісі – ата-ана, тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы – отбасы. Дүниеге ұрпақ әкеліп, оны өсіріп-бағып, әлпештеп-аялап, керегін тауып беруге ғана жауапты емес. Бала мектеп табалдырығынан аттаған соң, осы жауапкершілік түгелімен мұғалімге көшеді деген ұғым қалыптаспауы керек. Керісінше, баланың қалыптасуына сенімді одақтас табылды деп қуанған абзал. Мектепте мұғалім отбасы тәрбиесін толықтырып, үйде ата-ана мектептен алған тәлімді жетілдіріп отырса, ортадағы алтын көпір балаларымыз екіжақты болмай, бірізді, жүйелі тәрбие алары сөзсіз.

Кейбір ата-ана баласын барынша еркелетіп, бар айтқанын қалтқысыз орындап жүріп, өз айтқанын істете алмайтын халге жетеді де, «ертең мектепке барған соң, мұғалім тәрбиелеп береді» немесе «мұғалімге айтып қоямын, сені жақсылап тәртіпке түсіреді» деп теріс пікір қалыптастырып қояды. Сондықтан бала санасында өзгеше сенім қалыптасады. Ал отбасындағы тәрбие мен мектептегі тәрбиенің байланысы қалай болу керек?! Ол жайында мына бір әңгімені айта кетсем.

…Мектепте үзіліске шыққан балалар сыныптасының алып келген добымен ойнап жүреді. Сынып ішінде алғашында сақ ойнап, допты еденге соғып секіртеді де, қағып алады. Сонан соң ойынға басқа балалар қосылды. Ойынның қызығына кірген олар соңынан еркінсіп, допты бірінен біріне теуіп, сынып терезесін сындырып алады. Сабақ қайта басталғанда кезекші допты қолына ұстап кіріп, кімнің сындырғанын сұрайды. Бәрі үнсіз. Ешкім мойындар емес. Кезекші:

– Мынау кімнің добы?

– Менікі, – деді доптың иесі.

– Үзілісте доппен ойнаған сен бе?

– Мен, бірақ доп терезеге тиген кезде, мен ойында жоқ едім.

– Онда, доп әкелген саған жауап беруге тура келеді. Ата-анаңды шақырып кел. Кімнің кінәлі екенін сонда анықтаймыз!

Бала үйіне келе жатып: «Мен шындықты қаз-қалпында айтып берсем, ата-анам сенер ме екен, сенбес пе екен?» деп ойлады. Әңгімені осы жерден үзіп, әрі қарай не болатынын балалардың өздеріне айтқызып көрдім. Тыңдап отырсам, әр бала өз ата-анасының ойлау тұрғысынан, өзіне деген көзқарас бойынша әңгімелеп жатқаны байқалады.

Әңгімені «ата-анасы сенбейді» деп аяқтаған оқушылардың үйіне қоңырау шалып, баласының бойындағы жақсы қасиеттерді айтып, мадақтағанымда, таңғалыстарын білдіргендер кездесті. Сондықтан мұғалім мен ата-ана баланың тек қиын тұстарын, сабағының үлгірмейтінін шағымдану үшін емес, жылт еткен жақсылығы, табысы, ілгерілеушілігі, бойындағы жақсы қасиеттер туралы сұхбаттасып, ол үшін бір-біріне ризашылық сезімдерін айтуға асықса, балалардың бақытты жүзін байқар едік.

Бекзат СМАТУЛЛАЕВА,

Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектептің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<