Талқысына тағдырдың төтеп берген…

5

0

Аңыз Аға, абыз Аға, ардақ Аға! Міне, Сіздің де фәни дүниеден бақи дүниеге өт­кеніңізге де жүз күн толыпты. Бойында бұ­лықсыған қазақ қаны бар азаматтардың қабырғасын қайыстырып кеттіңіз. Өзіңіз­бен қоштасуға келген қалың жұрт атақты опера, балет театрының кең залына сый­мады. Коридорда да, сырт алаңда да тұрған қарақұрым халықтың қарамы сананы таң­дандырғандай еді. Өзіңізге деген халықтың ұлы сүйіспеншілігін тілмен айтып жеткізу мүмкін еместей.

Осы орайда, артқа шегініс жасамасқа болмайды. 2024 жылы өзіңіздің жарық көр­ген «Актермін мен мың өліп, мың ті­рілген…» кітабыңыздың атауы Сіздің кең өрісті, үлкен өнер жолында ақ тер, көк тер болып, жанкештілікпен еткен еңбегіңіздің шынайы шежіресіндегідей әсер етті. Атан түйеге жүк болардай атақ-даңқыңыз, алуан сипатты марапаттарыңыз Сізге еш оңай­лықпен келмегені әмбеге аян.

Сіздің театр, кино өнерінің Олимпіне көтерілуіңіздің бастауы сонау сырт көзге қораштау көрінетін, табиғат көркі былайғы жұртты тамсандырмайтын бұрынғы ІІІ Ин­тернационал колхозында басталған бола­тын.

Сіздің бес томдығыңыздың 3-томының 127-бетінде басылған менің «Ұшқан ұя» атты мақаламда өзіңіздің құрдасыңыз мар­құм Кәрішал Уызбаев пен жақын жеңге­ңіз­дің естелігін келтіріппін. Кәрішал:

– Біз 1944 жылы бірінші сыныпқа бір­ге бардық. Осы күнгі Мәдениет үйінің ма­ңында Байлы деген кісінің ұстаханасы бо­латын. Маңында бөлек-бөлек ескі үйлер болды. Сонда тығылыспақты жиі ойнай­тын­быз. Меніңше, Асанәлінің әртістік өне­рінің алғашқы ұшқыны осы бір тұстарда көрінді-ау деп ойлаймын. Балалар «әртіс» ойнайтынбыз, тақпақ айтатынбыз. Ауылға өте сирек келетін әртістерге еліктейтін әдет бар-ды.

Асанәлінің құрдастары оның сол кезде өз жанынан шығарған «Он алты шал» деген өлеңінің бар екендігін жақсы біледі. Менің есімде жекелеген жолдары қалыпты. Соны бір білсе, Асекеңнің жақын жеңгесі Сәтжан білер…

Сәтжан Шүленбайқызы:

– Иә, иә, бәрі болмаса да біршамасы есімде бар. Кәдімгідей әлгі атақты «Он ал­ты қыз» әніне салып айтқанда, мен ора­ғымды ора алмай, күлкіден құлап қаламын. Осы бет-аузын құбылтып, даусын кенеп айтқанда, келістіреді. Кәрішал екеуі орақта үнемі маған көмектесетін.

Қызыл ту да біздің қолдан түскен жоқ. Мен өте жаспын. Он алтымда осы Асан­әлінің жақын жеңгесі болған едім. Енді жан­дары жаннатта болғыр, атын атамайтын аталарым кешіре жатар. Сен сұраған соң, түгелдей есімде қалмаса да, қайырмасын айтып көрейін. Асанәлі қолына қурай ма, таяқ па алып айтқанда, әлгі «Он алты шалы» құлпырып кетеді. «Астыма мінген атым гінадушка…» деп айтып келеді де:

Молда атанған Тоғызақбай,

Маймаңдаған Тоқпанбай,

Кірпігі ұзын Ынтықбай,

Жуан сары Әлжекең,

Сырық бойлы Болтекең,

Құртақандай Құсекең,

Тәй-тәйлаған Қасекең,

Гүрілдеген Мұсекең,

Бәлекей шал Әлсекең,

Тентек мінез Тырнекең,

Арба айдаған Бәсекең,

Басын таңған Махажан,

Аумай қалған ападан, –

деп шұбатып кете беретін. Осылай айтып-айтып алады да:

– Сәтжан, мұны ешкімге айтып қойма, – деп, мойныма асылып еркелейтін.

 Міне, мен келтірген осы үзіндіден-ақ Сіздің тал бойыңызда әртістік өнердің жарқ-жұрқ еткен ұшқыны сол кезде-ақ бар екенін білгенбіз. Енді оның қайдан бастау алған жауабын да Сіздің әкеңіздің замандасы, туысы, қан майданда етігімен су кешкен серігі, өзіңіз көрген соғыс ардагері Жарылқасын Сырттанбеков ағамыз былай деп еске алыпты:

 – Асанәлінің әкесі Әшімнің бауырлары өте тату-тәтті, ұжымы ажырамаған, құда­йына қараған жандар. Төрт үйлі жан қазақы қоржын тамда тұрып жатты. Барлығы бір самаурыннан шай ішеді. Ең кенже інісі Қасым екеуінің рең-жүзі, пішімі қатты ұқсайтын. Асанәлінің шешесі Тәжіхан да баласын өсіру үшін аз азап шеккен жоқ.

 Әшім екеуміз, Амантайдың әкесі Серік, Смағұл, Жайлау, Ертай, Алыбай, Сексен, Мәмбет, Әбіш, Ақберген, Мәмбетбай де­ген жігіттер Челябіде 40 күн ойнадық. Ста­линград шайқасына қатыстық. Қақаған қыс­та окопта жаттық.

