Тәжібаевтың тас тұғыры

210

0

Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте туған. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болып, шешесі Айманкүлдің қолында өсті. Ақынның өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан анасы Айманкүл екен. Ол айтыскер ақын ретінде де, ұлттық өнерге бай болмыс иесі ретінде де Әбділдаға мол әсер туғызды. Оның үстіне түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін нағашы атасы Далдабайдың демеуі де аз болмаған.

Әбділданың балалық шағы балдай тәтті бола қойған жоқ. Қызылорда қаласында ашылған жетім балаларға арналған интернатта оқыды, қиыншылықты көп көрді. Кейін талапты жас Шымкентте, Алматыда, Мәскеуде оқып, білімін жетілдірді. Еңбек жолын «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде алдымен пошта тасушы, кейін корректор болудан бастады. Арада жылдар өтіп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакторының орынбасары лауазымына көтеріледі. Ал, жиырма бес жасында Әбділда Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына, ал, 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.

«Жаңа ұрпақ», «Лирикалар» деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. «Оркестр», «Абыл», «Толағай» сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасы әдебиет саласына қосылған құнды еңбектер.

Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болады.1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болып сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығымен қоса біраз жылдар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнады.

Ол 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды. Ақынның бюсті өзінің есімімен аталатын үлкен рухани шаңырақ – облыстық кітапхананың алдына 2015 жылы қойылды.