Тәтен кемпір

8

0

Бұл ауылдың тарихы әріде жатыр. Қазіргі «Қоғалы» ауылы Сталин атындағы колхоз еді. Іргелес Молотов атындағы колхоз қосылды, ол мына Бәйтен көпірі тұсында болатын-ды. Кейін «Ортақшыл», «Октябрь», Жамбыл есімдерін иеленді. Ақыр соңында «Қоғалы» елді мекені аталғанына бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Қазір ауылда төрт мыңға жуық халық тұрады. Орта мектеп, балабақша, амбулатория жұмыс істейді. Жыл сайын мыңдаған гектар жерге күріш егетін кәсіпкерлер бар. Бір кездері мемлекетке миллион пұт күріш тапсыратын ауыл болғаны қазір аңыз сияқты. Жиырма мыңға жуық қой өсіргені, тауарлы-сүт фермасы, «Ленин» орденді шопан Рабиға, механизатор Жақсылық Алдамұратов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жаңбырбай Қожауов есімдері жұрттың әлі есінде. Ағайынды Лапиндер, Қоңырқожа Қожықов, Сәбира Майқанованың атақонысы болған Майқантөбе жайында көнекөздер майын тамыза әңгімелейді.

Әңгімені тақырыбы айқындап тұрғандай, Тәтен кемпір жайында жазуға қалам тарта бастағанда өзімнің кіндік қаным тамған «Қоғалы» тарихы есіме орала берді. Оқырман айып етпес, әңгімені одан әрі өрбітуге бет бұрғаным жөн болар.

Біз оншақты бала сұрапыл соғыс жылдарында мектеп есігін ашып, соғыс аяқталған жылы жетіжылдықты осы «Қоғалыда» бітірдік. Бірге оқыған Зұлқарнай, Балтагүл, Ізбасар, Орынбасар, Қуаныш, Жылқыбай, Тоқтаркүлдің бақи дүниеге аттанғанына көп жыл болды.

Тоқсанның төріне шыққанда ойымда қалған, ұзақ жыл сәті түспей жүрген «Тәтен кемпір» атты эссені жазудың орайы келді.

Әлі есімде, сұрапыл соғыстың бітер түрі жоқ. Әр үйге хат тасушы Сейітқасым аға келген сайын үрейленетін кез. Бірі ұлынан хат келгеніне қуанып жатса, енді бір үйге атышулы «қара қағаз» жетіп жатты. Біз мектептен оралған бойда қоса күйзеліп, көз жасын төгеміз. Ұлының әскери борышын өтеп жүргенін жазған хаттарын оқып берген сәттегі ата-ананың қуанышы әлі есімнен кетпейді. Әскердегі ағалар шетінен ақын сияқты әр хатын өлеңмен бастайтын еді-ау. Бір ағаның хаты есімде, соны қаз-қалпында айтайын.

Арнаулы айттық сәлем құлыныңнан,

Он үзген омыртқаңды жұлыныңнан.

Көкешім мен кеткелі белің босап,

Қалдың ба, қаяу түсіп тұғырыңнан.

Қолыңа бұрын қонған құсың едім,

Жігерің әл-қуатың, күшің едім.

Мінсең – ат, кисең – шапан, кессең – пышақ,

Шайнасаң – отыз меруерт тісің едім!

Қандай керемет шумақ! Бала солдаттың ата-анасына, елге деген сағынышы ойға оралады.

Әлгі әзірде Тәтен кемпір жайында тақырып қойып, жаза бастаған сәтте майдангер ағалар тағы да еске түсіп, тақырыптан ауытқып кете беруге мәжбүр еткенін қараңызшы, оқырман!

Тәтен кемпір ауылдағы бір үйде жалғыз өзі тұратын еді. Екі қызы қалаға ерге шығып кеткен. Жалғыз ұлы Шахаптың соғысқа аттанғанына тура бес жылдан асты. Хат-хабар жоқ. Бірақ «Ұлым тірі, елге оралады» деп әр жұма сайын жеті шелпек таратуды дағдыға айналдырған.