 Тіпті бірде Әшімнің шинелінің етегі тоңға қатып қалып, кесіп алғанымыз есім­де. Мінезі жібектей, кісімшілігі жоқ, қатты сөзді білмейтін жан еді. Оның күлдіргі мінезі бәріміздің есімізде. Бірде ол махорка темекісін газетке ерекше ұзын етіп, шиыр­шықтай орап алды. Сөйтті де оны окоп­тан басын қылтитып, жоғары көтерді. Үс­тімізден оқ зулап өтіп жатыр. Біз шу ете қалдық.

– Өй, Әшім, не істеп жатсың?

– Мына шылымымды немістің оғына тұ­татып алайын деп жатырмын, – деді ас­пай-саспай. Бәріміз күліп жатырмыз. Тамақ ішіп отырғанда да, ұрыстан аз-кем тыныс кезінде де, оның айтар әзілі, күлкілі сөзі таусылмайтын. Сол Сталинград маңында тоғыз ай жаттық. Қатты қырғыннан біз­дің топтан алты-ақ адам аман шықтық. Со­ның бірі Әшім еді. Кейін жолымыз екі айы­рылды.

Кейін естігенімде, Чехословакияда қа­ру-жарақ қоймасында күзетте болыпты. Өкі­ніштісі сол, Жеңіс күніне жақын қал­ған­да қазаға ұшырапты.

Міне, осы тұста Сіздің бойыңыздағы әртістік өнердің тақыр жерге тамыр тарт­пағанын бағамдауға болады деп ойлай­мын. Балалық шақтағы өзіңіз айтқан есте­ліктерде жеті қадам жерден қаздай тізілген асықтарды шірей атқанда, баудай түсіретін мергендігіңізге құрбыластарыңыз қызғана қарайды екен. Ал ләңгі тепкенде он екі мүшеңіздің бірі қалмай қимылдайтынын, аяқтағы киімнің жұлығы түтеленіп кете­тіндігін сүйсіне еске алатынсыз. Сиырдың не түйенің тобығын имек таяқ басымен қақпақыл қылып, қызмай деген ойынды ойнағанда да, алдан көрінеді екенсіз. Жан теріңіз шығып, ортадағы кішігірім кесе аузындай шұқырға түсіруге де шеберлік керек ететінін бала жастан бойға сіңіріпсіз. Ауылдың шығыс бетіндегі Шабақтының шы­ңылтыр көк мұзында жалпақтау ағаш­тың табанына қарындаштың жуандығынан сәл жіңішке қара сымды бекітіп, сыңар аяқ­пен сырғанағанда да, алдыңызға жан сал­майды екенсіз. Нар қамыстың буылтық тұсын үңгіп, жұқа қаңылтырды қиғаштай кесіп, үшкірлеп, жіңішке қамыстың басына кигізіп, оны ұңғымаға орнатып, көкке ататынсыз. Сонда көк жүзінде күнге шағыла ұшқан оқтың көз ұшында сағымданып, жерге қайта оралып, қара жерге қадалғанын көргендегі балалық қуанышыңыз біздің де құлағымызға жаңғырып жеткендей. То­былғы мен жыңғылдан садақ жасап, адыр­насына салған үшкір қамыс жебенің ыс­қырған дауысына құлақ құрышын қан­дыр­дыңыз… Бала шақтан мерген едіңіз. Қы­зылкесік маңындағы Ақтөбе Сіздер үшін «майдан» даласы болды. Сол жерде жың­ғыл қылышпен талай «жекпе-жек» шай­қастар өткіздіңіздер. Бозша талдың тік бұ­тақтарын найза қылып, «қарсы» топпен «қиян-кескі» ұрыстар өткіздіңіздер. Сіздің тіктей қарағанда мүлт кетпес мергендігіңіз өз құрбыларыңыздың есінен еш кетпеген еді. Өзіңіз бір сөзіңізде мергендігімнен мүлт кеткен жерім жоқ депсіз. Бірақ бүт­кіл өміріңізде бір-ақ рет киікті атып, қа­сына келгенде көзінен мөлтілдеп ағып жат­қан жасты көргенде, өн бойыңыз ті­тір­кеніп, бұдан былай тірі жәндікке мыл­тық көтермеспін деп іштей серт етке­ніңіз құлағымызда жаңғырып тұр. Ол мерген­дігіңіз бильярд өнерінде кең өріс тапты. Шарларды сарт еткен сақпан оғындай атып, ұяшықтарға топырлататынсыз. Тир­лер­де атқан оғыңыз мүлт кетпейді екен. Сту­денттік шақта фехтование, рапира­ласу­дан бірінші дәрежелі ойыншы деңге­йіне көтерілдіңіз. Бассейнде жақсы жүзе біл­діңіз. Өз қатарларыңызбен жолақ бой­мен жүзе жарысқанда да, бәйге тізгінін бер­меуді мақсат тұттыңыз.

Мерген болсаңыз да, тәуір деген аң­шы­лардың «азғыруына» елікпедіңіз. Оққа байланған тіршілік иесі де өзіміз секілді өмір сүруге құқылы деп, тереңнен ой тол­ғайтыныңызға ерекше сүйсінетінбіз. Со­ның өзінен өзіңіздің өмірге деген әрі кең, әрі оң көзқарасыңыздан ізгілік пен мейір ас­тарласқан қатпарын айқын көретінбіз.

Сіздің осы мергендігіңіз, найзагерлі­гі­ңіз, әбжіл қимылға ерекше бейімділігіңіз еш­қандай каскадерсіз-ақ «Қыз Жібекте» де, «Транссібір экспресінде» де, «Атаманның ақырында» да ерекше жарқылдап, жаңа қырынан көрінді.

Сіз жетімдіктің тақсіретін бір кісідей-ақ таттыңыз. Ауылдан недәуір қашықтағы мектепке күздің қара суығында жалаңаяқ барудың «тәжірибесін» бастан кештіңіз. Бір үзім нанның қадірін білдіңіз. Көзі тірісінде «апа» деп емен-жарқын айта алмай жүрген туған анаңыз Тәжіхан Новосібір облысына ағаш кесуге зорлықпен аттандырылғанда, Сіз Байқадамдағы интернатта жаттыңыз. Әкеңіз Әшімнің туған ағасы Қойшыбайдың әйелі Алтынкүл туған анаңыздай болды. Күйеуінен он шақты перзент көрсе де, біреуін ұстап қала алмай, қара жер қойнына ерте тапсырған Алтынкүл пірәдар атаның кіндігінен өрген ұрпақтарға, олардың пер­зенттеріне ерекше адал, мейірбан ана бол­ды. Өле-өлгенше қайнағасы Мәдікеннің Ас­қарәлісінің қолында болды. Келіні Рая екеуі сталиндік репрессияның қанды шең­гелінің қасіретін тартқан шаңырақты құт мекенге айналдырды.

Сіз де сол Алтынкүлді бар жан-тәні­ңізбен жақсы көрдіңіз. Байқадамдағы ин­тернатта күніне беретін үш түйір қанттың екеуін сол Алтынкүлге сақтап, апарып бе­руші едіңіз. Ізгілік шуағымен, адал да ыс­тық ықыласпен апарып берген осы аз­ғантай сыйды алған ананың төбесі көк­ке екі елі жетпей қалушы еді. Сіздің кір­шік­сіз, еш алауатсыз бала жүрегіңіздің шуа­ғы өз кіндігінен тараған бес перзентін ша­шау шығармай, бір аулада тату-тәтті өмір сүргізген, жүзінен нұр төгілген, күміс­тей сақалы алдын жапқан, мейір-шапа­ғаты ұя­­лаған, бүкіл болмысы адалдық пен ізгі­лік­тің құрыш құймасындай, мұсылман­дық­тың ізгілікті арнасынан мейірін қан­дыр­ған аяулы ата Ысқақ пірәдардың дегдар болмы­сынан бастау алғаны еш шүбәсіз еді.

Сіз өз еңбектеріңізде де, берген сұх­баттарыңызда да оның есімін үнемі тебірене отырып еске алып отырудан еш жаңылған емессіз. Пір тұттыңыз. Өмірдегі, өнердегі жетістіктеріңізді, табыстарыңызды сол кі­сінің аруағымен, «қызыл жолбарысымен» байланыстырдыңыз. Сөйтіп 2006 жылдың 8 мамырында туған топырағыңыз Жайыл­мада Ысқақ пірәдар ата атындағы келбеті келіскен мешіт аштыңыз. Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шар­манов, Шота Уәлиханов, Әшірбек Сығай, Жүр­сін Ерман секілді ұлт зиялылары сол салтанатқа қатысып, ізгі ниетіңіздің шы­найы куәгерлері болды.

Кейініріктеу Ысқақ пірә­дар­дың немересі Ас­қар­­әлі Мә­ді­кен­ұлы екеуміз ол кісіге арналған кітап шығардық. Ол 1941 жылы дүние салған атасының бет-бейнесін біршама есте сақтаған екен. Мен сол кісінің айтуы бойынша пірәдар атаның болжамды портретін бояумен сал­дым. Барлықтарыңыз ұнаттыңыздар. Кі­тапқа пайдаландық. Үлкен іс-шара кезінде бүкіл тор қабырғаны алған билборд жаса­лынып, кештің ажарын кіргізді.

Сол іс-шара алдында менің «Егемен Қазақстан» газетінде «Асанәлінің атасы» деген көлемді мақалам жарияланған еді. Елге бет түзеп, жолда Құлан ауылынан өте бергенде өзіңіз маған қуана телефон шал­дыңыз. Қоғам қайраткерлері Әбіқай Нұр­таев пен Зақаш Камалиденовтер мате­риал­ды оқып, өзіңізге телефон соғып, құттықтап жатқанын мейірлене жеткіздіңіз. Ол сәт­те өзіңіздің қолыңызға да, бізге де бас ба­сылымның тие қоймаған кезі еді.

Сіз жұмыс кестеңіз тығыз болса да, бірде-бір рет өзіңіздің туған ауылыңызға жыл сайын соғуды еш есіңізден шығар­май­тынсыз. Ашаршылық кезінде сонау Ар­қа төрінен үдере көшіп келіп орнаған кез­де ағайындылар бір жеңнен қол, бір жа­ғадан бас шығарып, ортақ сенегі бар қам кірпіштен соққан қоржын тамда тату-тәтті тұрдыңыздар. Ысқақ пірәдардың бәйбішесі Айбике апа да жан-жағына мейірім-шуағын төккен жан болыпты. Оның үлкен перзенті Мәдікеннің әйелі Ұлтай, Қойшыбайдың зайыбы Алтынкүл, Әлжан атаның жұбайы Ұлбөбек, Әшімнің жары, Асанәлінің анасы Тәжіхандар қыс бойы бір шаңырақ астында ауызбіршілікте ғұмыр кешті. Көктем лебі біліне кең аула ішіне тіккен қоңырқай киіз үйлеріне ауысады екен. Бірақ пірәдар ата қалыптастырған тәртіп бойынша қысы-жазы бір дастарқаннан ас ішеді. Осы төрт абысын-ажындылардың татулығына айнала жұрт қызыға да, қызғана да қарайды екен. Қасым аға ол кезде үйленбеген болатын.

