Шілденің 8-10-ы аралығында заңсыз көші-қонның алдын алу және осындай жағдайларды анықтау мақсатында аймақта «Мигрант» іс-шарасы болды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сәбит Сатқанбай оның қорытындысын жариялады.
– Іс-шара аясында облыс аумағына келген шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту, іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау мақсатында шетелдіктердің уақытша тіркелген мекенжайлары, салынып жатқан құрылыс нысандары, базарлар мен дәмханалар тексерілді. Рейд нәтижесінде 153 құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде шетелдіктер жасаған 93 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 22 адам республика аумағынан аластатылды. Олардың 5 жылға дейін ел аумағына кіруіне тыйым салынды. Шетелдіктердің Қазақстанда болу ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген және еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 62 қазақстандыққа қатысты әкімшілік шара көрілді, – деді ол.
Осы орайда тәртіп сақшылары облыс тұрғындарынан шет мемлекеттерден жұмыс жасауға келген азаматтардың құжаттарын заңда көрсетілген мерзімде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы заңдастырып, көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.
«СБ» ақпарат






