Арал қаласындағы «Гүлдер» бөбекжай-бақшасында «Әжелер сөзі – тәрбие көзі» тақырыбында әжелер сайысы өтті. Шараның негізгі мақсаты – балабақша тәрбиеленушілерінің ой-өрісін кеңейту, ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды өскелең ұрпақ санасына сіңіру, әже тәрбиесінің қадір-қасиетін тереңінен ұғындыру.
Тәрбиелік мәні зор шара үш кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде «Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген» тақырыбында қатысушылар өздерін таныстыру сайысында бақ сынады. Келесі кезеңде немересі арнайы бейнеролик арқылы әжесімен өткізген қызықты сәттерін көпшілік назарына ұсынды. Соңғы кезең «Өнерлі саусақтар» тақырыбында өрбіді. Мұнда өзара бақ сынасқан өнерлі өрендер әжелерінің көмегімен жасаған қолөнер бұйымдарын дайындауда шеберліктерін ортаға салды.
Сайыс өте тартысты өтті. Қатысушы әрбір талапты бала шын талантымен танылды. Байқау олардың зейінін ашып қана қоймай, талабын шыңдап, ұлттық өнердің қыр-сырына терең бойлауға зор ықпал етті деп айтуға болады. Сонымен қатар әжелеріміздің қазақ қоғамындағы ролі, өмірден жиған барлық ғибратын бала санасына сіңіріп, немересіне тәлімді тәрбие берудегі асыл қасиеттері кеңінен көрініс тапты.
Қорытындысында үздік шыққан әжелерімізге «Білгір әже», «Мейірбан әже», «Алтын оймақты әже», «Бұлбұл әнші әже», «Сырлы әже», «Өнерлі әже» номинациялары табысталды. Сондай-ақ жүзден жүйрік шыққан балғындар «Талапты», «Жылы жүзді», «Шебер қолды», «Өнерлі», «Әдепті», «Әжесінің көмекшісі» номинацияларына лайық деп танылды. Ал «Балақай» тобындағы Махамбет есімді бүлдіршіннің әжесі Қаныгүл Аманова бас жүлдені жеңіп алды.
«Гүлдер» бөбекжай-бақшасының басшысы Жанар Амангелдиева қатысушыларға шынайы алғысын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.
Гүлсім СЕЙТӘЛИЕВА,
«Гүлдер» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.
Арал қаласы