Менің кластасым, жолдасым, отыз ал­ты жасында қаскөйлердің қолынан мерт болған Белетәлінің әкесінің қарашаңырағы осы күнге дейін сол құтты аула ішінде. Өзіңіз келгенде, ең алдымен, ибалы ке­лініңіз Айбала отырған шаңыраққа соғып, аруақтарға Құран оқытып жүргеніңізді жақ­сы білеміз. Ұлбөбек апаны келе құ­шақтап, бауырыңызға басып, бетінен емі­рене сүй­геніңіздің куәгері – мына біздер­міз. Кел­ген сайын аяулы, асыл, өзіңізге деген кіршіксіз жүрегімен берілген Бағдаты­ңыз­бен мешітте түнейтінсіз. Балалық шақта тай-құлындай тебісіп бірге өскен, бүгінде марқұм болып кеткен Кәрішал Уызбаев пен Октябрь Түсеновтермен кездесіп, мәре-сәре болатынсыз. Мен Жаңатас қаласынан кешігіп жетсем: «Сен осы уақытқа дейін қайда жүрсің?» деп еркелете айтатынсыз. Сіз­дің елге келуіңіз ауыл үшін үлкен ме­реке болатын. Соңғы жылдары өзіңіздің аты­ңыздағы шахмат турнирлері ауқымды дең­гейде өткізіліп жүрді. Жеткіншектер ал­дында құттықтау сөзіңізде үнемі сала­уатты өмір салтын ұстанудың, зайырлы бі­лім алудың пайдасы туралы шегелеп айта­тынсыз. Өзіңізбен суретке түсіп, авторлық қолтаңба алған жастардың қуаныштары қойнына сыймайтын.

Сонау 1958 жылы «Ботагөз» фильмі шы­­ғып, Калинин атындағы совхоздың клу­­бына қойылды. Бала болсақ та, ұзын­құ­­лақтан құлағдар болып, билет алып, ки­ноны асыға күттік. Елдің аузында бір-ақ сөз: «Біздің ауылдан шыққан Асанәлі осы ки­нода ойнайды екен!»

Сонымен асыға күткен кино да бас­талды. Мұрты едірейген урядник Кош­кин­­нің көшірі, яғни ат айдаушысы болған Кен­жетайдың рөліндегі Сізді көргенде клуб іші гулеп кетті. Қуанышымыз ұзаққа со­­зылмады. Маңызды пакетті жоғалтып алған Кошкин Кенжетайға қарадай пәле салып, соққыға жығады. Ұлбөбек апаның шар етіп: «Ойбай, өлтірді-ау мына ба­лам­ды!» деп дауыстап жылағаны есімде. Қызба қанды бір-екі жігіттің «Өй, әкеңнің…» деп, шамырқанған дауыстары да естіліп қалды.

Міне, сол алғашқы тырнақалды рөліңіз­бен-ақ Сіздің бейнеңіз біздің санамызда бедерлене бастаған еді.

Сіздің консерваторияның актерлік фа­культетіне түсерде төрде отырған комиссия мүшелері екіұдай пікірде болған ғой. Шә­кірт шақтағы ұстазыңыз, құрбыңыз Райым­бек Сейітметовтің «әртістік тәжірибесінен» өтіп кел­генсіз. Тапсырмаларды барынша орын­дауға тырыстыңыз. Сенімсіздеу шық­са керек. Сонда, өзіңіз айтқандай, «екі со­қыр­дың» бірі әнші әрі профессор Бекен Жы­лысбаев Сізді жаратпай, сол өзіңіз оқы­­ған ауыл шаруашылығы институтында оқуын жалғастыра берсін деп кесім ай­тады. Екіншісі атақты композитор Ахмет Жұбанов оқуға қабылданғандар сапында үміткер, яғни кандидат болсын деп ұсыныс айтады. Ал режиссер Асқар Тоқпанов шыр-пыр болып, Сіздің көзіңізде ерекше ұшқын, от бар екенін дәлелдеп бағады. Сөйтіп Сіз бірінші курс аяқталғанда кандидаттықтан сәтті өтіп, барлығын үздік тапсырдыңыз. Екі Ақаңның үмітін толығынан ақтадыңыз. Сөйтіп Асқар Тоқпановтың тегеурінді тоқ­пағының «томпылының» арқасында өз курстарыңыздың алдыңғы легінен көрін­діңіз. Асқар Тоқпанов Сіздің көзіңіздің магиялық күшін ерте-ақ аңғарғанына тән­ті­міз. Ол туралы кейін Сіз­бен етене араласып, актерлік өне­рі­ңіз­ге риза болған атақты орыс актері Олег Та­баков былай деген еді:

«Асанәлімен иықтасып кино алаңына шыққанда, оның өңменіңнен өтіп кететін жанары алғашқыда абдыратып-ақ тастай­ды. Бірақ мұндай жанардың тұзағына бір іліксең болды, өзіңнің ойнап жүрген рөлің­ді тереңірек сезінесің».

Атақты режиссер Болат Мансұровтың жеті фильмнен тұратын «Көне болғарлар туралы сагасының» Шыңғысханға арналған екі сериясында ұлы ханның бейнесін кереметтей етіп сомдай білдіңіз. Ол туралы аса көрнекті кино қайраткері Никита Ми­халков: «Мен тура Асанәлі сомдағандай Шың­ғысханды әлі көре қойған жоқпын» деп­ті. Ресейлік даңқты режиссердің сан жүз­деген актердің ішінен таңдауыңыз Сізге түсуі тектен-тек болмаса керек.

2012 жылдың қоңыр күзінде Астана­да Жамбыл облысының күндері өтті. Об­лыстың делегация құрамында бармын. Ол күндерге республиканың әр өңірінен об­лыстың белгілі азаматтары да шақырылған еді. Алматыдан келгендердің сапында өзі­ңіз де болдыңыз. «Думан» қонақүйіне ор­наластық. Күнделікті люкс бөлмеңізге ер­терек барып, әңгімелесіп жүргенде мына бір жайды айтқан едіңіз. Әкем театрда жүргенде аяқтан шалып, бақастық танытқан бір әріптесін бұрышқа тығып қойып, оқты көзін өңменіне қадап, бес минут бойы тілсіз қалдырғанын әңгімелеген едіңіз.