Тәтен кемпірдің үйіне күйеуі хабарсыз кеткен жесірлер Күмісқал, Шәрбан, Дәніш, Айжамал, Жәмила, Сара әжей күнде жиналады. Әңгімені Тәтен әжей бастайды.

– Бұл соғыс көп ұзамай бітеді. Ерлерің аман-сау оралады. Есберген, Шайырқожаның хат-хабарсыз кеткен ұлдары Қуанышбек пен Шәріп аман-сау оралады деп жұбатыңыздар. Қайғы жұтпасын, қазақтың «Аман ердің аты шығады» дегені бар, – деп төгілте сөйлегенде қасындағылар ұйып тыңдап, сілтідей тына қалатын-ды.

Ол мына қала іргесіндегі Махамбетов ауылының тумасы болатын. Кезінде Еспенбет қажының ата-анасы құда түсіп, отау құрғызған. Қажыдан бір ұл, екі қыз өрбітті. Қажы сонау 1934 жылы Меккеден екінші рет оралып, дүние салған-ды.

Тәтен кемпірдің айтқаны айдай келді. Жеңіс туы тігілді.

Төрт жыл хабарсыз кеткен Шахап Қаюпов 1946 жылы елге аман-сау оралды.

Бір сәт Шахап ата өткен күндерден әңгіме қозғады.

– Мен әскерде тұтқынға түстім. Берлиннен 18 шақырым жердегі қаңылтыр зауытында жұмыс істедік. Содан бір түнде бес жігіт зауыттан қашып, Польша жеріндегі өз солдаттарымызға қосылдық. Жол-жөнекей көрген қиындық ұзақ әңгіме. Ағаштың қабығын, құрт-құмырсқаны қорек еттік. Талай талықсып құладым. Осы сәтте шелпек нанның иісі мұрныма келіп, бойыма қуат бергендей болды. Алланың құдіретіне таңырқамасқа амал жоқ. Кейін отбасына оралып шешем Тәтенге айтқанда мәз болып еді-ау!

– Әр жұма сайын жеті күлше таратудан төрт жыл бойы жаңылған емеспін. Неге? Жеті күлше – құдірет. Аллаға деген аманат. Бұл жеті күлше тарихы әріден басталады. Меккеге екі рет барып, елге аман-сау оралған ерім Еспенбет қажы бір әңгімені тебірене отырып баяндаушы еді-ау?!

– Бұл жеті күлше беру үрдісі Ираннан басталған. Бір диқан жер шауып жүріп, шұқырдан ордалы жыланның ұясына кезігеді де, шауып тастайды. Содан бүкіл елге ордалы жылан шабуылға шығады. Амалы құрыған патша халыққа сұрау салады. Бір көріпкел: «Әлгі жыланды шапқан адамды тауып, бір шұқырға белінен көміп, ба­сына қазан төңкеріп, астына кетпенін тігінен, үстіне жеті күлше қою керек. Сонда ғана ордалы жыланның қаһары басылады» депті. Сөзді құп алған патша шартты орын­дайды. Бүкіл жылан жиналып, әлгі шұқырға түсе бас­тайды, кетпенді, қазанды тесіп өтіп, жеті шелпекке келгенде наннан өтпей, біртіндеп тараған, тыныштық орнаған. Міне, жеті күлше тарихы, – депті Еспенбет қажы. Осы күнгі кетпен басындағы тесік содан қалған деп ұзақ әңгімені еске салып еді-ау, жарықтық. Менің жеті күлшеге деген ықыласым содан басталған, – дейтін Тәтен әже.

Майдангер Шахап Қаюповтың анасы Тәтен Жиенқожақызы 1980 жылы дүние салды. Шахап ата 76 жасында қайтыс болды.

«Қоғалы» ауылында Тәтен кемпірдің немересі, ұзақ жыл мектепте директор болған зейнеткер, ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сламбек Қаюпов бір кездескен сәтінде әжесі жайында ұзақ әңгімені тереңнен қозғады. Ол кісі жайында жазылмаған тағы бір естелік бар екеніне көзім жетті.

Қайран, біздің аңызға айналған Тәтен кемпір секілді әжелеріміз естен кетпейді.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі