Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқып, ел тарихындағы сындарлы сәттер мен бағындырған белестер, алдағы маңызды міндеттер туралы терең ойға қалдым.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қазақ халқына баға жетпес сыйларымен келді. Осы уақыт аралығында ел өмірі тек жақсы жаққа өзгеріп, жыл өткен сайын мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік жағдайы күшейіп, халықаралық беделі арта түсті.
Ел Президенті мақаласында өткен онжылдықтарға шолу жасап, оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын атап өтті. Расында да, осы жылдар ішінде атқарылған жұмыстар – шекараның шегенделіп, тіліміздің сақталуы, ең бастысы елдің береке-бірлігінің бекем болуы қазақтың ғасырлар бойғы арманы еді. Мемлекет басшысы өткен тарихты бағамдай келе, алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін атап өтті. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылмағанын, көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет екенін баса айтты.
Әрбір жастың бойында егемендіктің қадірін білетін мінез, елге деген құрмет болуы үшін тарихты танып-білуіне, патриоттық сезімінің қалыптасуына жағдай жасау қажет. Осы орайда мақаладағы кең-байтақ жерімізге қатысты айтылған ойлар әр қазақтың көкейіндегісін тап басты деп ойлаймын.
– Шынына келсек, Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек, – деді ел Президенті.
Осы кезге дейін тұғыры мықты, экономикасы қуаты Қазақстан қалыптасуы үшін қаншама жұмыс жасалды. Біздің міндетіміз – сапалы білім алу, ел ертеңін ойлау, жауапкершілікті сезіну, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу. Осы жолда ең керегі – ел бірлігі.
Бағжан БАҚЫТЖАНОВА,
№5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицей мұғалімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<