Сіз бір сұхбаттарыңызда бата сұраған жас әріптестеріңізге: «Досың көп болсын, дұшпаның онан да көп болсын!» дегенсіз. Осы құлаққа тосындау естілетін батаның астарында сұрапыл шындық жатқанын кеш аңғарамыз. Бұл өз өмір жолыңызда кездескен кедергілерді жігеріңізді қайрап, намыс туын бір сәтке де еңкейтпей, құл­шы­на, қайраттана еңбек етуге деген батыл талпынысыңыздан туған толғамды ой екен де!

Осыдан 67 жыл бұрын «Асау Ертіс жаға­сында» деген фильмге түсіп, консервато­рия­дағы сабаққа кеш оралдыңыз. Қолы­ңызда мөр басылған анықтама бар. Оқу ор­нының сол кездегі басшысы ұйғыр ком­позиторы Құдыс Қожамияров Сізді, көп­теген белді азаматтардың, тіпті Мәде­ниет министрінің араша түскеніне қара­мас­тан, оқудан шығарып жіберді. Ол сол кезде рес­публиканың бірінші басшысы Юсу­повті бел тұтатын. Ақыр соңында әскерге әкетілетін болдыңыз. Бұйра шашыңыз сы­пырылып, сәулеге шағылған жалтыр бас күйіңізде коридорда тұрдыңыз. Кенет… Иә, кенет… Сол оқу орнының оқу ісінің мең­герушісі, жігерлі, тегеурінді еврей ұлтының өкілі Елена Ильинична Масалович деген әйел Сізге бұрылып келіп, жөн сұрайды. Жа­йыңызды білген ол дереу батыл қи­мыл­дап, былайша айтқанда, «ажалдан» ара­шалап қалады. Тәуекелге басып, 3-курс сту­денті деген жалған анықтама жазып береді. Қолындағы анықтама қағазды алған военком Сізді боқтап: «Осы уақытқа шейін неғып елдің басын қатырып жүрсің? Бар оқуыңа!» деп қуып шығады. Мен кезінде бұл туралы жаздым да. Сізге сол мейірбан, қамқор әйелдің деректерін, суретін табуы­ңызды өтіндім. Қағазбасты тірліктің таса­сында қалған сұранысқа оқу орнының басшылығы немқұрайдылық танытқандай болды-ау деймін.

Сіздің өмір жолыңызда, тағдыр соқпа­ғында ең бір нұрлы кезең – Шәкенқызы Майрамен шаңырақ көтеруіңіз. Ол орысша оқыса да, таным-пайымы қазақи салт-дәс­түрдің шеңберінен алыстаған жан емес-ті. Періштедей пәк, айнала дүниеге мөл­дір аппақ сезіммен қарайтын аяулы жан екендігін өз естелігіңізде, күнделік бет­те­рінде сан мәрте қайталай, тебірене жаз­ды­ңыз. Жүрек түкпіріне ұялаған сезім­де­­ріңізді «Майраның әні» еңбегіңізде те­­бірене сипаттадыңыз. Алғаш үйленген жы­­лы елге, Әлжан қария отырған қараша­­ңыраққа әкеліп таныстырдыңыз. Осы орай­да әкеңіздің туған інісі Қасым ағаның сіз­дерге деген ұлы қамқорлығын еш естен шығармаймыз. Тойларыңыздың бар салма­ғын бір өзі көтерген еді. Жеңгеміз Сізге алтын асықтай бірінен бірі өткен екі ұл сыйлады. Өрісіңізді кеңейтті. Өкінішке орай, тосыннан жабысқан, миллионда бір кез­десетін ауыр кесел перизат жанды ажал тырнағына еріксіз іліктірді. Отыз жылға созылған жұптық өміріңіз ғұмырыңыздың ең арайлы шақтары болды. Бір-біріңізге де­ген ұлы сүйіспеншіліктеріңіз туралы атақ­ты Илья Жақановтың лирикалық эссесінде жан тебірентерлік сезіммен, тілмен сурет­телген ғой.

Шіркін, Майра! Жерлесіңіз, ғалым іні­ңіз Ахметов Аманбай бірде Сіздің үйге то­сыннан келген ғой. Аса қызу, аяғы бат­пақ. Ішке қарай өңмеңдей озып, артына ай­мандай батпақ ізін тастағанын кеш аң­ғарады. Кінәсін тез түсініп, кері шегініп, Майрадан кешірім сұрайды ғой. Сонда ол еш ренжіместен, емен-жарқын күліп: «Сен­дердей сүйікті қайныларымыздың шалыс басқан іздерін сүртіп алу бізге мәртебе емес пе?» деп, үстіндегі киімін шешіп, іл­гішке іліп, еденді шүберекпен тазалауға кі­ріскен ғой. Тәжіхан апа: «Өмірге періште болып келіп, періште болып кеткен жаным-ау!» деп аңырай қоштасқанда, қаумалаған қауымның қабырғасы қайыспай қалғаны жоқ. Оның аяулы, ғазиз апамен арадағы татулығына, сыйластығына сырт жұрттың барлығы таңданатын. Ол да «Май­ра­шым босағама бақ боп қонды» деуден бір жалыққан емес. Өмірден өткенше жал­ғыз ұлым жақсы болып өс­сін деп, соны рен­­жіт­пей өсірдім дейтін. Сөз арасында со­ңы­нан ерген Нұрила мен Бал­қия қарындастарының жетіге толмай, қызылшадан қаза болғанын өкіне еске алушы еді.

Сіз асыл ана тілегінің үдесінен шыға білдіңіз. Әлемдік деңгейдегі өнер қайрат­кер­­лерінің сапынан көрініп, халқымыздың мақтанышына айналдыңыз. Мұның бар­лы­ғы табиғаттан бойға қонған таланттың тіз­гі­нін берік ұстап, оны ұйқысыз түндермен, із­де­ніске толы еңбекпен, санаға серпін беріп, ой салатын шығармаларды талдай оқып, шы­ғармашылық шыңына жетелер жол та­буға тынымсыз ұмтылыстармен келген еді. Сіз көп оқитынсыз. Шекспирді, Шил­лер­­ді, Әуезовті, Айтматовты, Қалиханды, Орал­ханды сүйсіне оқып, шабытыңызға ша­­быт қосып, қиялыңызды қиянға шарық­татқансыз.

