Таңдайында өлеңнің ұясы бар…

73

0

Петербургте 1870 жылы ғалым В.Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен» деп аталатын қалың кітабы басылып шықты. Аталған кітаптың 33-38 беттерінде Жанкелдіқызы Ұлбике мен Көшекұлы Күде­рінің айтысына орын берілген. Күдері қожамен айтысында ақын қыз жаңа көшіп келген жерін өлеңмен келістіре кестелейді:

– Төменнен жеті көшіп өрге келдік,

Жеті әулие жайлаған жерге келдік…

Мұндағы «Жеті әулие» дегені ол Қаратаудың Баба ата тұсындағы ежелгі қонысты аймақ. Ал енді ауылдың жеті қонып, көшіп келген төменгі жері ше? Өлең жолдарында бірде «Көкөзек», екіншісінде «Талас бойы» үшіншісінде «Ке­лес жағасы» деп аталады. Бұдан бір ғасыр бұ­рын өткен көшпелі халықтың қонысын дәл пәлен жер деп айту қиын. Олар көбіне өз ру-тайпаларының атымен белгілі болған. Бұл жөнінде Күдері қожаның айтысында анық көрсетілген:

– Атан түйе жарысар нар дегенге,

Айран асыр қаламын жар дегенге.

Айтысқалы келіп ем тойларыңа,

Ошақтыда ақын қыз бар дегенге…

Бірде елдегі атқамінер бір бай кісі үлкен ас беріп, көкпар шаптырып, балуан күрестіріп, ақындарды айтыстырады. Сол айтыста Ұлбике қарақалпақтан келген Жанкел ақынмен айты­сады. Ұлбике басым түсіп, Жанкелдің әлтек-тәлтегін шығарады. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, кермеде шабыс тілеген бәйге атындай тыпыр­шыған Күдері ақын Жанкелге: «Сауға, сауға, Ұлбикені маған бер, мен айты­сайын!» деп өтініш білдіреді. Сонда Жанкел: «Алсаң ал, отырған орнымен бердім саған» дейді.

Сонда Ұлбике:

– Жанкел-ау тілің айыр, жағың жалпақ,

Мына бір сенің сөзің шықты-ау шалқақ.

«Орнымен Ұлбикені бердім» дейсің,

Билей ме, ошақтыны қарақалпақ! – дейді де Күдеріге қарап: 

– Күдері қожа арғы атаң дуана ма,

Қатының туса перзент қуана ма?

Күдері-Күдері дегенге күдірейіп

Қатындарды сен босқа дуалама! – депті.

Күдері қожаның ақындығымен қатар тол­ғағы қатты келген әйелдерді дұғаның күшімен оңай босандыратын да қасиеті бар екен. Сонымен қатар қыз-келіншектерді де дуаның күшімен қарсы сөйлетпейтін өнері бар көрінеді. Ұлбике соны меңзеген екен…».

Жазушы-журналист, Мәдениет қайраткері М.Төлепбергеннің «Ақиқат алдында» кіта­бында:

«Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазба мұра­сында былай деп жазылған: «Күдері қожа әкесіне Ұлбике ақынды тоқтататын бір ауыз сөз тауып бер» депті. Сонда әкесі «29 ғаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт, екі ғаріпті қалдырып кет, соның қалғанын Ұлбике ақын білсе, одан әрі айтыспай-ақ қой. Оның өкпесінде өлең жазылған» депті.

Күдері қожа:

– Ұлбике, мұсылман білу парыз –

шариғатты,

Оқыдың ба әліпби, әбжатты?

Әліпбиді шетінен мен айтайын,

Қай қаріп, қалып қойса соны тапшы! – деп «әліп, би, ти» деп шетінен судыратып барып тоқтаса керек.

Сонда Ұлбике:

– Күдері, өлең айттың, кітап аштың,

Жау қуды ма, асығып, неге састың?

«Шын» мен «жымды» қалдырып қара басып,

Құранды аяғыңа неге бастың?

Күдері қожаның осыдан кейінгі айтқандары сырт тыңдаушыларға оның Ұлбикенің діни сауаттылығын мойындағандығынан барып, оны қызға сөзге тартудан туындаған өлең шумақтары секілденіп көрінеді:

Күдері қожа:

– Ұлбике-ау, мұсылмандық жолы қатты,

Жаттапсың әліпби мен әбжатты

Қолыңда жайып жүрген кітабың жоқ,

Оқымай қайдан білдің шариғатты?

Ұлбике:

– Сен-ақ біл, әліпби мен әбжатты,

Мұрным «әліп» болғанда, қасым «мәт-ті».

Көкірегім – кітап сөзі, тілім – Құран,

Мен сенен үйренбеймін шариғатты!

Күдері қожа:

– Бес уақыт намазды бес оқимын,

Памдатты ерте, құтпанды кеш оқимын

Ұлбике, ақын болсаң айта қойшы:

Жылына намазды неше оқимын?

Ұлбике:

Бес уақыт намазды бес оқисыз.

Памдатты ерте, құтпанды кеш оқисыз.

Тақсыр-ау білмесеңіз намазыңды

Жылына мың сегіз жүз екі оқисыз! – деп жылына бір-бірден екі рет оқылатын айт және құрбан айт намаздарын да қоса айтып таңғал­дырған көрінеді.

