Талғар ауданында қоқыстан Мемлекеттік рәміздер табылды

250

0

Фото: видеодан скриншот

Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан қоқыс полигонында Мемлекеттік рәміздер табылды. Қоқыс арасында жатқан бірнеше Елтаңба мен Мемлекеттік тудың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бейнежазба Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының аумағында орналасқан қоқыста түсірілген.

— Әкімдік қызметкерлері полигон алаңын тексерді. Тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі — колледждің құжаттары бар екені анықталды. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды. Аталған Мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес, — деп хабарлады әкімдіктен.

Ал Алматы облысының Полиция департаменті Мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

— Талғар аудандық полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырды. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<