Қазақ сахнасының туабітті «Саморо­док­тары» Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмір­зақов, Құрманбек Жандарбек, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Қапан Ба­дыров, Сәбира Майқанова, Бикен Римо­валарды үлгі тұттыңыз, өнерін үйрендіңіз. Үлкен өнердің қалай болатын үлгісін бойыңызға сіңірдіңіз. Өздеріне жүктелген рөлдерді ойнағанда олардың ұмытылмастай етіп сомдайтынын үнемі тіліңізге тиек етіп отырдыңыз.

Сіздің ізіңізді басып келе жатқан біздер де сол кісілердің сахнада ойнағандарының біразын өз көзімізбен көрдік. Шәкен аға­ның «Отеллода» Отеллоны, «Асауға тұ­сауда» Петруччионы ойнағанына риза бол­ғанымыз сонша, курстастарымыз Әбдібай Қорғанбаев, Канал Бабақов үшеуміз екін­ші рет қайталай барып көргеніміз есі­міз­де. Бейкүнә, пәк Дездемона рөліндегі Тор­ғын Тасыбекова, бас асаулығы бой бер­мейтін Катарина рөліндегі Хадиша Бө­кеевалар осы күнге дейін есімнен еш кет­кен емес. Не 1963, не 1964 жылы «Қыз Жі­бек» операсының мыңыншы қойы­луы­на орай бірінші күні аға буын тобы ойна­ғанда да еш қалмай қатысқаным есімде. Тө­леген рөлінде ойнаған Қанабек Байсе­йітов, Бекежан рөліндегі Құрманбек Жан­­дарбеков, би сценасында билеген Шара апа­мыз, Жібек рөліндегі Шаба Бей­се­кова­лардың ойындарын тамсана тама­шаладық. Қыз Жібекті ойнаған Күләш 1957 жылы дүние салып кеткен еді. Әсіресе Құрманбек Жандарбековтің қарттықтың қақпасын кері серпіп тастап, құлшына ойнағанына ке­реметтей риза болған халықтың қошеметі ұзақ шапалаққа ұласты. Сонда осы алғашқы қойылымда адамның көптігі сонша, Сіз де, мен де адам өтетін кілемді тепкішектің үстінде отырып көрдік.

Үшінші күнгі қойылымда сүйікті Май­раңыз Қыз Жібекті келістіре ойнап, өзінің шын талант екенін паш ете білген-ді.

Сіздердің буындарыңыздағы Сәбит Ораз­баев, Райымбек Сейтіметов, Торғын Тасы­бекова, Нүкетай Мышбаева, Фарида Шәрі­повалардың да өнерлерін тамсана тамашалағанбыз. Мұхтар Әуезовтің «Қара­гөзіндегі» басты рөлді ойнаған Фари­да­ның шексіз шеберлігіне ерекше тәнті бол­ғанбыз.

Сіздің есейіп, толысқан шағыңызда режиссер Рубен Андресиянның табанды ұсы­нуымен неміс драматургы Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектаклінде сом­даған Матнас Клаузеніңіздің рөлі та­лайларды таңғалдырып, талайларды там­сандырды. Қаншама рет қойылса да, зал лық толып, өз ойыныңызбен көрер­мен­дер­дің жүрегін де, сезімін де жаулап алға­ны­ңыздың куәсі болдық.

Өзіңіз де атап өткендей, осы қойылым­ның өз тағдырыңызбен түйісетін тұстары бар екені ақиқат еді. Аяулы жарыңыз Бағ­даттың да осы қойылым қанша қойылса да, сонша рет көруден жалықпауында да ерек сыр бар.

Бағдат өзіңіздің бағыңыз болып кез­дес­кенін ауызекі де, күнделік жазбала­ры­ңызды жасағанына да сан мәрте айтып жүрсіз. Сізге тілектес халқыңыздың да көкейінде осы ой нық ұялаған. 23 жыл өмі­рінде Асекеңнің бетіне жел боп тимей, бар жағдайыңызды жасағанына біздердің де алғысымыз шексіз. Өткенде өзіңізді Кеңсайға, мәңгілік мекеніңізге алып бара жатқандағы ет жүректі елжіретер ұмытыла бастаған қазақи жоқтауды айтқаны кө­зі­мізге еріксіз жас ұялатты.

Бағдатыңыздың көрегендігіне, даналы­ғына бәріміз ризамыз. Сіздің көкейіңізде армандап жүрген Шәкен Айманов пен өзі­ңіздің атыңыздағы мұражайдың бола­шағын болжап, бұрынғы екі қабат үйдің орнына ерекше пішімді, ішкі интерьердің жобасын өзі жасағанын маған сүйсіне баян­дағаныңыз есімде. Ескі үйді де өзі­ңіз ұзақ сапарда жүргенде бұздырып тас­та­ға­нын да айттыңыз. Өзіңіздің та­лан­тыңызға табынып, пір тұтқан бір аза­мат­­тың кот­теджін жаңа үй біткенше тегін пай­далануға бергенінің өзі Сізге деген, Сіздің жа­ры­ңыз­ға деген ұлы құрметі болса керек.

Сізге деген халқыңыздың шынайы сү­йіспеншілігінің шексіздігінің талай куә­сі болып жүрміз. 2022 жылы Батыс Қазақ­стан облысының Ақжайық ауданының Қа­дырқұл ауылының шығысында Орақ әулие мен Шағырай батырдың сәулетті кесенелері ашылғанда Сіз бен халқының «Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешованы қалың ха­лық алақанына салып, құрметтегенінің куә­сіміз.