Сондай-ақ М.Төлепберген осы кітабында Ұлбике ақын жайлы зерттеулері мен ой-тол­ғауын барынша ашық және еш бүкпесіз батыл баяндаған.

«…Осы жұрт Ұлбике ақынды біле ме екен? …Біз Ұлбике ақынның артында қалған мұрасын жинастырып, оның тағылымын жұрт­қа жеткізуде көрнекті ғалым Мырзатай Жол­дасбеков, тараздық журналист Әкпарбек Дос­памбетов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітұлы, профессор Жанқара Дәдебаев, жас ізденуші Баян Мұратазаева және Ізімкүл Иманбекованың шама-шарқынша көп еңбек сіңіргенін сөз басында-ақ айтуды жөн санадық. Ел аузындағы әңгімелер мен архивтегі қолжазбалар оның ақындығын ерекше таңдады. Оқыған сайын сүйсінесің. Кереметіне кенелесің. Басқа да өлең-айтыстарын айтпағанда Ұлбике ақын бізге жеткен азды-көпті шығармаларымен-ақ қазақ әдебиетінде лайықты орын алып, оқулықтар бағдарламасына да енуі керек еді».

ХІХ ғасырдың орта тұсында елдің игі жақ­сылары Талас өзенінің төменгі жағасында өмір сүрген Ұлбике ақынның айналасында бүр жарған гүлдей жайнаған Шүңкей, Хадиша, Айымторы, Назым, одан беріде Қалыбек, Иса­бек, Жаңылдық, Қарақожа, Төреқожа, Құ­дай­бер­ген тәрізді бірін-бірі жалғастырған ақын­дар ауылынан намысқа шабатын қуатты сөздің де, өнерге бақ тілеген ниеттің де болуына қатты мән берген. Өкінішке қарай, олардың артында қалған мұрасы ауыздан-ауызға айтыл­ғаны бол­маса, қағазға түспеген.

Иә, Ұлбике өз ажалынан өлген жоқ. Қатал тағдыр оны аямады. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның Ұлбике ақын тағдыры хақында:

– Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашыл­ғаны аса биік Құдіреттің ісі. Ұлбике – поэ­зияның ақ періштесі. Періште жүрген жерде қара күш иесі – диюлар аңдыйды. Небәрі 24 жасында асыл өмірі қиылған Ұлбикені кие тұтқан абзал» деп айтқан әділ бағасынан асыл жауһарды ардақтауды ұғасың. Сөз асылын терген Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

– Бұрынғылар домбыра ұстап айтатұғын: «Қайым білесің бе?» деп. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда қайым өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике бастап айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де, айтыс та жоқ. Бұрынғылардыкі – мақал, тақпақ…» деп айтқаны – әдебиет ғы­лы­­мында айрықша баға. Сөйте тұра аяулы ақын­­ды құрметтеуге келгенде кембіз. Неге? Мәселен «Бес ғасыр жырлайды» ІІІ томдық кітапта Ұлбике ақын туралы арнау сөз де жоқ, жеке шығармашылық туындысымен енбей де қалған. Бірде-бір әдебиет оқулығында да жоқ» деп М.Төлепберген батыл пікірін де, әрі көпшіліктің ойында жатқан күпті мәселені де ашық айтқан.

Ұлбикенің беймезгіл келген қазасы жайлы белгілі ақын Күләш Ахметованың мына өлең жолдарынан оның аянышты тағдырын көр­гендей боламыз:

– Неге үзілді тіршілік, неге тынды?

Неге көрмей барамын көретінді.

Ақын өлсе, тарихта

Бұған дейін

Ауру мен намыстан өлетін-ді.

Бақыттың да баянсыз жөн тұрағы,

Бәлкім, анам он құлап, он тұрады.

Қандай адам жырымды жалғастырып,

Қай қазына орнымды толтырады?

Жолы ауыр ақынның мұратының,

Мен кетермін, алармын, сірә, тыным,

Қаларсыңдар мойындап,

Тіршіліктің

Зұлымдық пен пәктіктен тұратынын…

Иә, Ұлбике ақын өз ажалынан өлген жоқ. Оны қатал тағдыр аямады. Небәрі 24 жасында ажал құшқан Ұлбике Жанкелдіқызының биыл туғанына 200 жыл толуын жерлестері лайықты атап өтуде. Ауқымды мәдени-көпшілік шара­лар, республикалық ақындар айтысы, жас ақын­дардың мүшәйрасы, жыр кештері кезең-кезе­ңімен өткізіліп, ақын рухына тағзым жасалуда. 25 қазан күні Тереңөзек кентінде сондай бір айтулы шара Республика күнімен тұспа-тұс келіп, ғылыми-практикалық конферен­ция өткі­зілмек. Жан-жақтан қонақтар келеді деп күті­луде. Ақын рухына арнап ас берілмек. Мұ­ның бәрі Ұлбике Жанкелдіқызына деген құрмет деп білеміз.

С.ЕРІМБЕТ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Б.Өтегенова,

Сырдария ауданының

құрметті азаматы, қоғам қайраткері