Астанада бірге болып, екеуміз қатар келе жатқанда, 11-12 жасар баланың ал­дымызды орағытып, бірнеше рет жүгіріп өтіп, кері қайырылып жүргеніне мен еріксіз назар аударған едім. Артыма қайырылып, еріксіз назар аудардым. Жүзінен нұры тө­гілген жас әйел жасқаншақтай күлімсі­реп, қатарына барып тұрған баласын нұсқады. Мен сәл аялдап, онымен басымды изеп аман­дастым. Ол ақырын ғана: «Аға, мына баламның аты Асанәлі. Сол кісінің құрме­тіне қойғанбыз. Атаға сәлем бермек еді. Ба­тасын алса деп ем» деді сыбырлай. Мен Сізді тоқтатып, сүйкімді, ақсары баланы қа­сыңызға шақырдым. Сіз оның маңда­йынан емірене сүйдіңіз. Қол жайып, бата бердіңіз. Қуанышында шек жоқ анасы су­ретке түсіріп жатты. Сіз қайда жүрсеңіз де, осындай құрметке ие едіңіз. Жүздеген емес, сан мыңдаған азаматтарымыздың альбом­дарында, үйінің төрінде, ұялы те­ле­­фон­дарының жадында, өзіңіз аса ше­берлікпен салған графика­лық бет-бейнеңіз бедер­лен­ген қолтаңбаларыңыз сақталған кітаптарда, ашық суретті открыткаларда Сіздің рухы­ңыз үнемі жаңғырып тұра­ты­нына шүбәсіз сенеміз.

Сізге деген сондай ұлы құрметтің бірі сонау Грузиядан, Тбилиси қаласынан Алек­сандр Давыдович Дзебисашвили бастаған «Грузсельхозтехника» ұжымының «Ата­манның ақыры» фильмін көрген сәттегі тебіреністі, толғана жазған хаттан айқын көреміз. Ізгі жүректі жазушы, сан мыңдаған қазақ жастарының жүректерін «Махаббат, қызық мол жылдар» романымен жаулап алған Әзілхан аға мен асыл жары Халима апайдың өзіңізге деген ұлы құрметпен жазылған хатын тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылған «Ақиқат пен аңыз» кітабын комис­сияның қорытынды мәжілісінде тәуір деп жүрген бір азаматтың айналасындағыларға: «Сызып таста!» деген сыбырын естігенде, Сіздің аюдай ақырып, әділетсіздікке, кө­реалмастардың күншіл күңкіліне төзбеген мінезділігіңіздің арқасында Әзілхан аға­ның тағдыры оң шешілген-ді.

Сіздің жазған күнделіктеріңізді оқы­ғанда, өзіңіз өмір сүрген ортаның сан қыр­лы болмысын, өнер ордасының, өзіңіз араласқан мәдениет, әдебиет қайрат­кер­лерінің хас суретшілердің шебер қолдары қас қағым сәтте бейнелейтін этюдтік портреттеріндей бедерленген келбеттерін көреміз.

Осындағы әдемі әзіл, жеңіл юмормен әрленген тұстарды оқығанда, еріксіз езу тартамыз. Ара-тұра ащы мысқылдың уыт­ты лебі бетімізді ғана емес, санамызды да солқ еткізетін импульстік қуатын еріксіз сезінеміз.

Небір игі жақсылармен дәмдес-тұздас болдыңыз. Сүйікті ініңіз Қали Сәрсенбай айтқандай, «алты академикті орап кететін» дегдар мінезді, бойы да, ойы да биік Ақ­селеу Сейдімбекпен ұлы достығыңыз қан­дай жарасымды еді?! Бір-біріңізге деген құрметтеріңізге былайғы жұрт қызыға қарайтын. Оның шарждық суретін келістіре салып, недәуір көлемді етіп жазған достық әзіліңізге еріксіз езу тартамыз. Екеуіңіз бірігіп халық ертегісінің ізімен «Күннің қызы Күнікей» атты бес суретті ертегі-драма жаздыңыздар.

Әзірбайжан Мәмбетовке, Шота Уә­ли­ханға жазған әзіл арнауларыңыз да кө­кейге қона кететін. Жүсіпбек Аймауыт­овтың «Ақбілек» романы бойынша ин­сце­ни­ровка жасап, оны екі бөлімді драма етіп, сахнаға даярладыңыз. Жазушылық қа­рым-қабілетіңізге де тәнті болдық. Бі­лімдар сыншы, эстет Әшірбек Сығайды, даңқты режиссер Сұлтан Қожықовты ерек­ше сый­ладыңыз. Ол түсірген «Қыз Жібек» әлемнің алпыстан астам еліне прокат­талғанын мақтан тұттыңыз.

Асыл Аға, Аңыз Аға! Сіз көзі тіріңіздің өзінде өзіңізге өлмес ескерткіш орнатып кеттіңіз. Қаншама мүсінші, суретшілер Сіздің табиғат берген көркем келбетіңізді келістіре бедерледі. Атакент кешені ма­ңындағы дүйім жұртқа қасқая қарап отыр­ған, ел ықыласына бөленген кейіпкер кел­бетіндегі мүсініңізді кие тұтқан жастар Сізді құшақтап, суретке түсіп жатқанына талай жұрт куә. Қаншама ақын өзіңізге жыр жолдарын арнап жатты.

2002 жылы қарашада Сіз ауруханада жатқанда көңіліңізді сұрап, өзіңізге соққан едім. Тура сол жолы бір сағаттан соң үйге шыққалы жатыр екенсіз. Сыртта күтіп тұрған Бейсенбай деген жүргізушіңіз біз­ді күтіп тұрды. Үйге келдік. Немере інісі, марқұм кластасым Белетәлінің үлкен қы­зы Салтанат үйде ас-су даярлап күтіп отыр екен. Үйде үшеуміз ғанамыз. Біраз әң­гі­мелесіп отырдық. Шахматтан екі рет ұт­тыңыз. Мен сонау 1997 жылдан бастап, 1797 жылы батыс өлкеден Арқа алабына қо­ныс аударған Тама, Жағалбайлы, Ал­шын-Шеркештер тарихы мен шежіресін жи­наумен айналысып жүрген кезім. Со­дан сөз арасында Сіз: «Менде екі-үш қап дүниелер, материалдар жинақталып қалған. Соларды сен реттеп, жүйелесең, мен тиесілі ақыңды төлеймін» дедіңіз. Сәл-пәл қолайсызданып қалдым. Аз-кем ой­ла­нып барып: «Асеке, өзіңіз білетіндей, мен мына бір ауқымды үлкен жұмыспен айналысып жүрмін ғой. Сіздің үдеңізден, көңіліңізден шығатындай жасай алмасам, ұятты болып қаламын ба деп қорқақтап отырмын. Архивпен жұмыс істеген соң жиі ақылдасар тұстары мол болады. Ме­нің шалғай Жаңатаста тұруым да бұл іске салқынын тигізеді ғой» дедім. Мен ай­та­рын айтып алсам да, Сіздің алдыңызда өзім­ді аз-кем қолайсыз сезіндім. Сіз үн­де­мей қалдыңыз.

Содан 2007 жылы А4 форматындағы аса көлемді, сегіз жыл бойы еңбектенген 1024 беттік «Үркердей болып көшкен жұрт…» кітабының сүйінші данасын өзі­ңізге тапсырдым. Сіз риза болдыңыз. Ма­мы­ражай мамыр айының орта тұсында Қа­зақстан Жазушылар одағының акт за­лында үлкен тұсаукесер өткізілді. Өзіңіз бас­қардыңыз. Үлкен залдың пайдалану құ­қығын сол кезде Жазушылар одағы тө­рағасының орын­басары қызметін атқарып жүрген ауыл­дасымыз, көрнекті жазушы Берік Ша­ханов алып берген еді. Қолтаңба беруден қол босағанша мені ерінбей-жа­лықпай кү­тіп тұрғаныңыз әлі күнге көз алдымда. Тура сол 2007 жылы Сіздің кереметтей безендірілген, мазмұны аса бай бес томдық шығармалар жинағыңыз жа­рық көрді. Сол көп томдықты келістіре жү­йелеп, тап-тұй­нақтай етіп, баспаға әзір­леген менің сүйікті шәкіртім, қазақ журналистикасының тар­­ла­ны, жазушы, қазақ өне­рінің білікті шежі­ре­шісі, эстет Қали Сәр­сенбай іні­ңіздің іс­кер­лігіне, тал­ғам­паз­­дығына өзіңіз де сүйсін­діңіз, біз де сүй­сіндік. Сіздің шығар­ма­шыл­дығы­ңыздың бес саусақ­тай білгірі, көзіңіз тіріде «Тұл­ға­тану» сериясымен «Абыз-аңыз», одан соң «Кори­фей» кітабын жарыққа шы­ғарды. Екеуі­ңіздің ағалы-інілі сыйластық қарым-қа­тынастарыңызға сыртта жүрген біздер қатты қызығамыз. Кейініректеу мем­ле­кеттік тапсырыспен жеті томдығыңыз жа­рық көрді. Бұл орайда да Қали редак­тор­лық етіп, жинақтың сапалы шығуына көп еңбек сіңірді.

Ардақты да аяулы Асанәлі Аға! Міне, Сіздің асыл бейнеңіздің көзімізден бұл-бұл ұшқанына, қара орман халқыңыздың қабырғасын қайыстырып, кеткеніңізге жүз күн толып отыр. Өзіңіз көзден кетсеңіз де, көңілден еш кетпейтініңіз ақиқат. Экранда бейнеленіп қалған образдарыңызбен талай беттесерміз. Көңілдегі көрікті, бедерлі ойларыңыз кестеленген күнделіктеріңізбен елгезек оқырмандар әлі-ақ талай сырласып, көкейлеріне кемел ойлар ұялатар. Қазақ өнер тарихында соңынан осыншалық мол әдеби мұра, жәдігер қалдырған өзіңіздей тұлға болған емес. Сондықтан да Сіздің орныңыз ерекше.

Өмірде талай атақ, марапаттарға ие болып жатсаңыз да, даңққа мастанып, еш­қашан даңғойлыққа, кеудемсоқтыққа жол бермедіңіз. Қашан да ойлы, сабырлы қал­пыңыздан қылдай ауытқымадыңыз. Кей тұстарда кеткен пендешілік қателе­рі­ңізді ашық мойындап, ар алдында ақ­талып, ке­шірім сұрап, арылып жүрген таби­ғаты­ңыз­ды түсіністікпен ұғындық.

Ақтық деміңіз таусылғанша киелі өнер­ді пір тұттыңыз. Алуан қырлы, сырлы ке­йіпкерлерді кинода да, сахнада да өш­пестей етіп сомдадыңыз. Рөлдерді жан-тәніңізбен беріле ойнадыңыз. Солар да Сіздің жүрегіңізге бірталай салмақ салғаны ақиқат қой. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген ұстанымды өмір бойы бағдаршам етіп ұстандыңыз.

Асыл Аға! Тағдырдың, өмірдің қатал заңына адамзат баласының қауқар қылар қайраты, айласы жоқ. Өзекті өртейтін өл­шемді ғұмырының тар құрсауын ке­ңейтіп, өлмес өмірге өріс ашар айласы жоқ. Орныңызда қалған Кіші Асанәліңіз, Сағинаңыз, Олжасыңыз, қасиетті шаңы­рақтың ұстыны болып қалған Бағдатыңызға өмірдің бар жақсылығын тілейік. Өлмес рухыңыз пейіште шалқысын!

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,

Халықаралық «Алаш»

сыйлығының иегері